«Менің отбасым — өмірге деген сенім мен үміттің бастауы»: Абай облысы бойынша ҚАЖ қауіпсіздігі орташа мекемесінде шығармашылық акция өтті

         Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде сотталғандар арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мақсатында «Менің отбасым — өмірге деген сенім мен үміттің бастауы» тақырыбында шығармашылық акция өткізілді.
          Іс-шараның негізгі мақсаты — сотталғандардың психологиялық жағдайын тұрақтандыру, өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыру, отбасылық құндылықтардың маңыздылығын арттыру және жақын адамдарымен эмоционалдық байланысын нығайту.
          Акцияның басты идеясы қатысушыларға отбасын махаббаттың, қолдаудың және үміттің қайнар көзі ретінде түсіндіру, жақындарына деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру, сондай-ақ оң өзгерістер мен жарқын болашаққа деген сенімін нығайту болды.
         Іс-шара барысында сотталғандар өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, отбасы тақырыбында суреттер салып, шынайы тілектерін қағаз бетіне түсірді, ойларымен, естеліктерімен және ішкі толғаныстарымен бөлісті. Өз жұмыстарында олар ата-аналарына, жұбайларына және балаларына деген сүйіспеншілігі мен ыстық ықыласын, туған-туыстарына деген сағынышын және отбасымен қайта қауышуға деген ниеттерін бейнеледі.
        Шығармашылық жұмыс қатысушыларға өз сезімдерін еркін жеткізуге, жеке естеліктеріне қайта оралуға, өмірлік құндылықтарды қайта пайымдауға және жақын адамдардың өмірдегі маңызы туралы ойлануға мүмкіндік берді.
       Іс-шара барысында мекеме психологы отбасындағы эмоционалдық қолдаудың рөліне, жақындармен қарым-қатынасты сақтаудың маңыздылығына, сондай-ақ өмірлік қиындықтарды еңсерудің тиімді жолдарын табу қажеттілігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар қатысушылармен жағымсыз эмоцияларды басқару, психологиялық тепе-теңдікті сақтау және дер кезінде психологиялық көмекке жүгіну мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
        – Отбасы — адамға күш-қуат беретін, үміт сыйлайтын және өмірге деген құлшынысын арттыратын басты тірек. Тіпті ең қиын жағдайларда да бізді жақсы көретін және бізді күтетін жандар бар екенін ұмытпауымыз керек. Осындай тәрбиелік-психологиялық іс-шаралар сотталғандардың эмоционалдық саулығын нығайтуға, әлеуметтік бейімделуіне ықпал етеді және суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады, — деп атап өтті мекеме психологы Гүлмира Сәдуақасова.