Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес

Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің тұрақты дамуына, экономикалық өсіміне және қоғамдағы әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына кері әсерін тигізетін аса маңызды мәселелердің бірі. Ол мемлекеттік басқару жүйесіне деген азаматтардың сенімін төмендетіп қана қоймай, заң үстемдігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына да нұқсан келтіреді.

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл бағыттағы негізгі мақсат – сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу, олардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ қоғамда парасаттылық пен адалдық қағидаттарын қалыптастыру.

Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негізі ең алдымен 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңмен айқындалады. Аталған заң сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттарын, алдын алу шараларын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың міндеттерін белгілейді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қылмыстық кодексі және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің құқықтық негізін құрайды. Конституцияда заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екендігі бекітілген. Бұл қағидат қандай да бір лауазымға, әлеуметтік жағдайға немесе өзге де ерекшеліктерге қарамастан, әрбір адамның заң талаптарын сақтауға міндетті екенін білдіреді.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық көзделген. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің 366-бабында пара алу, 367-бабында пара беру, 368-бабында парақорлыққа делдал болу үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген. Сондай-ақ лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану, қызметтік жалғандық жасау және басқа да құқыққа қайшы әрекеттер үшін заңда тиісті жауаптылық қарастырылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жазалау шараларымен қатар, оның алдын алуға ерекше мән беріледі. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың қызметінде ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, азаматтардың өтініштерін қарау тәртібін жетілдіру, мүдделер қақтығысына жол бермеу және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Әсіресе, сот жүйесінде заңдылықты сақтау, сот төрелігінің тәуелсіздігі мен әділдігін қамтамасыз ету, азаматтардың сотқа деген сенімін нығайту айрықша маңызға ие. Сот қызметінің ашықтығы, процестік заңнама талаптарының қатаң сақталуы, судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби әдепті ұстануы – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмаудың маңызды шарттары.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл – әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігі. Азаматтар заңсыз сыйақы ұсынудан және беруден бас тартып, құқық бұзушылықтарға бейжай қарамай, заң талаптарын сақтауы қажет. Ал мемлекеттік қызметшілер өз міндеттерін адал атқарып, қызметтік өкілеттіктерін жеке мүддесі үшін пайдаланбауы тиіс.

Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – бір реттік науқан емес, үздіксіз жүргізілуге тиіс мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар жұмыс. Заң үстемдігі, ашықтық, әділдік және адалдық қағидаттары берік орныққан қоғамда ғана азаматтардың мемлекетке деген сенімі артып, елдің тұрақты дамуына негіз қаланады.

Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрбір азаматтың саналы ұстанымынан басталуы тиіс. Заңды құрметтеу, адал еңбек ету және парасаттылықты өмірлік қағидаға айналдыру – жемқорлықсыз қоғам қалыптастырудың басты кепілі.

Жаңақорған аудандық сотының бас маман сот

отырысының хатшысы Э.Серікбаева

Алаяқтардан сақ болайық!

Қазіргі қоғамда ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы азаматтарға көптеген мүмкіндіктермен...

Сот актілерінің орындалмауы — заң үстемдігіне қауіп

Сот актілерінің орындалуы - сот төрелігінің түпкілікті нәтижесін айқындайтын...

ӨРТ КЕЗІНДЕГІ ІС-ҚИМЫЛ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗ ЭВАКУАЦИЯ

Кіріспе Өрт - адам өміріне, денсаулығына және мүлкіне үлкен қауіп...

«Бәрі бекер!»: Боқаев гранит тақталарды сәтсіз түсірген орындаушыларды балағаттады

Кезекті сот отырысының іс материалдарын зерттеу барысында Боқаевтың мобилографы...