Тіл – әрбір ұлттың рухани байлығы, тарихы мен мәдениетінің айнасы. Ана тілі арқылы халықтың өткені сақталып, бүгінгі болмысы қалыптасады және келешек ұрпаққа ұлттық құндылықтар жеткізіледі. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – тәуелсіз елдің маңызды міндеттерінің бірі.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қазақ тілі – халқымыздың бірлігін нығайтатын, елдігімізді айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны ерекше маңызға ие болып, оны дамытуға кең жол ашылды.
Мемлекеттік тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттық сананың, отансүйгіштіктің және елге деген құрметтің көрінісі. Әсіресе, мемлекеттік мекемелер мен сот жүйесінде қазақ тілінің қолданылу аясының кеңеюі маңызды. Себебі сот саласында мемлекеттік тілде іс жүргізу – заң талаптарын орындаумен қатар, азаматтардың өз тілінде өтініш білдіруіне және құқықтарын қорғауына мүмкіндік береді.
Бүгінде мемлекеттік тілді дамыту әрбір азаматтың жауапкершілігіне байланысты. Қазақ тілінде сауатты сөйлеу, дұрыс жазу, күнделікті қызмет барысында еркін қолдану – тілге деген құрметтің нақты көрінісі. Мемлекеттік тілдің болашағы оны құрметтеп, күнделікті өмірде қолданатын ұрпақтың қолында.
Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болуы үшін ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ана тіліміздің мәртебесін биік ұстауымыз қажет. Өйткені мемлекеттік тіл – елдігіміздің белгісі, бірлігіміздің тірегі және тәуелсіздігіміздің негізгі қазығының бірі.
А.С. Мамыр
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты әкімшісінің бас маманы – сот отырысының хатшысы


