
Қоғамда әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Ал азаматтардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда сот жүйесінің алатын орны ерекше. Сотқа жүгінген әрбір азамат ең алдымен заң талаптарының сақталуын, өзіне деген құрметті және кәсіби көзқарасты күтеді. Осы тұрғыдан алғанда, соттың жұмысы тек судьялардың қызметімен шектелмейді. Сот жүйесінің тиімді әрі үздіксіз жұмыс істеуіне сот қызметкерлерінің де қосар үлесі зор.
Сот қызметкерлері – сот жұмысының айнасы. Себебі азаматтың сот туралы алғашқы әсері көбіне судьямен кездесуден бұрын, сот қызметкерімен қарым-қатынас жасау барысында қалыптасады. Азаматтарды қабылдау, олардың өтініштеріне түсініктеме беру, қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету, құжаттарды уақтылы рәсімдеу – мұның барлығы сотқа деген сенімнің қалыптасуына ықпал ететін маңызды жұмыстар.
Көп жағдайда сот төрелігі деген ұғым тек судьялардың қызметімен байланыстырылып жатады. Әрине, сот актілерін қабылдау, істің мән-жайын зерттеу және заңды шешім шығару – судьяның тікелей міндеті. Алайда әрбір сот отырысының уақытылы әрі тиісті деңгейде өтуі, іс материалдарының дұрыс рәсімделуі, тараптардың сот отырысының уақыты мен орны туралы хабардар етілуі, сот актілерінің белгіленген тәртіппен жолдануы сот қызметкерлерінің үйлесімді жұмысына тікелей байланысты.
Сот қызметкерінің жұмысы сырт көзге күнделікті қайталанатын міндеттерден тұратындай көрінуі мүмкін. Алайда әрбір құжаттың, әрбір өтініштің және әрбір процестік әрекеттің артында адам тағдыры, азаматтың құқығы мен заңды мүддесі тұрғанын естен шығармаған жөн. Сондықтан бұл салада ұсақ-түйек жұмыс болмайды. Уақытылы тіркелмеген өтініш, дұрыс рәсімделмеген құжат немесе назардан тыс қалған мәселе азаматтың құқығына әсер етуі мүмкін.
Осы себепті сот қызметкеріне ең алдымен терең білім, жоғары жауапкершілік және кәсіби әдеп қажет. Заңнаманы жетік білу – қызметтің негізі болса, оны тәжірибеде дұрыс қолдана білу – маманның кәсіби деңгейін айқындайды. Сонымен қатар сот қызметкерлері азаматтармен, адвокаттармен, прокурорлармен және өзге де процеске қатысушылармен тұрақты байланыста болатындықтан, олардың қарым-қатынас мәдениеті мен ұстамдылығы ерекше маңызға ие.
Сот қызметкері қандай жағдайда да қызметтік әдеп нормаларын сақтап, эмоцияға берілмей, әрбір азаматқа бірдей құрметпен қарауы тиіс. Себебі кәсібилік тек өз міндетін орындаумен өлшенбейді. Ол күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдай білуден, мәселені сауатты түсіндіруден, уақытты тиімді пайдаланудан және қызметтік жауапкершілікті сезінуден көрінеді.
Бүгінгі таңда сот жүйесі де заман талабына сай жаңарып, цифрлық технологияларды кеңінен енгізуде. Электрондық құжат айналымы, онлайн сот отырыстары, ақпараттық жүйелер мен жасанды интеллект мүмкіндіктері сот қызметкерлерінен жаңа білім мен дағдыларды меңгеруді талап етеді. Сондықтан кәсіби даму бір реттік оқумен шектелмеуі керек. Үнемі іздену, тәжірибе алмасу, жаңа технологияларды меңгеру – заманауи сот қызметкерінің басты қасиеттерінің бірі.
Осы бағытта Алматы қаласы Алатау аудандық сотының әкімшілігі қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға және цифрлық сауаттылығын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Ұжымда ақпараттық жүйелермен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге, заңнамадағы өзгерістерді талқылауға, тәжірибе алмасуға бағытталған оқыту іс-шаралары мен семинарлар тұрақты түрде ұйымдастырылады. «Сот органдарының бірыңғай порталы», «Төрелік» ақпараттық жүйелерімен жұмыс істеу, электрондық құжаттарды дұрыс рәсімдеу және заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – қызметкерлердің күнделікті жұмысының ажырамас бөлігі.
Сонымен бірге білікті ұжым қалыптастыру тек қызметкерлерге міндет жүктеумен шектелмейді. Олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау, бастамаларын қолдау, жаңа білім алуға ынталандыру және тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік беру де маңызды. Өйткені өз ісіне қызығушылықпен қарайтын, үнемі ізденетін және жауапкершілікті сезінетін қызметкер ғана ортақ нәтижеге үлес қоса алады.
Білім – кәсіби қызметтің негізі, еңбек – оның нәтижесі, ал ізденіс – үздіксіз дамудың кепілі. Сот қызметкері үшін осы үш қасиет бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Сот жүйесінің беделі мен азаматтардың сенімі тек қабылданған сот актілерімен ғана емес, сотқа келген әрбір адамның өзіне деген қарым-қатынастан алған әсерімен де қалыптасады. Сондықтан әрбір сот қызметкері өз жұмысын жай ғана қызметтік міндет ретінде емес, заң үстемдігін қамтамасыз етуге қосқан жеке үлесі ретінде қабылдауы тиіс. Өйткені әділ сот жүйесі – кәсіби білімді және өз ісіне адал қызметкерлердің ортақ еңбегінің нәтижесі.
Аяулым Сарсенбаева, Алматы қаласы Алатау аудандық соты әкімшісінің басшысы


