Cоңғы жылдары Қазақстан Республикасының сот жүйесі сот төрелігін жүзеге асыруға қойылатын заманауи талаптарды ескере отырып, жүйелі түрде дамып келеді. Судьялар корпусын қалыптастыру тәсілдері жаңартылып, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу және даярлау тетіктері жетілдірілуде, цифрлық технологиялар белсенді түрде енгізілуде. Сондай-ақ судьялардың кәсіби құзыреттілігіне және сот төрелігін жүзеге асыру сапасына қойылатын талаптар артып келеді. Осындай жағдайда судья кадрларын кәсіби даярлаудың және олардың үздіксіз дамуын қамтамасыз етудің тиімді жүйе сін қалыптастыру ерекше маңызға ие. Бұл үдерісте Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясы айрықша рөл атқарады. Академия қызметінің негізгі бағыттары, сондай-ақ өзекті білім беру және ғылыми жобалары туралы Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов әңгімелеп берген еді.
– Дмитрий Михайлович, бүгінгі таңда сот жүйесінің алдында көптеген жаңа міндеттер тұр. Осы міндеттерді шешуде судья кадрларын кəсіби даярлаудың рөлі қандай?
– Кəсіби судьялар корпусы – сот жүйесінің тиімді жұмыс істеуінің негізгі шарттарының бірі. Заңнаманы, процестік тетіктерді, ұйымдық құрылымды жəне цифрлық инфрақұрылымды жетілдірудің маңызы зор. Алайда түптеп келгенде, нақты іс бойынша шешімді судья қабылдайды. Сот арқылы қорғау сапасы судьяның кəсіби даярлық деңгейіне, құқықтық мəдениетіне, тəуелсіздігіне, объективтілігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Сондықтан Жоғары Сот Кеңесі үшін кəсіби əрі білікті судьялар корпусын қалыптастыру стратегиялық міндеттердің бірі болып табылады. Бұл ретте қазіргі заманғы кадрлық саясат іріктеу жəне тағайындау рəсімдерімен ғана шектелмеуге тиіс. Судьяның кəсіби қалыптасуының тұтас жүйесін құру қажет. Мұндай жүйе судьялыққа кандидаттарды даярлау мен бағалаудан басталып, олардың судьялық қызметті жүзеге асыруға бейімделуімен жалғасып, қызметтегі судьялардың кəсіби деңгейін тұрақты түрде арттыруды қамтамасыз етуге тиіс. Осындай жүйе аясында Сот төрелігі академиясына айрықша рөл жүктеледі. Оның міндеті тек білім беру қызметтерін көрсетумен шектелмейді, сонымен қатар сот төрелігін тиімді жүзеге асыру үшін қажетті кəсіби құзыреттерді қалыптастыруды да қамтиды.
– Сот төрелігі академиясын Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына беру маңызды институционалдық өзгеріс болды. Бұл қандай нəтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді?
– Ең алдымен, судьялар корпусын қалыптастыру міндеті мен оны кəсіби даярлау жүйесі арасындағы өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік туды. Жоғары Сот Кеңесі судьялар корпусын қалыптастыру саласындағы өкілеттікті жүзеге асырса, Академия тиісті кадрлардың кəсіби даярлығы мен біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді. Мұндай өзара іс-қимыл судьялыққа кандидаттар мен қызметтегі судьяларға қойылатын талаптарды жедел ескеруге, сот практикасы барысында туындайтын мəселелерді талдауға жəне осының негізінде білім беру бағдарламасының мазмұнын жетілдіруге жол ашады. Біз білім беруді жеке-дара бағыт ретінде емес, сот билігінің бірыңғай кадрлық саясатының құрамдас бөлігі ретінде қарастырамыз. Осыған байланысты кандидаттарды даярлау белгіленген рəсімдерден сəтті өтуді ғана емес, сонымен қатар судья мамандығының мəнін, оның ерекшеліктерін жəне судьяға жүктелетін жауапкершілікті терең түсінуді қалыптастыруға бағытталған.
– Академия қызметінің өзекті бағытының бірі – білім беру үдерісін бағалау мен талдаудың жаңа құралдарын енгізу. Атап айтқанда, білім алушыларға IQ-тестілеу жүргізу басталды. Оның мақсаты қандай?
