Қазақ тілі – ана тілі

Қазақ тілі – халқымыздың талай тарихи кезеңдерден өтіп, бүгінгі күнге жеткен ұлы мұрасы. Ұлы даланың кең байтақ төсінде дүниеге келген жырлар мен дастандар, мақал-мәтелдер мен шешендік сөздер, батырлар жыры мен тарихи шежірелер – ана тіліміздің байлығы мен көркемдігін айқындайтын рухани жәдігерлер. Ата-бабаларымыз тіл арқылы ұрпағына өсиет қалдырып, елдік пен ерлікті, адамгершілік пен ізгілікті дәріптеген. Сондықтан қазақ тілін сақтау – тек сөздік қорды сақтау емес, халқымыздың тарихи жадын, ұлттық болмысын және рухани сабақтастығын сақтау деген сөз.

Тіл ‑ қоғамның жемісі.Туған тілдің абыройын асқақтату — әрбір адамзаттың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт ‑ санамыз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тіл —  мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухани, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл —  халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін ‑ ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз ‑ қазақ тілі. 

Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани болмысы мен тарихи жадының айнасы. Ана тілі – әрбір адамның дүниеге келген сәтінен бастап бойына сіңетін, жүрегіне жақын, қадірі мен қасиеті ерекше рухани құндылық. Ол – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан асыл мұра, ұлттық сананың қалыптасуына негіз болатын басты құрал. Қазақ халқы үшін ана тілі – қазақ тілі. Қазақ тілі – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпы мен дүниетанымын бойына жинақтаған қасиетті қазына.

Ана тіліне деген құрмет – Отанға деген сүйіспеншіліктің бастауы. Адам өз ана тілі арқылы туған халқының дүниетанымын танып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Тіл – адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін маңызды рухани негіз. Өз тілін құрметтеген адам өз тарихын, мәдениетін және елінің тәуелсіздігін де қадірлей біледі.

Қазақстан Республикасында қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілген. Бұл мәртебе еліміздің Ата Заңы – Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында бекітілген. Аталған баптың 1-тармағында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп нақты көрсетілген. Бұл – қазақ тілінің мемлекеттілік негіздерінің бірі ретіндегі құқықтық мәртебесін айқындайтын конституциялық норма.

Мемлекеттік тілдің мәртебесі – оның қоғамдық өмірдегі орны мен қызметін белгілейтін маңызды құқықтық кепілдік. Конституциялық талаптарға сәйкес, қазақ тілі мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу, іс қағаздарын жүргізу және қоғамдық қатынастардың өзге де салаларында қолданылады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы мемлекеттік тілдің қолданылуы мен дамуының құқықтық негіздерін қалыптастырады.

Ана тілі мен мемлекеттік тіл ұғымдары өзара тығыз байланысты болғанымен, олардың мәні әртүрлі. Ана тілі – адамның этномәдени және рухани тамырымен сабақтас ұғым болса, мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастарда қолданылатын, Конституциямен бекітілген ресми мәртебесі бар тіл. Қазақ тілі осы екі қасиетті де бойына жинақтаған: ол халқымыздың ана тілі әрі тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілі.

Қазақ тілінің дамуы мен өркендеуі – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оның беделін арттыру, тіл мәдениетін қалыптастыру әрбір азаматтың күнделікті өмірінен басталуы тиіс. Отбасында баланың ана тілінде тәрбиеленуі, білім беру ұйымдарында қазақ тілінде сапалы білім берілуі, мемлекеттік мекемелерде іс жүргізудің талапқа сай жүзеге асырылуы – тілдің дамуына негіз болатын маңызды бағыттар.

Әсіресе, құқықтық салада қазақ тілінің қолданылу сапасын арттырудың маңызы зор. Заңнамалық актілердің қазақ тілінде сауатты әзірленуі, құқықтық терминдердің бірізділігі, сот актілері мен ресми құжаттардың тілдік нормаларға сәйкес рәсімделуі – мемлекеттік тілдің құқықтық кеңістіктегі беделін арттырады. Азаматтардың заңнаманы ана тілінде түсінуі олардың құқықтық сауаттылығын көтеріп, өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс ұғынуына мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, сот төрелігін жүзеге асыру барысында тілге қатысты азаматтардың құқықтары сақталуы қажет. Қазақстан Республикасының процестік заңнамасында сот ісін жүргізу тілі, іске қатысушылардың өздері білетін тілде түсініктеме беруі және қажет болған жағдайда аудармашының көмегін пайдалану тәртібі қарастырылған. Бұл – заң алдындағы теңдік пен әділ сот төрелігін қамтамасыз ететін құқықтық кепілдіктердің бірі.

Қазіргі жаһандану дәуірінде қазақ тілінің дамуы жаңа міндеттерді алға тартады. Ғылым, білім, ақпараттық технологиялар, экономика, медицина және құқықтану салаларында қазақ тіліндегі сапалы мазмұнды көбейту – заман талабы. Ана тіліміз тек тұрмыстық қарым-қатынас тілі болып қалмай, заманауи білім мен ғылымның, кәсіби дамудың және инновацияның тіліне айналуы қажет. Ол үшін әрбір салада қазақ тіліндегі ғылыми еңбектерді, оқу құралдарын, электрондық ресурстарды және кәсіби терминологиялық қорды дамыту маңызды.

Жас ұрпақтың ана тіліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру да ерекше назар аударуды қажет етеді. Өйткені тілдің болашағы – бүгінгі ұрпақтың қолында. Баланың бойына ана тілін құрметтеу сезімін сіңіру ең алдымен отбасынан басталады. Ата-ананың балаға қазақ тілінде тәрбие беруі, ұлттық әдебиетті оқуға баулуы, тарих пен салт-дәстүрді танытуы – ұлттың рухани сабақтастығын жалғастырудың маңызды жолы.

Қазақ тілінің байлығы мен көркемдігін Абайдың даналық сөздері, Ахмет Байтұрсынұлының тіл біліміне қосқан еңбегі, Мағжан Жұмабаевтың сыршыл поэзиясы, Мұхтар Әуезовтің әдеби мұрасы айқын көрсетеді. Олардың шығармашылық мұрасы ана тіліміздің көркемдік мүмкіндіктерін танытып қана қоймай, оны құрметтеу мен дамытуға үндейді. Ұлт зиялыларының тіл тағдырына қатысты еңбектері бүгінгі ұрпақ үшін де рухани бағдар болып қала береді.

Қазақ тілін құрметтеу өзге тілдерді кемсіту немесе олардың маңызын төмендету дегенді білдірмейді. Керісінше, өз ана тілін қадірлеген адам өзге халықтардың да тілдері мен мәдениетіне құрметпен қарайды. Көптілділік пен мемлекеттік тілді дамыту бір-біріне қайшы келмейді. Ең бастысы – қазақ тілінің Қазақстан қоғамын біріктіретін ортақ рухани және мемлекеттік құндылық ретіндегі орнын нығайту.

Қазақстанның әр азаматы өзінің өміріндегі мұратына жету үшін мемлекеттік тілді білу керек екеніне, онсыз мансабының өспейтініне, тілсіз өз елінің толыққанды азаматы болып саналмайтынына көзі жеткенде ғана серпіліс болады деп есептеймін.

Тілдің тағдыры — елдің тағдыры, ол тек мемлекеттің саясатымен, мемлекеттік мекеменің ісімен шешілмейді. Мемлекеттік тілдің дамуы жолында қазақ халқының әр перзентінің атқаратын қызметі мен қосатын үлесі зор. Өйткені, тіл мәселесі өте маңызды мәселе, біріншіден, тіл — өзімізді ұлт ретінде сақтаудың қорғаны, екіншіден, барлық Қазақстандықтарды біріктіруші ортақ байлығымыз. Олай  болса, мемлекеттік тілді білу — әр жанұяның, әр ұжымның негізгі мақсаты, біз  тіл арқылы ғана ата-бабамыздан келе жатырған ұлттық құндылықтарымызды ұрпаққа аманаттай аламыз.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Ал «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңда мемлекеттік тілдің мемлекеттік басқару органдарында, оның ішінде соттарда қолданылуы нақты белгіленген. Сондықтан сот өндірісінде мемлекеттік тілдің басымдығын қамтамасыз ету – заң талаптарын орындаудың маңызды бөлігі.

Мемлекеттік тіл ‑ тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол мемлекеттіліктің, ұлттық бірегейліктің және тәуелсіздіктің негізі. Ал заң үстемдігі ‑ қоғам тұрақтылығы мен әділеттіліктің кепілі. Сондықтан заң үстемдігі мен мемлекеттік тіл ұғымдары өзара тығыз байланысты және құқықтық мемлекетті дамыту жолындағы маңызды құндылықтар болып табылады.

Қорыта айтқанда, қазақ тілі – халқымыздың ғасырлар бойы сақтап келген асыл мұрасы, ұлттық бірегейлігінің негізі және рухани тәуелсіздігінің тірегі. Ана тілімізді ардақтау – өткенге тағзым, бүгінге құрмет және болашақ алдындағы жауапкершілік. Оның мәртебесін көтеру тек заңмен белгіленген міндеттерді орындаумен шектелмей, әрбір азаматтың саналы іс-әрекетімен жүзеге асуы тиіс.

Ана тіліміз – ата-бабадан қалған аманат, келер ұрпаққа табыстар қасиетті мұра. Ендеше, қазақ тілінің қадірін біліп, оны күнделікті өмірде қолданып, таза әрі сауатты сөйлеу арқылы оның болашағына үлес қосайық. Өйткені ана тілін ардақтау – өз ұлтыңды ардақтау, ал өз тілін құрметтеген елдің рухы биік, болашағы берік болады !

Ақтөбе қаласының мамандандырылған

тергеу сотының аға сот приставы

Башенбаев Мағжан Қыдырханұлы

Мемлекеттік тілдің мерейін үстем ету – баршамыздың міндетіміз

Сот төрелігі – қоғамдағы әділдіктің өлшемі. Ал әділ сот...

Мемлекеттік тіл – ұлттық және рухани бірліктің басты факторы

Тіл – бірліктің бастауы, ал бірлік – мемлекеттің беріктігінің...

       Заңнама талаптарының сақталуы туралы түсіндірме жұмыстары

Мемлекеттік қызмет – қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты қамтамасыз...

Tatulyq.kz: зорлық-зомбылықтың алдын алуда қоғамның жауапкершілігі маңызды

Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз...

Ана тілі — асыл қазына

         Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Бұл...