Сот құжаттарын уақтылы алу — процеске қатысушылардың қорғану және шағымдану құқығының басты кепілі. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі (ҚР АПК) сот актілерін жеткізу тәсілдерін, жіберу мерзімдерін және уақтылы табыс етпеудің құқықтық салдарын нақты белгілейді.
Шақыру қағаздары мен хабарлаулар электрондық поштаға, ұялы байланыстың абоненттік нөміріне (SMS) немесе жеткізілуін тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де электрондық байланыс құралдары арқылы («электрондық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушының кабинетін қоса алғанда) жіберіледі (ҚР АПК 127, 129-баптары). Қағаз жеткізгіштегі шақыру қағазы электрондық байланыс деректері болмаған жағдайда ғана жіберіледі, ал заңды тұлғаларға — электрондық хабарлау мен шақыру түрлерін жіберудің барлық мүмкіндіктері таусылғаннан кейін ғана жолданады (ҚР АПК 130-бабы).
Хабарлаулар мен шақырулар істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарым шығарылған күннен не сот отырысының күні тағайындалған күннен бастап келесі күннен кешіктірілмей жіберіледі (ҚР АПК 127-бабының 3-бөлігі).
Адресаттың қағаз жеткізгіштегі шақыру қағазын қабылдаудан бас тартуы тиісті белгімен немесе актімен тіркеледі және істі қарауға кедергі келтірмейді — тұлға тиісті түрде хабардар етілген болып есептеледі (ҚР АПК 131-бабы). Егер тарап мекенжайын, телефон нөмірін немесе электрондық поштасын өзгерткенімен, бұл туралы сотқа хабарламаса, бұрынғы деректемелер бойынша жіберілген құжаттар жеткізілген болып саналады (ҚР АПК 132-бабы).
Түпкілікті нысандағы шешім шешімнің қарар бөлігі жария етілгеннен кейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде дайындалады (ҚР АПК 223-бабының 4-бөлігі).
Сот отырысына келмеген тараптарға және іске қатысатын басқа да адамдарға шешімнің көшірмелері шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей оның алынғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдарын пайдалана отырып жіберіледі немесе беріледі (ҚР АПК 234-бабы).
Сот бұйрығының көшірмесі шығарылғаннан кейін келесі күннен кешіктірілмей оның алынғанын тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдарын пайдалана отырып жауапкерге табыс етілуге немесе жіберілуге тиіс (ҚР АПК 141-бабының 1-бөлігі). Жауапкердің көшірмені алған күннен бастап қарсылық білдіруге он жұмыс күні бар (ҚР АПК 141-бабының 2-бөлігі).
Бұйрықтың күшін жою: Судья сот бұйрығының күшін жою туралы ұйғарымды үш жұмыс күні ішінде шығарады, ал оның көшірмелерін шығарылғаннан кейін келесі күннен кешіктірілмей талап қоюшы мен жауапкерге жібереді (ҚР АПК 142-бабының 2-бөлігі).
Орындауға жіберу: Талап қоюшының өтініші бойынша және дереу орындалуға жататын талаптар бойынша (ҚР АПК 243-бабы) сот бұйрығы шығарылғаннан кейін келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей орындауға жіберіледі (ҚР АПК 143-бабының 2-бөлігі).
4. Сот ұйғарымдары (ҚР АПК 158, 270, 271, 280-баптары)
Талап қоюды қамтамасыз ету туралы: Сот дереу жібереді немесе өтінішхат берген адамға дереу табыс етеді (ҚР АПК 158-бабының 1-бөлігі).
Іс жүргізуді тоқтата тұру, тоқтату немесе талап қоюды қараусыз қалдыру туралы: Сот отырысына келмеген адамдарға мұндай ұйғарымдардың көшірмелері түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі (ҚР АПК 271-бабы). Талап қою қараусыз қалдырылған кезде ұйғарымның көшірмесі талап қоюға қоса берілген материалдармен бірге талап қоюшыға жіберіледі (ҚР АПК 280-бабының 3-бөлігі).
Жеке ұйғарымдар: Тиісті ұйымдар мен лауазымды адамдарға жіберіледі, олар бір айлық мерзімде қабылданған шаралар туралы сотқа хабарлауға міндетті (ҚР АПК 270-бабының 1-бөлігі).
Егер сот процеске қатысушыға сот актісінің көшірмесін уақытылы жібермесе (немесе тарап білетін тілге аудармаса) және соның салдарынан шағымдану мерзімі өтіп кетсе, сот өткізіп алынған процестік мерзімді қалпына келтіруге міндетті (ҚР АПК 126-бабының 3-бөлігі). Мерзімді қалпына келтіру туралы арыз өтініш берушіге өзінің құқықтары бұзылғаны туралы белгілі болған күннен бастап бір ай ішінде беріледі, ал тараптар оның түскені туралы дереу хабардар етіледі (ҚР АПК 126-бабының 4-бөлігі).
Осылайша, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің ережелері электрондық байланыс арналарына басымдық бере отырып, процеске қатысушыларды хабардар етудің нақты әрі жедел жүйесін қалыптастырады. Соттардың актілерді жіберудің белгіленген мерзімдерін бұлжытпай сақтауы тараптарға сот шешімдеріне уақтылы шағымдануға нақты мүмкіндік берсе, азаматтар мен ұйымдардың өз байланыс деректерін жаңартып отыруға жауапкершілікпен қарауы оларды маңызды процестік мерзімдерді өткізіп алу қаупінен қорғайды.
Аудандық және оларға теңестірілген сот Әкімшісінің сот отырысының бас маманы – хатшысы