– Кадрларды даярлаудың заманауи жүйесі объективті деректер мен талдау нəтижелеріне барынша негізделуге тиіс. Осыған байланысты Кеңес Академияда білім беру аналитикасының құралдарын енгізуді қолдайды. Ағымдағы оқу жылынан бастап білім алушыларға IQ-тестілеу жүргізілуде. Оның нəтижесі, ең алдымен, бастапқы көрсеткіштер ретінде қарастырылады. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштерді оқу нəтижелерімен жəне кəсіби даму деңгейімен салыстыруға болады. Бұл ретте кəсіби іріктеуді когнитивтік тестілеумен алмастыру туралы сөз болып отырмағанын атап өткен жөн. Мұндай құралдар адамның судья мамандығына дайындығын өздігінен толық сипаттай алмайды. Оның негізгі міндеті – білім алушылардың бастапқы сипаттамалары туралы қосымша объективті ақпарат алу, олардың даярлық деңгейінің өзгеру динамикасын бағалау жəне осының негізінде білім беру əдістемелерін жетілдіру. Болашақта тиісті деректерді жинақтау жəне талдау Академияға білім беру бағдарламаларының тиімділігін неғұрлым дəл бағалауға жəне оларды одан əрі жетілдіру жөнінде шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
– Болашақ судьялардың цифрлық құзыреттерін дамыту заманауи қажеттілік. Осы бағытта Академияда қандай өзгерістер жүзеге асырылуда?
– Сот жүйесі қазірдің өзінде цифрлық трансформация жағдайында жұмыс істеуде, ал цифрлық технологиялардың маңызы алдағы уақытта одан əрі арта түседі. Электрондық сот ісін жүргізу, цифрлық дəлелдемелер, ақпараттық жүйелер, үлкен көлемдегі деректер, сондай-ақ жасанды интеллект технологиялары біртіндеп судьяның күнделікті кəсіби қызметінің ажырамас бөлігіне айналуда. Осындай жағдайда судьялар терең заңгерлік біліммен қатар, цифрлық құзыреттіліктің де жеткілікті деңгейіне ие болуы, заманауи технологиялардың мүмкіндігі мен шектеулерін түсінуі жəне оларды заңнама талаптары мен кəсіби этика нормаларын ескере отырып қолдана білуі тиіс. Ағымдағы оқу жылында Академияның білім беру бағдарламасына сот қызметіндегі цифрлық құралдарға арналған арнайы пəн енгізілді. Алдағы уақытта жаңа технологиялық шешімдердің пайда болуын ескере отырып, осы бағыттағы оқу мазмұнын кезең-кезеңімен дамыту көзделіп отыр. Жасанды интеллектті пайдалану мəселелеріне ерекше назар аудару қажет. Сот жүйесі үшін технологиялық мүмкіндіктер ғана емес, сонымен қатар құқықтық, этикалық жəне кəсіби шектеулерді сақтау да айрықша маңызды. Судья заманауи құралдарды пайдалана алады, алайда сот шешімі, оның заңдылығы мен негізділігі үшін жауапкершілік əрдайым адамның өзіне жүктеледі.– Судьялыққа кандидаттарды даяр лаудың жаңа бағыттарының бірі – референдиат институты.
Оның алғашқы жылғы жұмыс нəтижелерін жəне одан əрі даму перспективаларын қалай бағалайсыз?
– Референдиат – судья лауазымына орналасуға арналған біліктілік емтиханына кандидаттарды даярлау жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі. Іске асырылған алғашқы жылдың өзінде бұл формат үлкен сұранысқа ие болды. Оның ерекшелігі – қажетті заңгерлік даярлығы мен кəсіби тəжірибесі бар кандидаттардың магистратурада оқымай-ақ, біліктілік емтиханына мақсатты түрде дайындалуына мүмкіндік беруінде. Сонымен қатар біз референдиатты жай ғана дайындық курсы ретінде қарас тырмаймыз. Оның мазмұны болашақ судьяға қажетті теориялық білім мен практикалық құзыреттерді қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Сондықтан референдиат бағдарламасы оны іске асыру нəтижелерін, қатысушылардың кері байланысын жəне кандидаттарға қойылатын өзекті талаптарды ескере отырып, тұрақты түрде жетілдіріліп отыруы қажет. Ағымдағы жылы бағдарламаны одан əрі жетілдіру көзделген. Құқықтың негізгі салалары бойынша даярлық күшейтіліп, сондай-ақ біліктілік емтиханының жекелеген маңызды кезеңдеріне ерекше назар аударылуда. Сабақтарды өткізуге Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері, Кеңес аппаратының қызметкерлері, Академияның профессор-оқытушылар құрамы, практик судьялар мен сарапшылар тартылады. Академиялық жəне практикалық даярлықты ұштастыру кандидаттарға болашақ кəсіби қызметі мен судьяға қойылатын талаптар туралы неғұрлым тұтас түсінік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Судья кəсіби тұрғыдан дамуы үшін үздіксіз ізденіп, білімін жетілдіруі керек қой?
