Қоршаған ортаға деген құрмет отбасындағы тәрбиеден басталады

Заңға құрметпен қараған қоғамда тұрақтылық пен даму бар. Сондықтан заңның сапалы, сауатты дайындалуына ғана емес, оның жедел, мінсіз орындалуына да көңіл бөлген жөн. Азаматтар заң өзінің құқығы мен бостандығын қорғап қоймай, өзгенің де құқығы мен мүддесіне құрметпен қарауға міндеттейтінін түсінуі шарт. Өкінішке қарай қазіргі кезде қоршаған ортаны бүлдіріп, көпшілік ортақ пайдаланатын орындарды ластайтын, айналаға қоқыс тастап, тазалық сақтамайтын азаматтар аз болмай тұр. Оны күнделікті сот тәжірибесінен де байқауға болады.
Қоршаған ортаны ластау, көпшілік орындардағы ортақ тәртіпке бағындау мәдениеттің төмен екенінің белгісі. Әрі бұл көпшілік жүретін орындарды күнделікті қоқыстан тазалап, айналамызды айнадай жарқыратып ұстап отырған қарапайым тазалықшылар еңбегін бағаламау. Мұндай теріс қадамдарды тек ақыл айтып, кеңес берумен тоқтату мүмкін емес. Тек заңның пәрмені ғана тәртіпке бағынбайтындарды тезге сала алады. Осы ретте ортақ пайдаланылатын орындарды ластағандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабына сай жауаптылық қарастырылған. Бұл заңнаманы қолдану елді мекендердің тазалығын сақтау, қоғамдық орындарды ұқыпты ұстау және азаматтардың өзі тұратын аймаққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруды көздейді.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше 2025 жылы республика бойынша ӘҚБтК-нің 434-2-бабымен 102 984 материал тіркеліп, 99 522 азамат әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Олардан өндірілген айыппұл сомасы 1,46 млрд теңгені құраған. Ал 2026 жылдың I тоқсанында 8 643 материал тіркеліп, жауапқа тартылған азаматтардан 106,5 млн теңге айыппұл өндірілген. Бірақ осынша айыппұл салынса да, қателіктен сабақ алмайтындар аз емес. 2025 жылы ӘҚБтК-нің 434-2-бабы 2-бөлігімен, яғни бір жыл ішінде қайталап құқық бұзғаны үшін 13 306 адам жауаптылыққа тартылса, 2026 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 4 952 адамды құраған.
Әсіресе азаматтар тарапынан қоқысты белгіленген орынға тастамау, аулаға қалдырып кету, темекіні арнайы белгіленген орында шекпеу, тұқылын әр жерге лақтыру, балалар алаңдары мен спорт алаңқайларын бүлдіру, көрінген жерге түкіру секілді әкімшілік құқық бұзушылықтар үнемі қайталанады. Мұндай істерді таразы басына салғанда құқық бұзушылықтың нақты жасалған-жасалмағанын, азаматтың кінәсін растайтын дәлелдеменің болуын, бейнебақылау камераларының жазбасын, куәлардың айғағын, әкімшілік хаттаманың заң талабына сәйкес рәсімделуін, сонымен қатар құқық бұзушының түсініктемесі мен жауаптылықты жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар назарға алынады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабына сай ортақ пайдаланатын орынды ластаған азаматтарға бірінші рет 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып немесе 40 сағат қоғамдық жұмыс белгіленеді. Ал алғашқы жауаптылықтан сабақ алмай, құқық бұзушылықты бір жыл ішінде тағы қайталап жасаған жағдайда, айыппұл көлемі 20 АЕК-ті құрайды немесе 80 сағат қоғамдық жұмыс беріледі.
Көпшілік пайдаланатын ортақ орындарды ластаудың салдары ауыр. Мұндай теріс қылықты әдетке айналдырғандар жастардың тәрбиесіне кері ықпал етеді. Екіншіден, тазалыққа жауапты мекемелерге артық жүктеме қосады. Үшіншіден, қоқыстың көбеюі егеуқұйрық, тышқан секілді санитарияға қайшы жәндіктердің көбеюіне түрткі болады. Төртіншіден, зиянды жәндіктер көбейген сайын жұқпалы аурудың таралу қаупі артады. Міне сондықтан да ортақ пайдаланатын орындарды ластаушыларға көз жұма қарауға болмайды. Жалпы, қоршаған ортаға деген құрмет отбасы, мектептен басталуы керек. Сондай-ақ қоғамдық орындарға бейнебақылау камераларын орнату, құқық бұзушылық туралы хабарлау мүмкіндігін жеңілдету, тұрғындар мен қоғамдық ұйымдардың белсенділігін арттыру да назарда тұруы тиіс.

Тимур Раисов, Алматы қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының төрағасы

«Эколог-құқықтанушы» болудың әліппесі

Бір саланы жетік меңгерген, бір кәсіптің қыр-сырын терең білген...

Бокаев рассказал в суде, как управлял компанией племянника и распоряжался ее деньгами

В Алмалинском районном суде Алматы допросили Санжара Бокаева по...

Сахарный диабет 2-го типа: как предотвратить заболевание?

Здоровье начинается с простых привычек Сахарный диабет 2-го типа —...

Сот қызметкеріне керегі: білім, еңбек, ізденіс

Қоғамда әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету – мемлекеттің...

Қарттықтың ең үлкен қорқынышы – жалғыздық

25 қарашада Алматы қаласындағы Kinoforum кинотеатрында Q.Q.G PRODUCTS компаниясы...