Қытай көліктері Қазақстан нарығын өзгертті: Отандық автоөндірісті не күтіп тұр? 

Қазақстанның автокөлік нарығында соңғы жылдары айтарлықтай өзгеріс байқалады. Бұрын Toyota, Hyundai, Kia сияқты брендтерге сұраныс жоғары болса, қазір Changan, Chery, Haval, Jetour, Geely және басқа да қытайлық маркалар нарықтағы үлесін арттырып келеді. Олардың бірқатары сатылым бойынша үздік брендтердің қатарына енді. Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.

Қазақстанда көлік өндірісі мен сатылымы артып келеді

Қазақстанның Автокөлік одағының мәліметінше, 2026 жылғы қаңтар-қазан айларында ресми дилерлер 187 698 жаңа жеңіл және коммерциялық автокөлік сатқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3 пайызға көп. Ал қазан айында 21 912 көлік сатылып, жыл басынан бергі ең жоғары айлық көрсеткіш тіркелді. Бұл былтырғы қазанмен салыстырғанда 8,5 пайызға жоғары.

Қытайлық брендтер де сатылым бойынша алдыңғы қатарға шықты. 

Қытайдың жекелеген автокөлік брендтерінің сатылымы мынадай болды:

  • Changan – 17 568 автокөлік;
  • Chery – 13 650;
  • Haval – 10 898;
  • Jetour – 9 561;
  • JAC – 7 266;
  • Geely – 5 871;
  • BYD – 4 389.

Аталған брендтердің жалпы сатылымы 77 мыңнан асты. Бұл жаңа автомобильдер нарығының шамамен 41 пайызы. Алайда бұл – жеке брендтердің сатылымын қосу арқылы есептелген көрсеткіш, ҚАО жариялаған ресми жиынтық үлес емес, — дейді Автокөлік одағы.

Одақ ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елімізде 146 541 бірлік автокөлік техникасы өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,2 пайызға көп. Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan зауыты Changan, Chery және Haval маркаларының 40 245 көлігін құрастырса, Қостанайдағы Allur кәсіпорны 56 130 техника шығарған.

Пандемия қытай автокөлік өндірісіне қалай әсер етті?

Автосарапшы Алексей Алексеевтің пікірінше, қытайлық автомобильдердің Қазақстанда танымал болуына бірнеше фактор әсер етті. Соның бірі – пандемиядан кейінгі кезеңде әлемдік нарықта көлік тапшылығының пайда болуы.

Коронавирус пандемиясы кезінде автомобиль өндірісі ішінара тоқтап, кейін сұраныс қайта жанданған тұста жартылай өткізгіштер тапшылығы туындады. Соның салдарынан көптеген өндіруші қажетті бөлшектерді уақытында ала алмады. Қазақстандағы дәстүрлі брендтердің автосалондарында кейбір модельдерді сатып алу үшін алты айдан бір жарым жылға дейін күтуге тура келді. Ал жекелеген көліктерге кезек үш жылға дейін созылған.

Дәстүрлі брендтердің көліктері автосалондарда болмай жатқанда, қытайлық автосалондар кез келген комплектация мен кез келген түсті ұсына алды. Көлік бір аптада, әрі кетсе екі аптада жеткізілетін. Осылайша, адамдар жаңа қытай көліктерімен таныса бастады. Оларды амалсыздан сатып алып, қытай автокөлік өнеркәсібінің бұрынғыдай емес екенін, сапасы жағынан басқа өндірушілерден кем түспейтінін көрді. Кем дегенде, олар корей көліктерімен бәсекелесуге дайын деңгейге жетті, – дейді Алексей Алексеев.

Сарапшының сөзінше, кейін тұтынушылардың жеке тәжірибесі мен көлікті қайта сату мүмкіндігі де таңдау жасауға әсер етті. Дегенмен барлық модельді бірдей бағалауға болмайды, сондықтан олардың ұзақ мерзімді сенімділігі мен екінші нарықтағы жағдайы әлі де маңызды.

Баға мен технология бәсекесі күшейді

Қытайлық брендтердің нарықтағы үлесін арттыруына әсер еткен тағы бір фактор – баға саясаты. Сарапшының айтуынша, Қытайдың өзінде автокөлік өндірушілер арасында бәсеке жоғары. Компаниялар сатып алушыны тарту үшін баға мен жабдықталу деңгейі бойынша жарысады.

Таңдау өте көп, бәсеке қатты. Сондықтан жаңа қытай көліктерінің бағасы төмендеп жатыр. Кейбір модельдердің былтырғы бағасы мен қазіргі құнын салыстырсаңыз, қазір әлдеқайда арзан. Айырмашылық бірнеше миллион теңгеге жетеді, – дейді сарапшы.

