Цифрландыру процесі барлық салада, оның ішінде сот құрылымында да белсенді жүріп жатыр. Оған Президенттің 2026 жылды «жасанды интеллект және цифрлық жаңғыру жылы» деп жариялауы түрткі болғаны белгілі. Мұндай бағдар сот жұмысындағы бірқатар жаңашылдықтардың жүзеге асуына жол ашты. Эксаумақтық соттылық механизмінің енгізілуі, «Судьяның цифрлық көмекшісі» және жасанды интеллекттің мамандандырылған алгоритмдерінің табысты жұмыс істеуі – осы реформаның алғашқы нәтижесі.
Бұл өзгерістер электрондық дәлелдемелерге қатысты талапты да өзгертті. Электрондық қызметтер ауқымының кеңеюі, сандық технологияның дамуы дыбыс-бейнежазбалар мен фотосуреттерді дәлелдеме ретінде қабылдауға байланысты талаптарды жетілдіруге түрткі болды. Өйткені бүгінгідей цифрлық мүмкіндіктер кезінде адамның суретін, дауысын, хабарламасын қажетінше өзгерту, түрлендіру өте оңай. Тіпті осы саланың шеберлері жасаған туындыларды түпнұсқадан айыру күрделі жұмыс.
Бүгінгідей цифрлық дәуірде электрондық дәлелдемелердің маңызы айрықша. Мұндай дәлелдемелер оқиғаның нақты мән-жайын анықтауға, тараптардың уәжін тыңғылықты әрі жедел тексеруге, ең бастысы сот шешімінің заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айталық электрондық дәлелдемелердің объективтілікті қамтамасыз етуде аса құнды. Себебі цифрлық ақпарат белгілі бір оқиғаның уақытын, орнын, қатысушыларын және өзге де мән-жайларын анықтауға көмектеседі.
Екіншіден, электрондық дәледеме дәлелдемелік мүмкіндіктер аясын кеңейтеді. Себебі бұрын азаматтық істер барысында тек куәгерлердің айғақтарына немесе қағаз құжаттарға сүйенетін болсақ, бүгінде электрондық хат алмасулар, бейнежазбалар мен цифрлық іздер де істің мән-жайын анықтауға оң ықпалын тигізеді. Бұдан бөлек электрондық дәлелдемелер сот процесінің тиімділігін арттырады. Себебі цифрлық құжаттар мен ақпараттық жүйелерді пайдалану дәлелдемелерді жинау, сақтау, ұсыну және зерттеу үдерістерін жеңілдетеді.
Азаматтық сот ісін жүргізуде дыбыс-бейнежазбалар мен фотосуреттер маңызды дәлелдемелердің бірі ретінде танылады. Ал олар дәлелдеме ретінде танылуы үшін ұсынылған материалдар қаралып жатқан іске тікелей қатысты болуы керек. Екіншіден, дәлелдемелердің заңдылығына мән беріледі. Айталық материалдардың заңсыз жолмен яғни адамның жеке өміріне заңсыз қол сұғу, жасыру камераларын заңсыз орнату арқылы алынғаны анықталса, мұндай дәлелдемелер сотта қаралмайды.
Дәлелдемелерді сотқа ұсынудың тәртібі де анық. Ол үшін қатысушы тарап сотқа дыбыс-бейнежазбаны немесе фотосуретті дәлелдеме ретінде іске қосу туралы жазбаша немесе ауызша өтінішхат жолдайды. Өтінішхатта бұл жазбаны немесе суретті кімнің, қашан, қай жерде және қандай жағдайда түсіргені немесе жасағаны нақты көрсетілуі қажет. Егер жазба мен суретке қатысты мұндай мәліметтер жазылмаса, сот материалды қабылдаудан бас тарта алады.
Дыбыс-бейнежазбалар мен фотосуреттер сот мәжілісі залында немесе соттың арнайы жабдықталған бөлмесінде тыңдалып, көрсетіледі. Әрі дәлелдемелерді қарап, тексеру процесі сот отырысының хаттамасына егжей-тегжейлі жазылуы міндетті. Мұндай материалдар сотқа электрондық тасымалдаушы ретінде флешка, дискке жазылып ұсынылады. Мүмкіндігінше түпнұсқалық файлдар берілуі маңызды.
Тіпті, дәлелдеме ретінде ұсынылған дыбыс-бейнежазба мен суреттер заңды негізде қабылданғанымен, қарсы тараптың дәлелдерге күмән келтіріп, тексертуге құқығы бар. Егер қарсы тарап «жазба немесе фотосурет монтаждалған, қолдан жасалған немесе өзгертілген» деп мәлімдесе, сот өз бастамасымен немесе тараптардың өтінішімен сот-медициналық, криминалистік немесе компьютерлік-техникалық сараптама тағайындай алады. Сараптама жазбада немесе фотода монтаж, өзгерістердің қолданылғанын, дауыстың нақты сол адамға тиесілі екендігін, файлдың қашан және қандай құрылғыда жасалғанын тексеріп, жазбаның шынайылығын және онда монтаж белгілерінің жоғын анықтайды. Сараптама қорытындысы оң болған жағдайда ғана сот бұл материалдарды толыққанды дәлелдеме ретінде бағалайды.
Шетелдік және отандық тәжірибені талдау азаматтық процестік заңнаманы реформалау: электрондық дәлелдемелер ұғымын және оны тексерудің нақты қағидаларын бекітудің объективті қажеттілігін көрсетеді.
Цифрлық шешімдерді енгізу кезінде қауіпсіздік пен жауапкершілік әрқашанда негізгі басымдық болатынын ескеруіміз керек: технология судьяға көмектесуге арналған, бірақ сот төрелігін жүзеге асыруда және дауларды шешуде ерекше рөлді адам өзі атқарады. Цифрлық деректерді тексерудің негізгі қағидаттарын біріктіру – азаматтар мен бизнестің сот шешімдеріне деген сенімінің кепілі болып табылады.
Ғалым Сарыбаев, Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы


