Дала қоңырауы – ұлт ұстазы!

Қазақ даласында білім мен ғылымның шамшырағын жағып, ұрпақ санасына ізгілік пен адамгершіліктің дәнін сепкен ұлы ағартушы, көрнекті педагог, жазушы әрі қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің есімі халқымыздың рухани тарихында мәңгі сақталады. Биыл қазақтың ұлы ұстазы, ағартушылықтың ақ туын көтерген Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толып отыр.

Ыбырай Алтынсарин – қазақ халқының болашағын біліммен байланыстырған, елдің өркендеуі үшін ұрпақ тәрбиесі мен оқу-ағарту ісін басты орынға қойған тарихи тұлға. Ұлы ағартушыға өз заманында қазақ даласында мектеп ашып, балаларға білім беру оңай шаруа болмаса да, ол кездескен қиындықтарға мойымай, бар күш-жігерін халықтың сауатын ашуға, жас ұрпақтың көзін ашып, көкірегін оятуға арнады.

1864 жылы Торғай даласында қазақ балаларына арналған алғашқы мектептердің бірін ашуы – оның ел болашағы үшін жасаған тарихи қадамдарының бірі. Осылайша, қазақ даласында білімге деген құштарлықтың жаңа кезеңі басталды. Ыбырай балаларды оқытып қана қойған жоқ, олардың бойына еңбекқорлық, адалдық, ізеттілік, адамгершілік секілді асыл қасиеттерді сіңіруге күш салды. Ол үшін білім – жеке адамның жетістігі ғана емес, тұтас халықтың дамуына жол ашатын құдіретті күш еді.

Ұлы ұстаздың «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі – қазақ әдебиетіндегі ағартушылық бағыттың жарқын үлгісі. Бұл өлең арқылы ол жас ұрпақты оқуға, ізденуге, уақытты бағалауға шақырды. Ақынның жалынды жырлары талай баланың жүрегіне үміт отын жағып, білімге деген ынтасын арттырды. Оның шығармаларындағы негізгі идея – білімді болу, адал еңбек ету, адамдық қасиетті сақтау және елге пайдалы азамат болып қалыптасу.

Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңінде де өркениетке ұмтылу, ғылым мен техниканың жетістіктерін меңгеру идеясы айқын көрінеді. Ол өз заманынан озық ойлап, халықтың дамуы үшін білім мен өнердің маңызын терең түсінді. Еуропа елдерінің жетістіктеріне назар аудара отырып, қазақ жастарының да ғылымды меңгеріп, заман талабына сай білім алуын армандады. Бұл арман бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу мақсатымен үндеседі.

Ұстаздың әдеби мұралары тәрбиелік мәнімен өте құнды. Оның «Әке мен бала», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Таза бұлақ», «Мейірімді бала» секілді туындылары жас ұрпақты адамгершілікке, қарапайымдылыққа, еңбексүйгіштікке және мейірімділікке баулиды.

Ыбырай Алтынсариннің тағы бір тарихи еңбегі – қазақ қыздарының білім алуына жол ашуы. 1887 жылы Ырғызда қазақ даласындағы қыздарға арналған тұңғыш мектеп Ырғыз училищесін ашты. Ол қыз балалардың да сауатты, білімді болып өсуін қоғам дамуының маңызды шарты деп біліп, қыздар білімінің дамуына үлес қосты. Бұл оның ағартушылық көзқарасының кеңдігін, ұлт болашағына деген жауапкершілігін танытады.

Ұлы ұстаздың педагогикалық қызметі мектеп ашумен ғана шектелген жоқ. Ол оқу құралдарын әзірлеп, балаларға түсінікті тілде білім беруге ұмтылды. 1879 жылы жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» – қазақ халқының білім беру тарихындағы маңызды еңбек болды.

Оның ұстаздық мұраты бір ғана кезеңмен шектелмейді. Ыбырай көтерген білім, тәрбие, еңбек, адамгершілік мәселелері бүгінгі күні де өзекті. Қазіргі қоғамда ақпараттық технологиялар дамып, білім беру жүйесі жаңарып жатқанымен, шәкірт жүрегіне жол табу, оның бойындағы қабілетті ашу, ізгілікке тәрбиелеу міндеттері өзгерген жоқ.

Ұлы ағартушының 185 жылдық мерейтойы – оның еңбектерін қайта зерделеп, тағылымды мұрасын жас ұрпаққа кеңінен танытудың маңызды мүмкіндігі. Ыбырай Алтынсариннің есімі ел жүрегінде мәңгі сақталып,ол жаққан білім шырағы бүгінгі ұрпақтың қолында жарқырап, жаңа биіктерге жетелей береді. Оның «Кел, балалар, оқылық!» деген үндеуі арада ғасырлар өтсе де, өз маңызын жоғалтқан жоқ. Бұл – білімге шақырған үн ғана емес, елдікке, өркениетке, жарқын болашаққа бастайтын рухани бағдар.

Дала қоңырауының үні – ұрпақ жүрегіндегі білімге деген құштарлықтың үні. Ұлы ұстаздың арманы – білімді ұрпақ, өркениетті ел, жарқын болашақ. Ендеше, Ұлт ұстазына тағзым етіп қана қоймай, Ыбырай салған сара жолды жалғастыру – баршамыздың ортақ парызымыз!

Ойыл аудандық сотының судьясы

Гүлжахан Темірханқызы Абиева

Апостиль рәсімінің құқықтық негіздері:халықаралық стандарттар және ұлттық заңнама

Жаһандану дәуірінде азаматтардың шетелге оқуға түсуі, жұмысқа орналасуы, неке...

В Баку  открылась    международная выставка «Традиционная культура казахов»

В Национальном музее истории Азербайджана состоялась торжественная церемония открытия...

ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНДА ІІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАС ҒАЛЫМДАР КОНГРЕСІ ӨТТІ 

2026 жылғы 12 қарашада ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының...

ТҰҒЫРЫ БИІК ЖАС ҚЫРАН: БАУЫРЖАН ӘЛИДІҢ ЖЕҢІСТІ ЖОЛЫ

Қасиетті Әулиеата топырағынан түлеп ұшқан жас дарын, бокстан Қазақстан...

Глава государства провел оперативное совещание Совета Безопасности

Под председательством Президента Касым-Жомарта Токаева состоялось оперативное совещание Совета...