QS Asia University Rankings – бұл жыл сайын британдық Quacquarelli Symonds (QS) талдау агенттігі жариялайтын Азияның үздік университеттерінің халықаралық рейтингі. 1990 жылы Нунцио Квакварелли бұл компанияны Ұлыбританияда құрған болатын. Компанияның негізгі мақсаты жоғары білім беру саласындағы зерттеулерді, консалтингті және халықаралық рейтингтерді әділ қалыптастыруға бағытталған.
Өзіне жүктелген істі сапалы атқарғандықтан, бұл құрылым 2004 жылдан бері әлемдік QS World University Rankings тізімін шығарып келеді. Бұл рейтинг әлемдегі ең беделді үш университеттік рейтингтің бірі саналады.
Компанияның бағалау критерийлері де өте қатаң сұрыпталған. Айталық Азиялық рейтингте оқу орындары 11 түрлі индикатор бойынша бағалаудан өтедеі. Олардың қатарында академиялық бедел, жұмыс берушілер арасындағы сұраныс, ғылыми жарияланымдардың дәйексөзділігі және халықаралық ынтымақтастық деңгейі секілді бағыттар бар. Биылғы рейтингке Қазақстанның 51 университеті енген болатын. Соның ішінде ҚазҰУ, ЕҰУ және Satbayev University Азияның үздік 100 оқу орнының қатарына кірді.
QS Asia University Rankings 2027 рейтингіне биыл Азияның 26 елі мен аумағынан 1722 университет қатысқаны белгілі. Осыдан-ақ бұл жолғы сұрыптаудың қаншалықты күрделі болғанын айқындау қиын емес. Соңғы үш жылда рейтингке қатысқан қазақстандық университеттердің саны 34-тен 51-ге дейін артқан екен. Бұл еліміздегі білім ордаларының жұмысы жанданып, әлемдік бәсекеге ұмтылғанының нақты көрінісі болса керек.
Азияның үздік 100 университетінің қатарына Қазақстанның үш жоғары оқу орны кірді. Айталық Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 46-орын табан тәресе, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 62-орынға тұрақтаған. Ал Satbayev University 89-орыннан көрінді. Додаға түскен 1722 университеттің арасынан үздік жүздікке ену үлкен мәртебе. Сонымен бірге бұл ұжымның бірлігі мен оқу орнындағы жүйелі жұмыстың көрінісі.
Рейтінг қорытындысына көз салғанда байқағанымыз, қазақстандық университеттер білім беру ортасының сапасы, академиялық ұтқырлық және халықаралық ынтымақтастық көрсеткіштері бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Мәселен академиялық алмасу бағдарламалары аясында шетелге шығатын студенттердің үлесі бойынша Қазақстанның орташа көрсеткіші 58,8 балды құрады. Ал Азия бойынша бұл көрсеткіш 22,6 балға тең. Оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы бойынша отандық университеттер орта есеппен 52 балл жинаса, Азиядағы орташа көрсеткіш 34,6 балды құрады. Жұмыс берушілер арасындағы бедел көрсеткіші бойынша қазақстандық жоғары оқу орындары 38,8 балға қол жеткізіп, Азиядағы орташа деңгейден (24,9 балл) жоғары нәтиже көрсетті.
Ал осы межеден төмендемей, керісінше рейтингтің жоғары сатысынан көріну әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің де басты мақсаты.
Бақыткүл Қонысбай,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторы


