Қайырымдылықпен айналысатын таныс кісі бар. Әкімдікпен, қалталы азаматтармен бірлесіп, тұрмысы төмен отбасыларға көмек жеткізеді. Әңгімесін тыңдасаң, талай қызық нәрсені айтып береді. Бірде қыста біреу үйім суық, көмір керек деп хабарласыпты. Үш тонна көмір тиеп, көрсетілген мекенжайға барыпты. Екі қабатты зәулім үй тұр екен.
Әдетіне салып, сол маңнан кедейлеу тұрады-ау деген баспананы іздеген ғой. Сөйтсе, әлгі хабарласқан кісі үлкен үйден шығыпты. «Әбден ызаланғаным-ай. Өзім бір бөлмелі пәтер жалдап тұрамын. Мұндай үйді армандап та көрмегенмін. Ашуланып, әкелген көмірді түсірмей кетіп қалдым» дейді.
Өкінішке қарай, осылай асыра сілтейтіндер бар. Менің жазғаным – бір ғана мысал. Мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмекті жағдайы жақсы бола тұра алатындар туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан аз естіп жүргеніміз жоқ.
Соңғы Жолдауда Президент әлеуметтік көмек туралы мәселе көтерді. Мемлекет басшысы әлеуметтік көмекті шамадан тыс көбейту арқылы мемлекеттік басқарудағы қателіктерді жасырып, халықтың көңілін табу қалыпты жағдайға айналғанына кейіс білдірді. Өкініштісі сол, мұндай жағдай қоғамда масылдық көңіл-күйді күшейтіп отыр.
Бұл тек қарапайым адамдарға ғана қатысты емес. Кей кәсіпкерлер де мемлекеттен берілетін субсидияны табыс көзіне айналдырып алған. Мысалы, күні кеше шулаған жекеменшік орталықтарды алайық. Олар бюджеттен бөлінген қаражаттың нақты қалай жұмсалып жатқанын тексеруге қарсылық білдіріп жатыр. Сол секілді ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидияның да жалған мәліметтер арқылы алынғаны туралы естігенбіз. Мұны қалай масылдық емес деп айта аласың?
Негізі, мемлекет беретін әлеуметтік көмек мұқтаж адамдарға қолдау көрсетуге жұмсалуға тиіс. Алайда оны жеке басының пайдасына жаратып, өзгелердің есебінен күн көруге тырысатындарға жол беруге әсте болмайды. Президенттің көтеріп отырғаны да – осы мәселе. Қоғам да мұны түсінуі керек, мемлекеттік қызметшілер де бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалмауын қадағалауға тиіс.


