
25 қарашада Алматы қаласындағы Kinoforum кинотеатрында Q.Q.G PRODUCTS компаниясы түсірген «Ұмытпа» толықметражды көркем фильмінің арнайы көрсетілімі өтті. Әке мен бала арасындағы қарым-қатынас, ұрпақтар сабақтастығы, қарттық пен жалғыздық тақырыбын арқау еткен отбасылық драма көрерменге терең ой салды.
Фильм сюжеті қарттар үйінде тұратын Сабыр атаның тағдырына құрылған. Дәрігер оған Альцгеймер ауруының басталғанын хабарлайды. Уақыт өте келе жақындарын ұмытып қалуы мүмкін екенін түсінген досы Ысқақ пен күтуші қыз Аружан қарияны жалғыз ұлымен қайта табыстыруға бел буады. Алайда әке мен баланың арасы бұрыннан салқын. Кездесу ескі өкпе-реніштерді қайта қозғап, екеуін өткен өміріне көз жүгіртуге мәжбүр етеді. Жады сөне бастаған Сабыр туған ауылына барып, өмірінің маңызды сәттерін еске түсіруге тырысады. Дәл осы сапар әке мен баланың қайта жақындасуына жол ашады.
Фильм режиссері – Елдер Дүйсенұлы. Бас продюсері – Оспан Диас, продюсері – Динара Берікқызы. Басты рөлдерде Иісбек Әбілмәжінов, Бақытжан Әлпейісов, Дардан Сүлейменов және Дильназ Қайыркеш өнер көрсеткен. Туындыны түсіруге 150 миллион теңге жұмсалған.
Фильмнің бас продюсері Оспан Диастың айтуынша, туындыны түсіруге қоғамдағы үлкенді сыйламау, ата-анасына қамқорлық көрсетпеу, тіпті оларға қол көтеру сияқты келеңсіз жағдайлар түрткі болған. Балалары мен немерелері бола тұра, қарттар үйінде тұруға мәжбүр қариялардың тағдыры да шығармашылық топты осы тақырыпқа назар аударуға итермелеген.
«Осындай қоғамдағы жағымсыз көріністерге назар аударып, көрерменге ой салсақ деген ниетпен осы фильмді түсіруге бел будық. Альцгеймер ауруын таңдауымыздың да өзіндік себебі бар. Қартайған шақта адамның есте сақтау қабілеті әлсіреп, жақындарын танымай қалуы – күрделі жағдайлардың бірі. Бұл дерт адамның өзін ғана емес, айналасындағы жақындарын да үлкен сынаққа салады. Бүгін ата-анамызға көрсеткен құрметіміз бен жасаған қамқорлығымыз ертең өзімізге де қайтуы мүмкін. Фильм арқылы көрерменді ата-ананың қадірін тірісінде білуге шақырғымыз келді», – дейді бас продюсер.
Продюсер фильмді түсіру барысында қаржы мәселесі негізгі қиындықтардың бірі болғанын да атап өтті. Кино өндірісіне қажетті қаражатты жинау оңайға соқпаған. Кейбір жұмыстарды жоспарланғандай жүзеге асыруға қаржының жеткіліксіздігі кедергі келтірген. Соған қарамастан, шығармашылық топ туындыны соңына дейін жеткізуге күш салған.
Басты рөлді сомдаған актер Бақытжан Әлпейісов үшін актерлік мамандық – жүрек қалауымен таңдаған жолы. Оның айтуынша, актердің міндеті – режиссер мен сценаристің шығармашылық мақсатын көрерменге жеткізіп, кейіпкердің болмысын шынайы ашу. Ол бұған дейін де тағдыры ауыр, фильм барысында дүниеден өтетін кейіпкерлерді сомдағанын айтады.
«Бұл – режиссердің тұңғыш туындысы. Соған қарамастан, түсірілім алаңында бір-бірімізді жақсы түсіне алдық. Режиссер актерлердің ұсыныстары мен пікірлерін ескеріп отырды. Бір-бірімізді кейде үнсіз-ақ, бір-екі ауыз сөзбен түсінетін деңгейге жеттік. Шығармашылық топтың ауызбіршілігі жоғары болды. Актер ретінде бұл туындыда маған айтарлықтай қиындық туған жоқ. Керісінше, бір-бірімізді қолдап, ортақ мақсатқа жұмыла білдік», – дейді Бақытжан Әлпейісов.
Театр және кино актрисасы Бақыт Әліпбаева фильмді көрермен ретінде тамашалап, туындының өзіне ерекше әсер еткенін жеткізді. Оның айтуынша, картина өмірден өткен әкесін еске түсіріп, айтылмай қалған сөздері мен жасай алмаған дүниелеріне деген өкінішін оятқан.
«Дулат Исабековтің бір кейіпкерінің: «Мен өлімнен қорықпаймын, мен қарттықтан қорқамын» деген сөзі бар еді. Шынында да, қартайған шақта біреуге қажетсіз болып қалу, жалғыздықты сезіну – ең үлкен қорқыныштардың бірі. Адам қартайғанда бала секілді күтім мен мейірімге мұқтаж болады. Фильмнің осы мәселені қозғаған тұсы жүрегіме қатты батты. Қазір драма жанры коммерциялық тұрғыдан көрермен жинауда қиындыққа тап болуы мүмкін. Продюсердің осындай тақырыпты таңдап, батыл шешім қабылдағаны қуантады. Бүгінгі қоғамға дәл осындай фильмдер қажет. Өнердің міндеті тек көңіл көтеру емес, көрерменге ой салу деп білемін», – дейді актриса.
Актриса Дильназ Қайыркеш үшін «Ұмытпа» фильмі – толықметражды киноға түскен алғашқы туындысы. Бұған дейін сериалдарда эпизодтық рөлдерді сомдаған ол бұл жолы басты рөлдердің бірін орындаған. Жас актриса Иісбек Әбілмәжінов пен Бақытжан Әлпейісов секілді тәжірибелі өнер иелерімен бір алаңда жұмыс істеу өзі үшін үлкен мектеп болғанын айтады.
«Иісбек аға – менің ұстазым. Сахна тілі пәнінен сабақ берген. Бақытжан аға да академиямызда дәріс оқиды. Осындай өнер майталмандарымен бір туындыда жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе әрі бақыт. Түсірілім басталмай тұрып қатты қобалжыдым. Себебі олардың тәжірибесімен салыстырғанда, менің кино саласындағы тәжірибем аз еді. Дегенмен ағаларым барынша қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар берді. Түсірілім барысында көп нәрсе үйрендім», – дейді Дильназ Қайыркеш.
Картинаның көрерменге ерекше әсер ететін тұстарының бірі – Сабыр атаның немересін көру үшін ай сайын ақша төлейді деген сөзі. Осы бір ауыз сөздің өзі тақырыпты ашуға түсінікті. Бір қарағанда қарапайым ғана диалог секілді көрінгенімен, оның астарында үлкен мән жатыр. Өмір бойы баласы үшін еңбек еткен әкенің қартайған шағында өз немересін көру үшін ақша төлеуге мәжбүр болуы – қоғамдағы ащы шындықтың көрінісі. Кейбір перзенттің әкесін көруге асықпай, керісінше, оның зейнетақысына қызығуы да ойландырмай қоймайды.
«Ұмытпа» фильмі көрерменге бір ғана отбасының тағдырын көрсетпейді. Ол – ата-ана алдындағы перзенттік парыз, қарттықтағы жалғыздық, кешірім мен сағыныш туралы шығарма. Фильмнен кейін көрерменнің көңіл көтеріп емес, ойға шомып шығуы да заңды. Себебі кейде ең маңызды нәрселерді түсіну үшін үлкен оқиға емес, жүрекке жеткен бір ауыз сөз жеткілікті. Бәлкім, фильмнің басты мақсаты да осы шығар. Ата-анамыздың қадірін олар жанымызда жүргенде білу, қартайғанда қолынан ұстап, көңілін сұрау. Өйткені бір күні біз де уақыттың өтуіне тоқтау сала алмайтын, жақындарының мейіріміне мұқтаж жандардың қатарына қосыламыз. Көрерменге ой салатын бұл туындыны көруге кеңес береміз.
Аяжан ТОҚТАСЫН


