Заман алға жылжыған сайын, оның тәртібі де, талабы да өзгеріп жатыр. Сол секілді сот саласында қызмет ететін мамандарға да артылатын жауаптылық үлкен. Бұрын сапалы білім, тыңғылықты тәжірибе басты орында тұрса, бүгінде бұған цифрлық сауаттылық, жаңа технологияның тілін меңгеру қажеттілігі қосылды. Себебі, сот саласы басқа мемлекеттік құрылымдармен салыстырғанда жұмысына жаңа технология жетістіктерін енгізген жетекші құрылым саналады.
Сот жұмысына қатысты пікір ең алдымен сот мамандарының қызметі мен біліміне қарап қалыптасады. Бұдан да маңыздысы – сот қызметкерлерінің әдебі мен түсіністігі. Сот табалдырығын аттаған азаматтар жылы қабақ танытып, білмеген тұсын түсіндіріп, дұрыс бағыт-бағдар берген қызметкерлерге қарап барша сот жүйесіне баға береді. Бір маманның ойсыз әрекеті, дөрекі жауабы барша құрылымның бет-бейнесіне көлеңке түсіруі мүмкін. Сондықтан сот әкімшілігінің бастамасымен семинар, тренингтер тұрақты ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметшілерге тән әдеп стандарттары мен өзін-өзі ұстау мәдениеті, азаматтармен сенімді қарым-қатынас орнату тетіктері жан-жақты түсіндіріледі.
Цифрландыру – сот жұмысының тиімділігін арттыруға көмектесетін құрал. Бүгінде сот қызметкерлері сандық технология мен жасанды интеллект жетістіктерін тыңғылықты меңгерген. «Сот кабинеті» бірыңғай сервисінің жұмысы да толық жолға қойылды. Соның арқасында азаматтар өзіне ыңғайлы жерде отырып сотқа талап-арыз, материалдарын жолдап, ұсыныстары мен сұраныстарын да онлайн алу мүмкіндігіне ие. Заманауи технология сот қызметкерлерінің жұмысын айтарлықтай жеңілдетті. Қызметтердің көпшілігі онлайн көрсетілетін болса, сот отырыстары да дыбыс-бейнежазу құрылғылары арқылы таспаға жазылатындықтан сот хатшыларына енді баяғыдай ұзын-сонар хаттама жазудың қажеттілігі жоқ. Тіпті, сот отырыстарын қайта қарауға өтініш түскен жағдайда жазбаны таспаға түсіріп, дискісін табыс ету оңай әрі сенімді.
Бұл жаңашылдықтар азаматтардың сотқа жүгіну тәртібін жеңілдетіп қана қоймай, сот қызметкерлерінің күнделікті жұмысын да бір жүйеге түсірді. Бұрын көп уақытты қажет ететін бірқатар ұйымдастырушылық процестер автоматтандырылып, сот қызметкерлерінің уақытын үнемдеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ сот отырыстарын ұйымдастыру, қатысушыларды хабардар ету, құжаттарды тіркеу, мұрағаттау, статистикалық мәліметтерді жинақтау және талдау сияқты жұмыстардың заманауи ақпараттық жүйелер арқылы тиімді орындалуда.
Жасанды интеллекті меңгеру де – сот қызметкерлері үшін қажетті қадам. Жасанды интеллектіні қолдану сот өнідірісіндегі үлкен көлемдегі құжаттарды сұрыптауға, қажетті ақпаратты іздеуге, мәтіндерді тануға, аудио және бейнежазбаларды мәтінге айналдыруға, статистикалық деректерді талдауға айтарлықтай көмегін тигізіп отыр. Мұндай игіліктер сот қызметкерлерінің техникалық және қайталанатын жұмыстарға жұмсайтын уақытын қысқартып, негізгі міндеттеріне көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді. Жасанды интеллекттің азаматтарға қажетті ақпаратты жылдам табу, сот қызметтерін пайдалану тәртібін түсіну және құжаттарды рәсімдеу кезінде ақпараттық қолдау алуға көмектесу сияқты артықшылықтары бар. Міне, осындай заманауи жетістіктерді жетік меңгеру арқылы сот қызметкерлері өзінің де қабілет-қарымын арттырып қоймай, саланың да жаңа биікке жетуіне ықпал етуде.
Әлия Байбатырова, Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу соты әкімшісінің басшысы


