Жария басқару органдарының жұмысы ашық, қоғам қабылданып жатқан шешімдерден хабардар, ал бұқаралық ақпарат құралдары маңызы үлкен мәселелерді еркін жариялауы ләзім. Дегенмен қоғам үшін маңызды ақпараттың бәрі бірдей қолжетімді болуы тиіс пе?
Мəселенің түбірін түйсіне білу қоғамдық мүдде мен қызығу шылықтың аражігін ажыратудан басталады. Мəселен, мемлекет жұмысының ішкі жəне сыртқы қырларына қоғам куəгер бола алғанмен, адамның жеке басы жайлы ақпарат, қанша жерден қызығушылық тудырғанмен, құпия қалуы қажет. Осы орайда биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сəйкес ҚР Азаматтық кодексін əзірлеу басталғанын ескеру қажет. Оны əзірлеу кезінде аса нəзік сұрақ туындайды: ақпарат тек ақпараттық заңнаманың реттеу нысаны ма, əлде азаматтық-құқықтық қатынастардың дербес элементі ме? Қазіргі таңда ақпарат ұғымына кең көзқараспен қарау – заман талабы. Себебі, ақпарат жай ғана мəлімет алмасу құралы болудан қалып, коммерциялық шешімдердің іргетасына айналды, тіпті экономикалық нарықтың өлшем бірлігі десек те қателеспейміз. Компаниялардың ақпараттық деректер қорына қол жеткізуі, клиенттер туралы мəліметтерді пайдалануы, серіктестеріне талдамалық материалдар беруі жəне құпиялылық туралы келісімдер жасауы ақпарат үғымы шеңберінің кеңейе түскенінің айқын үлгілері.
Тіпті, кейбір жағдайда кəсіпорынның бəсекеге қабілеттілігін оның материалдық активтерінен гөрі иелігіндегі ақпарат айқындайды. Сондай-ақ, ақпараттың құқықтық табиғаты плюралистік сипатқа ие болғандықтан, дербес деректер мен коммерциялық құпияны жəне зияткерлік еңбек нəтижесін бір қалыпқа сыйдыру мүмкін емес екенін атап өткеніміз абзал. Қолданыстағы Азаматтық кодексте жеке жəне отбасылық құпияны қорғау, ар-намыс, қадір-қасиет пен іскерлік беделді сақтау, қызметтік жəне коммерциялық құпияны қорғау жөніндегі нормалар орын алған. Алайда цифрлық экономиканың дамуы жəне ақпаратты пайдалану тəсілдерінің өзгеруі осы құқықтық тетіктердің қаншалықты жеткілікті екеніне күмəн тудырады. Шынайы құқықтық тепе-теңдік қисынды ассиметрияға негізделеді. Мемлекет қоғам алдында барынша ашық болуға міндетті, ал азамат үшінші тұлғалар алдында дəл солай ашық болуға міндетті емес. Жаңа Азаматтық кодекс «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» немесе «Дербес деректер жəне оларды қорғау туралы» салалық заңдарын көзсіз көшірмеуі тиіс. Оның іргелі мақсаты – деректердің қандай нысанда сақталатынына қарамастан, адамның жеке ақпараттық кеңістігін қорғайтын берік қалқан қалыптастыру. Бұл ретте журналистік еркіндік пен ақпарат тарату құқығы жеке өмірге қолсұғыл маушылық шегінен аттамауы шарт. Сонымен қатар, азаматтық құқық құпиялылықты тек қағаз жүзінде қорғаумен шектелмеуі керек. Ақпаратты пайдалану салдары да алдын ала түсінікті болғаны жөн.
Оның мақсаты, сақталу шарты мен шектеулері азаматтық айналымның тұрақтылығына жəне оның қатысушылары арасындағы сенімге тікелей əсер етеді. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің қарыштап дамуы аталмыш мəселеге тың көзқараспен қарауға мəжбүрлейді. Нейрожелілердің ақпаратты жасау, өңдеу жəне тарату тəсілдері адамның зияткерлік еңбегіне деген қоғамдық көзқарасты өзгертіп жатыр. Қазір адамның ой жүйелілігі, пікірінің бірізділігі немесе мəтінінің сауатты құрылуы кейде жасанды интеллекттің көмегімен жасалған жұмыстың белгісі ретінде қабылдана бастады. Соның салдарынан адам өз ойын өз бетінше жеткізе алатынын, талдай білетінін жəне зияткерлік туынды жасай алатынын дəлелдеуге мəжбүр болатын жағдайлар туындауы мүмкін. Бұл тек технология мəселесі емес. Ол адамның ар-намысына, қадірқасиетіне, авторлығына, кəсіби беделіне жəне ойлау дербестігіне қатысты мəселе болғандықтан аталмыш қаты настарды тек Цифрлық кодекс шеңберінде қалдыру жеткіліксіз деп есептеймін.
Арнайы заңнама жасанды интеллектті пайдалану тəртібін белгілей алғанымен адамның негізгі құқықтарын қорғау азаматтық заңнамада көрініс табуы қажет. Құқық зияткерлік еңбектің нəтижесін ғана емес, адамның өздігінен ойлайтын жəне шығармашылықпен айналысатын тұлға ретіндегі қадір-қасиетін де қорғауға лəзім. Жаңа Азаматтық кодексті əзірлеу кезінде ақпаратты арнайы əкімшілік немесе ақпараттық заңнаманың реттеу нысаны ретінде тұсамауымыз шарт. Қазіргі экономика мен күнделікті өмір əлдеқашан бұл шеңберден шығып кетті. Ақпарат əрбір дерлік шарттық қатынастың ажырамас бөлігіне айналды, бизнестің құнын қалыптастырады, іскерлік беделге əсер етеді жəне адамның өміріндегі ең жеке мəселелерге дейін араласады. Кейде қарапайым жауап күрделі сұрақтың мəнін аша алмайды, сол тəрізді жаңа Азаматтық кодекс те ақпарат атаулыны біріздендіруге жол ашса, мəселенің жұрнағы айшықталып түбірі ашылмай қалары сөзсіз. Бастысы ақпараттың алуан қырлы нысаны жеке тізбектеліп, əрқайсысын өз табиғатына сай, түсінікті əрі тиімді құқықтық қорғау тетіктерімен қамту. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, жаңа Азаматтық кодекс əзірлеу бастамасын қолдап, оның аясында жеке құқық саласында ақпарат атаулының толыққанды көрініс табуын қамтамасыз ету – жаңа заман талабының шешімі.
Меруерт АМИРХАНОВА, Мемлекет жəне қоғам коммуникацияларын дамыту департаменті Талдау жəне мемлекет мен қоғамның өзара іс-қимылын бағалау басқармасының басшысы


