Қазіргі таңда азаматтардың шетелде білім алуы, еңбек етуі, сондай-ақ жеке және құқықтық сипаттағы мәселелер бойынша құжаттарды басқа мемлекеттерге ұсынуы жиі кездеседі. Мұндай жағдайларда ресми құжаттардың шет мемлекет аумағында танылуы маңызды. Осы ретте апостиль қою рәсімінің маңызы зор.
Апостиль — бір мемлекеттің аумағында берілген ресми құжаттың түпнұсқалығын, оған қойылған қолдың шынайылығын, құжатқа қол қойған адамның өкілеттігін және қажет болған жағдайда мөрдің немесе мөртабанның түпнұсқалығын куәландыратын арнайы белгі.
Апостиль қою тәртібі 1961 жылғы 5 қазандағы Гаага конвенциясымен реттеледі. Аталған Конвенцияға қатысушы мемлекеттер арасында ресми құжаттарды пайдалану кезінде консулдық заңдастыру рәсімін жеңілдету көзделген.
Апостиль, әдетте, сот органдарының құжаттарына, нотариаттық актілерге, әкімшілік құжаттарға және ресми куәландыруларға қатысты құжаттарға қойылады. Алайда оның қолданылу аясы мен тәртібі құжаттың түріне және оны ұсынатын мемлекеттің талаптарына байланысты айқындалады.
Апостиль қою азаматтарға құжаттарын шетелде пайдалану кезінде қосымша заңдастыру рәсімдерінен өту қажеттілігін азайтып, құжаттардың халықаралық деңгейде танылуын жеңілдетеді.
Осыған байланысты азаматтарға шетелге ұсынуды жоспарлаған құжаттарына қатысты апостиль қою талаптарын алдын ала анықтап, тиісті уәкілетті органдарға жүгіну ұсынылады.
Құжаттарды рәсімдеу тәртібін білу — құқықтық сауаттылықтың маңызды бөлігі.
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы С. Утегенова


