Мемлекеттің ең басты байлығы – адам. Ешкімнің біреудің жеке өміріне араласып, құқығын таптауға, тыныштығын бұзуға қақысы жоқ. Сталкингке байланысты жауаптылық та осы жеке бастың құқығын мінсіз қорғау мақсатында енгізілген.
Әлемнің көптеген елдерінде сталкинг жеке қылмыс ретінде қарастырылады. Мысалы Германияда сталкинг үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе айыппұл жазасы қарастырылған. Ал қылмысты ауырлататын жағдайлар орын алғанда айыпты 3 айдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ұлыбританияда жәбірленушіге зорлық қаупін төндіретін немесе ауыр психологиялық зардап келтіретін сталкинг үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Оңтүстік Корея да сталкингті басты назарда ұстап отыр. Мұнда белгілі бір адамға сталкинг жасаған құқық бұзушы 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы немесе 30 млн вонға дейін айыппұл төлеуі мүмкін.
Осы дамыған мемлекеттердің сталкингке байланысты жаза тағайындау тәжірибесін зерделегенде үш негізгі басымдыққа мән беретінін байқауға болады. Яғни, жоғарыдағы озық елдерде жәбірленуші өтініш бергеннен кейін полиция қудалаушыға ескерту жасайды. Ал бұдан нәтиже шықпаған жағдайда іс сотқа өтіп, сот сталкерге жәбірленушіге жақындауға, телефон соғуға, хабарлама жазуға немесе оны бақылауға тыйым салады. Құқық бұзушы сот бұйрығына бағынбаған жағдайда жаза қатаңдатылады.
Біздің елімізде 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске 115-1-бап енгізілді. Бұл бап «Сталкинг» яғни, заңсыз қудалау үшін қылмыстық жауаптылықты белгілейді. Заңдағы талаптарға сай сталкинг жасаушының әрекеті дәлелін тапқан жағдайда 200 АЕК-ке дейін айыппұл не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамау жазасы қолданылуы мүмкін.
Сталкинг – елеусіз қалдыруға болмайтын қылмыстың бірі. Себебі өмірлік тәжірибе көрсетіп отырғандай қылмыстың үлкен, кішісі болмайды. Керісінше, жазасыздықтың жаңа қылмыс туыратын кезі көп. Ал сталкингтің негізгі қаупі психологиялық қысым көрсетуінде. Үнемі аңду, қоңырау шалу, іздеу жәбірленушінің қорқынышта өмір сүріп, мазасыздыққа, күйзеліске, ұйқысыздыққа ұшырауына әсер етеді. Сондай-ақ тұрақты аңду, қайда жүргенін бақылау, әлеуметтік желілердегі парақшаларын қадағалау, жеке мәліметтерін жинау кім-кімнің болсын жеке кеңістігін бұзады. Сталкингтің тағы бір қауіпті тұсы – қайта-қайта хабарласып, қоқан-лоқы көрсетуінде, жеке фотосуреттерін жариялаймын деп қорқыту сияқты әрекеттердің орын алуында. Мұндай кезде қатердің алдын алып шұғыл құзырлы органға хабарласу керек. Одан бөлек жәбірленушіні аңдып, үйінің немесе жұмыс орнының маңында күту, күш қолдану, тіпті өмірі мен денсаулығына қауіп төндіру деңгейіне дейін баратындар бар.
Осыған орай танысы ізінен қалмай, еркінен тыс бақылау жасаған, қайта-қайта телефон соғып және хабарлама жазған, үйінің немесе жұмыс орнының маңында күтіп тұрған, GPS немесе басқа құрылғылар арқылы жүрген жерін анықтап аңдыған, қарым-қатынасты тоқтатудан бас тартқан, жеке суреттері мен мәліметтерін таратам деп қорқытқан жағдайлар орын алса, бірден құзырлы органға жүгінген дұрыс. Сондай-ақ сотта өз құқығын қорғау үшін азаматтарға барлық хабарламалар мен қоңырауларды сақтап, әлеуметтік желідегі хат-хабарларды, скриншоттарды жинау маңызды. Қажет болған жағдайда куәгерлердің мәліметтерін тіркеп, өміріне қауіп төнсе, дереу 102 нөміріне хабарласу кезек күттірмейді.
Ең бастысы, әр адам сталкинг үшін жаза барын, жеке шекарасынан өткендерге заңмен тосқауыл қоюға болатынын жадынан шығармағаны жөн.
Ертіс Омаров,
Алматы қаласы
Алатау аудандық сотының судьясы


