Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында кәмелетке толмағандар ерекше субьект ретінде қарастырылады. Бұл олардың жас және психикалық даму ерекшеліктеріне, толық қалыптасып үлгермеген дүниетанымына байланысты.
Заң шығарушының негізгі мақсаты кәмелетке толмағанды тек жазалау емес, оны түзету, тәрбиелеу және қайта қылмыс жасауының алдын алу болып табылады. Сондықтан кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы Қылмыстық кодекстің жеке 6-бөлімінде реттелген.
Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытқа қарай жасы он төртке толған, бірақ он сегізге толмаған адамдар кәмелетке толмағандар деп танылады.
Ересектерге қарағанда кәмелетке толмағандарға жаза түрлері шектеулі. ҚР қылмыстық кодексінің 81-бабында көрсетiлген түрлерi ғана қолданылады және олардың мерзiмдерi мен мөлшерi осы бапта белгiленген шектеуден аспауға тиіс.
Сот кәмелетке толмағанға жаза тағайындау кезінде мыналарды ескереді:
- тұрмыс және тәрбиелену жағдайлары (мысалы, ата-анасының бар-жоғы, жетімдік, қорғаншылықта болуы);
- психикалық дамуының деңгейі(жасөспірім өз әрекетінің сипатын және салдарын толық түсінген-түсінбегенін анықтау маңызды);
- жеке басының ерекшеліктері(мінезі, еліктеуге бейімділігі, құқық бұзушылыққа икемділігі);
- жасына үлкен адамдардың ықпалы (ересектер тарапынан манипуляция немесе арандату ықтималдығы).
Бұл – жазаның жай ғана санкция емес, тәрбиелік мақсаттарды ескере отырып түзету құралы болуы тиіс екенін көрсетеді.
Сотпен жоғарыда көзделген жаза тағайындау қағидаларының, ережелерінің сақталуы, оның дұрыс қолданылуы, әрбiр қылмыстық істі заңға сәйкес шешілуінің негізі болып саналады.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы – сот отырысының хатшысы Н.Тогизбаева