Қытайлық көліктердің технологиялық жабдықталуы да тұтынушылардың таңдауына ықпал етеді. Бұрын қымбат санаттағы автомобильдерде ғана кездесетін кейбір жүйелер қазір орташа баға санатындағы қытайлық модельдерде де бар. Олардың қатарында жүргізушіге көмектесетін және жол қауіпсіздігін арттыруға арналған функциялар кездеседі. Дегенмен мүмкіндіктері әр модельде әртүрлі болуы мүмкін.

Бұған қоса, Қытай электромобильдер мен гибридтер өндірісін белсенді дамытып келеді. Сарапшы Қытай үкіметінің автокөлік өнеркәсібіне қолдау көрсетуін де маңызды факторлардың бірі ретінде атады. Оның айтуынша, мемлекеттік субсидиялар өндірушілерге баға мен кепілдік шарттарын ұсынуға мүмкіндік береді. Мәселен, кейбір брендтер жекелеген модельдеріне ұзақ мерзімді, тіпті өмір бойғы кепілдік берген. Қазақстанда да Lynk & Co маркасы нарыққа алғаш шыққан кезде осындай кепілдік ұсынған.

Отандық өндірушілерге бәсеке күшейді

Қытайлық брендтердің күшеюі Қазақстанда өндірілетін автомобильдерге де әсер етіп отыр. Еліміздегі корей маркаларын шығаратын кәсіпорындар қытайлық компаниялармен баға, сапа және жабдықталу деңгейі бойынша бәсекелесуге мәжбүр.

Алексей Алексеевтің пікірінше, бұрын тұтынушылар белгілі бір брендтің атауы мен беделі үшін артық ақша төлеуге дайын болса, қазір баға мен ұсынылатын мүмкіндіктерге көбірек мән бере бастады.

Бұрын Toyota-ны бренді үшін, Lexus-ті беделі үшін таңдайтын. Қазір көпшілік мұндай ұстанымнан біртіндеп бас тартып жатыр. Өйткені қомақты ақша төлегенімен, қытайлық көліктерде ұсынылатын жайлылық пен мүмкіндіктер жиынтығын, сондай-ақ ұзақ мерзімді кепілдікті ала алмауы мүмкін, – дейді автосарапшы.

Оның айтуынша, бір санаттағы корей көлігі қытайлық баламасынан қымбат болса, сатып алушы екінші нұсқаға басымдық беруі мүмкін. Сондықтан қытайлық компаниялар бағаны төмендеткен сайын, корей өндірушілері де өз ұсыныстарын қайта қарауға мәжбүр.

Дегенмен сарапшы корей брендтерінің Қазақстан нарығында бұрыннан қалыптасқан орны бар екенін атап өтті. Ал қытайлық маркалардың нарықта берік орныққанына шамамен төрт жыл ғана болған. Сондықтан олардың ұзақ мерзімді сенімділігі мен екінші нарықтағы жағдайы алдағы уақытта да маңызды көрсеткіштердің бірі болмақ.

Сатудан өндіріске: Қазақстан автонарығының жаңа кезеңі

Қытайлық брендтердің Қазақстан нарығына келуі тек көлік сатылымымен шектелмейді. Елімізде бірнеше марканың автомобильдері құрастырылады. Бұл өндірістік мүмкіндікті кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және автокомпоненттер өндірісін дамытуға жол ашады.

Алексеевтің айтуынша, Қазақстанның автокөлік өнеркәсібі біртіндеп жаңа кезеңге өтіп жатыр. Бұрын көлік сатумен айналысқан кәсіпорындар алдымен құрастыруға, кейін бояу мен дәнекерлеу жұмыстарына, енді автокомпоненттер өндіруге көшуде.

Біз көлік сатудан оны құрастыруға көштік. Құрастырудан кейін бояу мен дәнекерлеу жұмыстары қолға алынды. Енді осы кезеңнен өтіп, автокомпоненттер өндіруге көшіп жатырмыз. Бұл – даму деген сөз. Жаңа жұмыс орындары ашылады, айналасында жаңа кәсіпорындар пайда болады. Біздің жұмысшылар тәжірибе алады, ал тұтас елде автомобиль өндірісінің өзіндік тәжірибесі қалыптасады, – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, елімізде пластик бөлшектер, бамперлер, орындықтар, мультимедиа жүйелері, дискілер мен шиналар өндірісін дамытуға мүмкіндік бар. Болашақта аккумулятор шығару да жоспарланып отыр. Мұндай өндірістердің қалыптасуы шетелден бөлшек тасымалдауға кететін шығынды азайтып, көлік құнына әсер етуі мүмкін.

