Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде сотталғандар арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мақсатында өмірге деген оң көзқарасты қалыптастыруға және болашаққа деген сенімді нығайтуға бағытталған шығармашылық акция өткізілді.
Қатысушыларға «Бұл әлем қандай керемет», «Менің болашағым», «Бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірім», «Менің отбасым», «Менің мақсаттарым» тақырыптарын сурет, өлең және эссе арқылы ашу ұсынылды. Шығармашылық акцияға барлығы 20-ға жуық сотталған қатысты.
Өз жұмыстарында қатысушылар ойларымен, толғаныстарымен және үміттерімен бөлісіп, болашаққа деген жоспарларын, туған-туыстарымен қауышу армандарын және жаңа өмір бастауға деген ниеттерін жеткізді. Шығармашылық жұмыстар оларға өз сезімдерін білдіруге және әрбір адам үшін маңызды өмірлік құндылықтар туралы ойлануға мүмкіндік берді.
Акция қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған қатысушылар грамоталармен марапатталды.
Іс-шара барысында мекеме психологы Айнель Болат адам өмірінің құндылығы, қиындықтарды еңсеру жолдары, эмоцияларды басқару және дер кезінде психологиялық көмекке жүгінудің маңыздылығы туралы әңгіме өткізді.
– Жұмыс барысында мен отбасым және болашағымның қандай болғанын қалайтыным туралы ойландым. Ең басты арманым — үйге оралып, жақындарымды көру және бұрынғы қателіктерімді қайталамау. Енді алдыма мақсат қойып, жақсы өмірге ұмтылу маңызды екенін түсіндім, — деп бөлісті сотталғандардың бірі.
– Әр адам өмірлік жағдайларға қарамастан, өзіне және болашағына сенуі керек. Шығармашылық ішкі сезімдерді жеткізуге, өмірлік құндылықтарды қайта пайымдауға және алға қарай ұмтылуға күш табуға көмектеседі. Әрбір сотталған адам қандай қиындықтарды бастан өткерсе де, өз өмірін жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндігі бар екенін түсінуі маңызды. Осындай іс-шаралар қатысушыларға өз сезімдерін білдіруге, оң көңіл күйді нығайтуға және өмірдің қадірін түсінуге көмектеседі. Ең бастысы — үмітті, өзіне деген сенімді және оң өзгерістерге деген ұмтылысты жоғалтпау, — деп атап өтті мекеме психологы Айнель Болат.