Қазіргі таңда интернет күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды. Біз оның көмегі арқылы мемлекеттік қызметтерді пайдаланамыз, ақша аударамыз, тауарлар сатып аламыз және қажетті ақпаратарды аламыз. Десек те интернеттің мүмкіндіктерімен бірге алаяқтық әрекеттері де көбейіп келеді.
Интернеттегі алаяқтық – адамдарды алдап арбап олардың ақшасын немесе жеке мәліметтерін заңсыз иемдену. Алаяқтар көбіне телефон қоңыраулары, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы әрекет етеді.
Мысалы, алаяқтар өздерін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, «Сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр», «Шотыңыздағы ақшаға қауіп төніп тұр» деген сылтаумен азаматтарды қорқытады. Кейін SMS-кодты айтуды немесе ақшаны басқа шотқа аударуды талап етеді.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде арзан тауарлар мен жоғары табыс әкелетін жалған ұсыныстар көбейіп кетті. Кейбір алаяқтар алдын ала төлем алып, кейін байланысқа шықпай қояды. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау өте маңызды. Ең алдымен, ешкімге банк картасының құпия мәліметтерін, SMS-кодтарды және электрондық цифрлық қолтаңбаның (ЭЦҚ) кілттерін бермеу қажет. Әсіресе 1414 нөмірінен келетін растау кодтарын бөтен адамдарға айтуға болмайды.
Сонымен қатар, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз адамдарға ақша аудармау және интернет арқылы сатып алу кезінде сатушы туралы ақпаратты тексеру керек.
Бүгінде алаяқтар жасанды интеллект технологияларын да пайдаланып та, адамның дауысы мен бейнесін қолдан жасап жатыр. Сондықтан таныс адам ақша сұраған жағдайда да бірінші ақпараттың шынайылығын басқа байланыс арнасы арқылы тексерген жөн.
Егер алаяқтардың әрекетіне тап болсаңыз, дереу банкке, 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласу керек. Хабарламалар мен ақша аударымдарының түбіртектерін сақтап қойған абзал.
Ақпараттық қауіпсіздік – тек мамандардың ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Интернетті қауіпсіз пайдалану үшін қарапайым сақтық шараларын ұстанып, жеке мәліметтеріміздің таралуына жол бермеуіміз керек.
Есіңізде болсын: алаяқтардың арбауына түспеудің ең тиімді жолы – сақ болу және кез келген күмәнді ақпаратты тексеру
Айман Ешмагамбетова, Астана қаласы Әділет департаменті Әкімшілік бөлімінің жетекші маманы