Алайда жергіліктендіру бірден жүзеге аспайды. Сарапшының пайымынша, қытайлық көлік зауыттарына өндірісті жергіліктендіру деңгейін тереңдету үшін жеті жыл уақыт қарастырылған. Сондықтан негізгі міндет – тек дайын бөлшектерді құрастырумен шектелмей, олардың бір бөлігін Қазақстанда өндіретін кәсіпорындар қалыптастыру.

Қазақстан өз брендін шығара ала ма?

Қытайлық компаниялардың Қазақстанда өндіріс ашуы отандық автоөнеркәсіптің дамуына мүмкіндік бергенімен, ұлттық бренд қалыптастыру мәселесі әлі де ашық. Сарапшының айтуынша, әлемдегі көптеген ел автомобиль өндірісін шетелдік маркаларды құрастырудан бастап, кейін өз брендіне көшкен.

Алайда Қазақстан үшін бұл жолдың өзіндік қиындықтары бар. Ел аумағы үлкен болғанымен, халық саны салыстырмалы түрде аз. Экспорттық нарық та шектеулі. Бұған қоса, автомобиль өндірісі шетелдік технологиялар мен бөлшектерге тәуелді.

Бәлкім, біз де бір күні өз брендімізді шығаратын деңгейге жетерміз. Бірақ оған еліміздің аумағы үлкен, халық саны аз болуы кедергі келтіреді. Экспорттық нарығымыз да шектеулі. Әрине, біз шетелдік технологиялар мен бөлшектерге тәуелді боламыз. Соған қарамастан, бұл – даму, – дейді Алексей Алексеев.

Оның сөзінше, Қазақстанда автомобиль өндірісінің тәжірибесі шамамен 25 жылды қамтиды. 2002 жылы «Нива» көлігін шығарудан басталған өндіріс кейін шетелдік брендтердің бірнеше моделін құрастыруға дейін жетті. Өскемендегі кәсіпорындарда Skoda, Chevrolet және Kia көліктері өндірілді. Кейін өндіріс Қостанай мен Алматыда кеңейіп, автобус және басқа да техника шығару бағыттары дамыды.

Сарапшының мәліметінше, Алматыда жаңа өндіріс орнын 2027–2028 жылдары ашу жоспарланып отыр. Бұл нарықтағы ұсынысты кеңейтіп, бәсекені күшейтуі мүмкін.

Автосарапшы қытайлық брендтердің алдағы уақытта да технологиялық мүмкіндіктерін жетілдіріп, нарықтағы үлесін арттыруы ықтимал екенін айтады. Сондықтан отандық автоөнеркәсіп үшін басты міндет – өндіріс көлемін көбейтумен қатар, жергіліктендіру деңгейін көтеру.

Егер Қазақстанда қозғалтқыш, электроника, қауіпсіздік жүйелері мен басқа да маңызды бөлшектер өндірісі қалыптасса, саланың қосылған құны артады. Қытайлық брендтердің келуі отандық өндірушілер үшін бәсекені күшейткенімен, бұл өзгерісті жергілікті өндірісті дамытуға да пайдалануға болады.

Елімізде тұмаудың қай түрі өршіп тұр?

Министрліктің мәліметінше, кейінгі бір аптада елімізде ЖРВИ жұқтырудың 133 052 жағдайы тіркелген. Ал эпидемиялық маусым басталғалы бері 1 453 967 жағдай анықталған.

Дәмханалар мен мейрамханаларда енді қай әннің қанша рет шырқалғаны есепке алынады 

Жүйе мекемелерде қай әннің қанша рет орындалғанын тіркеп, авторлар мен орындаушыларға тиесілі сыйақыны есептеуге мүмкіндік береді.

Қар аралас жаңбыр жауады: Қазақстанның алты өңірінде жол жағдайы күрделенуі мүмкін 

25 қарашада Қазақстанның алты облысында қар аралас жаңбыр жауып, кей жерлерде қар күтіледі. Осыған байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың жекелеген учаскелерінде көріну қашықтығы төмендеп, жол беті тайғақ болуы мүмкін.

Қазақстанда 2027 жылдың соңына дейін 3G желісі толық өшіріледі

Қазақстанда 2027 жылдың соңына дейін 3G мобайл байланыс желісін толық өшіріп, оның орнына 4G желісін дамыту жоспарланып отыр.

Қазақстанда декреттегі әйелдің зейнетақы жарнасына аударылатын қосымша төлем тоқтайды. Бұл не білдіреді?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алатын әйелдер үшін қосымша зейнетақы жарнасын аударуды тоқтатады. Алайда бала күтіміне берілетін әлеуметтік төлем сақталады.