Жетісу облысында онкологиялық ауруларды ерте анықтау, заманауи емдеу технологияларын енгізу және күрделі хирургиялық оталарды өңір деңгейінде орындау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде тұрғындарға көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің мүмкіндігі артып келеді. Өңірдегі онкологиялық қызметтің нәтижелері, жоғары технологиялық емдеу әдістері мен алдағы жоспарлар туралы Жетісу облыстық көпсалалы клиникасының директоры Өмірбаев Мадияр Аманкелдыұлымен сұхбаттастық.
– Мадияр Аманкелдыұлы, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша өңірдегі онкологиялық қызметтің нәтижесі қандай?
– Біздің басты мақсатымыз – қатерлі ісіктерді ерте анықтау, пациенттерді уақытылы емге бағыттау және медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру.
2026 жылдың тоғыз айында облыста қатерлі ісіктің 1018 жаңа жағдайы тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 1025 болған. Қазіргі таңда облыс бойынша 8140 онкологиялық пациент диспансерлік есепте тұр.
Аурулар құрылымында бірінші орында сүт безі обыры – 12,5 пайыз, екінші орында колоректальды обыр – 8,8 пайыз, үшінші орында асқазан обыры – 7,9 пайыз.
Ерте диагностикаға келсек, есепті кезеңде онкологиялық ауруларды 0–I сатыда анықтау көрсеткіші 36,4 пайызды құрады. Ал визуалды қолжетімді қатерлі ісіктердің III–IV сатыда анықталу үлесі өткен жылғы 11 пайыздан 9,5 пайызға дейін төмендеді.
Сондай-ақ тоғыз айдың қорытындысы бойынша Кешенді жоспардағы үш негізгі индикатордың барлығы орындалды. Бұл – медициналық ұйымдар арасындағы үйлесімді жұмыстың нәтижесі.
– Клиникада онкологиялық ауруларды емдеудің қандай заманауи технологиялары енгізілді?
– Соңғы жылдары клиниканың материалдық-техникалық базасын нығайтып, жоғары технологиялық медициналық көмектің түрлерін кеңейтуге басымдық беріп келеміз.
Соның бірі – радиожиілікті абляция (РЖА) әдісі. Бұл технология арнайы электрод арқылы жоғары температураның көмегімен ісік тіндерін жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бауыр ісіктерін емдеуде қолданылатын трансартериялық химиоэмболизация (ТАХЭ) әдісі де маңызды бағыттардың бірі.
Бұдан бөлек, клиникада HIPEC – гипертермиялық интраперитонеалдық химиотерапия технологиясы енгізілді. Бұл әдіс құрсақ қуысына таралған ісік жасушаларын емдеуде қолданылады. Операция кезінде ісік ошақтары алынып, құрсақ қуысына 42–43 градусқа дейін қыздырылған химиопрепарат енгізіледі.
Осы технологияны дамыту мақсатында клиникаға Италияда өндірілген арнайы HIPEC аппараты сатып алынды. Мамандардың біліктілігін арттыру және халықаралық тәжірибені меңгеру жұмыстары да жүргізілуде.
Мұндай технологиялардың енгізілуі өңір тұрғындарына күрделі медициналық көмекті өз облысында алуға мүмкіндік береді.
– Биыл клиникада Жетісу өңірінде алғаш рет күрделі бауыр операциясы жасалғаны белгілі. Осы туралы айтып өтсеңіз.
– Иә, 2026 жылдың қаңтарында клиникамызда өңірде алғаш рет радикалды оң жақ гемигепатэктомия отасы сәтті орындалды. Бұл – бауырдың оң жақ бөлігін алып тастауды көздейтін күрделі хирургиялық операция.
Ота бауыр обыры диагнозы қойылған 67 жастағы пациентке жасалды. Бұған дейін науқасқа трансартериялық химиоэмболизацияның үш курсы жүргізілген. Алайда ісік көлемінің ұлғаюына байланысты дәрігерлер консилиумы хирургиялық емдеу туралы шешім қабылдады.
Операция барысында бауырдың оң жақ бөлігі алынып, лимфа түйіндеріне лимфодиссекция жасалды. Күрделі хирургиялық араласуды клиниканың жетекші мамандары мен анестезиолог-реаниматологтардан құралған команда орындады.
Операция сәтті өтіп, пациенттің жағдайы тұрақтанды. Бұл – өңір хирургиясының мүмкіндігі артып келе жатқанын көрсететін маңызды жетістіктердің бірі.
– Клиникада жыл басынан бері қанша пациент ем қабылдады?
– 2026 жылдың тоғыз айында онкологиялық орталықта барлығы 4773 емдеу жағдайы тіркелді. Оның ішінде 3186 жағдай тәулік бойғы стационарда, 1587 жағдай күндізгі стационарда көрсетілді.
Әрбір пациенттің диагнозы, ауру сатысы мен жалпы жағдайы ескеріліп, емдеу тактикасы жеке анықталады. Қажет болған жағдайда мультидисциплинарлық топтың қатысуымен шешім қабылданады. Біздің міндетіміз – диагностикадан бастап емдеу мен кейінгі бақылауға дейінгі медициналық көмектің сабақтастығын қамтамасыз ету.
– Аудан тұрғындарына онкологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Онкологиялық ауруларды ерте анықтау алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарынан басталады. Сондықтан аудандық ауруханалар мен емханалардағы дәрігерлердің онкологиялық сақтығын арттыруға ерекше мән береміз.
Биылғы тоғыз айда клиниканың мониторинг және ішкі аудит тобы облыстың аудандық ауруханалары мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына 26 рет іссапар ұйымдастырды. Нәтижесінде 211 медицина қызметкері оқытылды.
Оқыту барысында онкологиялық аурулардың алдын алу, визуалды тексеру, скринингтік бағдарламаларды жүргізу және пациенттерді «Жасыл дәліз» қағидаты бойынша бағыттау мәселелері қамтылды.
Сонымен қатар аудандарда және клиникада ашық есік күндері өткізіліп, онкохирург, онкогинеколог және маммолог мамандарының консультациялары ұйымдастырылды. Ауыр жағдайдағы және асқынған онкологиялық аурулары бар пациенттерге де қосымша кеңес берілді.
– Алдағы уақытта онкологиялық қызметті дамытуда қандай міндеттерге басымдық беріледі?
– Алдағы уақытта онкологиялық ауруларды ерте анықтау көрсеткішін арттыру, асқынған жағдайлардың үлесін төмендету және жоғары технологиялық емдеу әдістерінің қолжетімділігін кеңейту жұмыстарын жалғастырамыз.
Сонымен қатар дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, халықаралық тәжірибені енгізу және күрделі хирургиялық оталарды өңірде орындау мүмкіндіктерін дамыту маңызды.
Біздің басты мақсатымыз – Жетісу тұрғындарына сапалы әрі заманауи онкологиялық көмекті өз өңірінде көрсету. Өйткені әрбір уақытылы қойылған диагноз бен дұрыс таңдалған емдеу тактикасы пациенттің өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады.


