Жоғары оқу орнын аяқтап, кәсіби жолдарын бастауға дайындалып отырған келешек мамандарға болашақта қандай ортада еңбек ететініңізді, қоғамға қандай үлес қосқыңыз келетінін және өз әлеуетіңізді қай бағытта жүзеге асыратыныңызды айқындау маңызды. Көпшілігіңізде «Мемлекеттік қызметке қалай орналасуға болады?», «Жұмыс тәжірибесі болмаса, мүмкіндік бар ма?» деген сұрақтар болуы мүмкін. Осы сұрақтарға, мемлекеттік қызметтің мәнін, оған орналасу жолдарын және жас мамандарға арналған мүмкіндіктерге тоқталып кетемін. Мемлекеттік қызмет-тек тұрақты жұмыс орны немесе белгілі бір лауазымды атқару емес. Бұл-азаматтардың мүддесіне қызмет ету, мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу, қоғамның дамуына ықпал ететін шешімдердің орындалуына үлес қосу. Сондықтан мемлекеттік қызметті таңдау-үлкен жауапкершілікті талап ететін саналы таңдау.
Басты жаңсақ пікір: «Мемлекеттік қызметке орналасу үшін міндетті түрде жұмыс тәжірибесі болуы керек.» Жоғары оқу орындарының түлектері арасында мемлекеттік қызметке орналасу үшін бірнеше жылдық еңбек өтілі қажет деген түсінік жиі кездеседі. Осыған байланысты кейбір жас мамандар өз мүмкіндіктерін алдын ала шектеп, мемлекеттік қызметке орналасуды кейінге қалдырады. Алайда, төменгі лауазымдарға қатысты маңызды жайтты атап өткім келеді: мұндай лауазымдарға орналасу үшін жұмыс тәжірибесі талап етілмейді. Бұл-еңбек жолын енді бастағалы отырған түлектер үшін маңызды мүмкіндік. Яғни сіз мемлекеттік қызметке орналасу үшін алдымен басқа жерде бірнеше жыл жұмыс істеп, содан кейін ғана конкурсқа қатысуыңыз керек деген сөз емес. Егер біліміңіз, біліктілігіңіз және өзге де белгіленген талаптарға сәйкестігіңіз болса, кәсіби жолыңызды мемлекеттік қызметтен бірден бастауға мүмкіндігіңіз бар.
Үздік түлектерді конкурстан тыс жұмысқа орналастыру мүмкіндігі жоғары оқу орындарының оқу үлгерімі жоғары түлектері үшін арнайы мүмкіндік көзделген. Егер түлек оқуын 4 балдық шкала бойынша GPA 3,33 және одан жоғары көрсеткішпен аяқтаса, ол аудандық және ауылдық мемлекеттік органдардағы төменгі лауазымдарға конкурстан тыс орналасу мүмкіндігін пайдалана алады. Бұл құқық жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде қолданылады. Бұл норманың негізгі мақсаты-оқу үлгерімі жоғары, білімге жауапкершілікпен қарайтын және кәсіби әлеуеті бар жастарды мемлекеттік қызметке тарту. Яғни студенттің жоғары оқу орнындағы еңбегі мен академиялық жетістігі оның кәсіби мансабын бастауына нақты мүмкіндік бере алады. Мұнда GPA көрсеткішін дипломдағы жай ғана сан ретінде қабылдамау керек. Ол студенттің оқу барысында жүйелі еңбек еткенін, пәндерді меңгеруге ұмтылғанын және белгілі бір академиялық нәтижеге қол жеткізгенін көрсететін көрсеткіштердің бірі.
GPA 3,33-мемлекеттік қызметке орналасудағы жаңа мүмкіндіктер мен ерекшеліктерін қарастырайық:
- Тек грант иегерлеріне ғана емес. Конкурссыз орналасу мүмкіндігі мемлекеттік грант негізінде де, ақылы негізде де білім алған түлектерге қолданылады.
- Бакалавриат және магистратура түлектеріне арналған. Бұл мүмкіндік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын аяқтаған азаматтарға беріледі. Яғни, магистратура түлектері де осы тетікті пайдалана алады.
- Бір жылдық мерзім. Түлек оқуын аяқтаған күннен бастап бір жыл ішінде конкурссыз орналасу мүмкіндігін пайдалана алады.
- GPA 3,33-негізгі академиялық көрсеткіш. Үміткердің үлгерім көрсеткіші белгіленген шекті деңгейден төмен болмауы тиіс. Бұл ретте қызыл дипломның болуы міндетті шарт болып табылмайды.
- Барлық мемлекеттік лауазымдарға бірдей қолданылмайды. Конкурссыз орналасу заңда нақты көзделген аудандық және облыстық маңызы бар қалалардағы, жергілікті атқарушы органдардағы және аудандық деңгейдегі орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріндегі басшы емес лауазымдарға қатысты.
- Автоматты түрде тағайындау деген сөз емес. Үміткер тиісті лауазымның біліктілік талаптарына сәйкес келуі және заңнамада көзделген уәкілетті органның келісу рәсімінен өтуі қажет.
- Жастар үшін жаңа мүмкіндік. Бұл тетік жоғары оқу орындарының білімді, қабілетті және кәсіби әлеуеті жоғары түлектерін мемлекеттік қызметке тартуға бағытталған.
GPA 3,33-бұл тек оқу үлгерімінің көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар жастар үшін мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасудың жаңа мүмкіндігі. Жаңа заң білімді түлектердің әлеуетін мемлекеттік аппараттың дамуына бағыттауға жол ашады.
Б.А.Бостанбаева, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы


