Дропперлік – қылмысқа апарар қауіпті жол

Дропперлік – бүгінгі қоғам бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселе. Заманауи технология, жасанды интеллект, цифрлық жаңашылдықтар өмірімізді жақсы жаққа өзгертіп, көп қызметті жеңілдетіп, жеделдеткенімен, интернет-алаяқтық, дропперлік сияқты жаңа қылмыс түрлерін туындатқаны рас.

Алғашқы кезде біреудің қаржысын қолма-қол алып беру, банк карточкасы мен қаржылық шоттарын ұсыну адами қарым-қатынастың бір көрінісі сияқты көрінетін. Алайда, цифрлық алаңдағы алаяқтық оқиғаларының көбеюі бұл қызметтің жай көмек емес, қылмысты дамытудың, интернет-алаяқтықты өркендетудің тәсілі екенін айғақтады. Соған орай азаматтарды қылмыстан сақтандыру, интернет-алаяқтықтың артуына тосқауыл қою мақсатында Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіліп, дропперлік үшін арнайы жаза қарастырылды.

Қазақы танымымызға таңсық болғанымен, бүгінде қарапайым халық дроппер дегеннің кім екенін, дропперлік үшін қандай жауаптылық барын біледі. Қарапайым тілмен айтқанда, дроппер – алаяқтар мен жәбірленушілер арасындағы ақша қозғалысын қамтамасыз ететін делдал. Алаяқтар азаматтардың ақшасын иемденгеннен кейін, қаражатты осы дропперлер арқылы бірнеше банкке аударып, ізін жасыруға тырысады. Ал өз картасын немесе шотын ұсынған азамат кейде қылмыскерлерге болысып жатқанын толық түсінбеуі де мүмкін. Бірақ заңды білмеу ешкімді де жазадан құтқармайды. Сол себепті дроппер болған азаматтар алаяқтардың жымысқы әрекетіне жәрдем бергені үшін жаза арқалайтынын естен шығармағаны жөн.

Қылмыстық кодекстің 232-1-бабында банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсынғандарға, сондай-ақ төлемдер мен ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асырғандарға қылмыстық жауаптылық белгіленген. 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап қолданысқа енген бұл заңнамаға орай дропперлік үшін жауаптылыққа тартылған адам жасалған әрекетінің сипатына, ауырлығына және заңда көзделген саралау белгілеріне байланысты айыппұл арқалауы, бас бостандығынан шектеліп немесе бостандығынан айырылуы мүмкін.

Мұндай санаттағы істерді қарау кезінде ең алдымен қылмыстық құқық бұзушылық құрамының барлық белгілерін жан-жақты, толық және объективті зерттеу маңызды. Өйткені дропперлікке тартылған адамдардың барлығы бірдей өз әрекетінің құқыққа қайшы екенін жете түсіне бермейді. Кейбір азаматтар сыйақы үшін банк картасын бейтаныс адамға саналы түрде ұсынса, енді біреулері жұмысқа орналастыру, қосымша табыс табу немесе танысына көмектесу деген желеумен алаяқтардың арбауына түседі.

Осы ретте істерді қарауда сотталушының банк шотына немесе төлем құралына қолжетімділікті қандай жағдайда және кімге бергені, қылмыстық схемадан хабардар болған-болмағаны, материалдық сыйақы немесе өзге де пайда алуы; сотталушының қылмыстық әрекеттегі рөлі; келтірілген материалдық залал мен оны өтеу жөніндегі әрекеттерге терең мән беріледі.

Сот оырысы барысында әрбір дәлелдеме заң талабына сәйкес бағаланып, адамның кінәсі дәлелденген жағдайда ғана жауаптылық белгіленеді.

Алаяқтардың арбауына түсіп, дроппер ретінде жауаптылыққа тартылғандардың көп бөлігін студенттер мен тұрақты табысы жоқ жастар, бала күтімімен отырған әйелдер мен зейнеткерлер құрайды. Әлеуметтік желі, интернет алаңдардағы «тәжірибесіз-ақ ақша табу», «ақша аударғаның үшін сыйақы ал» деген жарнамаларға сенген жандарды күмәнді «жұмыстан» құтқару үшін заңды түсіндіру, құқықтық сауатты көтеру бағытындағы іс-шаралар үнемі жүргізіліп отыруы керек. Құқықтық сауаты бар, сыни ойлау қабілеті қалыптасқан азаматтар оңай ақшаның артында жымысқы ойдың жатқанын бірден түсініп, сындарды әрекет жасайды.

Осы тұрғыдан алғанда дропперлікпен күрес тек қылмыстық жауаптылық белгілеу дегенді білдірмесе керек. Азаматтарды теріс ықпалдан сақтау құқықтық қадамдарды үйретуден бастау алады. Айталық банк картасын, шотын, құпиясөздерін және SMS арқылы келетін растау кодтарын бөгде адамдарға бермеу, күмәнді қаржылық операцияларға қатысудан бас тарту интернет арқылы жасалатын қылмыстардан қорғайды. Сонымен бірге өз шотының заңсыз пайдаланылғанын байқаған жан дереу банкке және құқық қорғау органдарына хабарласуы қажет.

Өйткені Қылмыстық кодекстің 232-1-бабына сай қылмыстық құқық бұзушылықты алғаш рет жасаған, ол туралы өз еркімен хабарлаған және оны ашуға немесе жолын кесуге белсенді түрде ықпал еткен адамның қылмыстық жауаптылықтан босатылу мүмкіндігі бар. Бұл норма құқыққа қайшы әрекетке тартылған адамдарды дер кезінде құқық қорғау органдарына жүгінуге ынталандырады.

Дропперлік – бүгінгі заманның дерті. Алаяқтықтың өркендеуіне тыйым салғымыз келсе, құқықтық тұрғыдан сауатты болайық!

Ақерке Сабитова,

Алматы қаласы

Алатау аудандық сотының судьясы

доктор РhD, ассистент-профессор

Мемлекеттік қызметші — ел айнасы

Мемлекеттік қызметші–мемлекеттік органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық...

            Жеке ұйғарымның орындалуы  

            Азаматтық сот ісін жүргізуде заңдылықты нығайту мен құқық бұзушылықтардың алдын алудың маңызды құралдарының бірі — соттың жеке ұйғарымы. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің...

От учебной аудитории к AI-трансформации: как студенты Нархоз проектируют цифровое будущее

Искусственный интеллект меняет не только технологии, но и подходы...

Дала қоңырауы – ұлт ұстазы!

Қазақ даласында білім мен ғылымның шамшырағын жағып, ұрпақ санасына...