– Əрине. Судья лауазымына тағайындалу – даярлықтың аяқталуы емес, кəсіби дамудың жаңа кезеңінің басталуы. Заңнама үнемі жетілдіріліп, даулардың жаңа санаттары пайда болуда жəне сот практикасы дамып келеді. Мұның барлығы судьядан білімін ұдайы жаңартып, кəсіби құзыреттерін жетілдіріп отыруды талап етеді. Сондықтан Кеңес судьялардың біліктілігін арттырудың неғұрлым нысаналы жүйесіне көшу үдерісін жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Мұндай жүйеде оқыту мазмұны судьялар қауымдастығының жалпы қажеттіліктерімен ғана емес, нақты кəсіби міндеттерімен де айқындалады. 2025 жылдан бастап енгізілген тақырыптық бағыттағы дербестендірілген курстардың маңызы ерекше. Мұндай формат судьялардың жекелеген санаттарының кəсіби қажеттіліктерін ескеруге жəне олардың оқу үдерісін нақты мақсаттарға бағыттап ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Біліктілікті арттыру курстары аясында жоғары тұрған сот сатыларында қысқа мерзімді практикалық сабақтарды ұйымдастыру да перспективалы бағыттың бірі болып табылады. Мұндай формат судьяларға істердің күрделі санаттарын қарау тəжірибесімен тікелей танысуға, нақты сот жағдайларын талқылауға, əртүрлі құқықтық тəсілдерді салыстыруға жəне сот практикасының бірізділігін қамтамасыз ету мəселелеріне ерекше назар аударуға жол ашады.
– Академияның ғылыми қызметін дамытуға да айтарлықтай көңіл бөлінуде. Бұл бағыт неліктен стратегиялық маңызға ие?
– Академияның ғылыми əлеуетін дамыту – бүкіл соттың білім беру жүйесін ұзақ мерзімді перспективада дамытуға салынған инвестиция. Егер біз судьяларды даярлаудың заманауи жүйесін қалыптастыруға ұмтылсақ, онда терең теориялық білімге ие болып қана қоймай, сот қызметінің ерекшеліктерін, құқық қолданудың өзекті мəселелерін жəне сот практикасының қажеттіліктерін түсінетін өз оқытушыларымыз бен зерттеушілеріміз болуы қажет. Осыған байланысты 2025 жылдан бастап Кеңес Академияның өзіндік ғылыми мектебін қалыптастыру үшін қажетті институционалдық негіздерді құрды. Ғылыми-педагогикалық жəне бейіндік бағыттар бойынша докторантура ашылды, Академияның ғылыми журналы Ғылым жəне жоғары білім министрлігі ұсынған ғылыми басылымдар тізбесіне енгізілді. Сонымен қатар Академия алғаш рет ғылыми қызмет субъектісі ретінде аккредиттеуден өтті. Мұның барлығы ғылыми жұмысты одан əрі дамытуға қажетті жағдайлар жасайды. Болашақта Академия ғылыми білімді тұтынушы ғана емес, оны қалыптастыратын жəне тарататын толыққанды орталыққа айналуға тиіс. Академияның ғылыми қызметінің маңызды əрі тұрақты құрамдас бөлігі – халықаралық дөңгелек үстелдер, конференциялар, ғылыми жұмыстар конкурстарын өткізу, сондай-ақ осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейту болып табылады. Академияның оқытушылары мен қызметкерлерінің халықаралық ғылыми жарияланымдар белсенділігін арттыруға жəне оларды заманауи ғылыми зерттеулерге тартуға ерекше көңіл бөлінеді.
– Академия қызметінің ақпараттық ашықтығы мен кəсіби медиаконтентін дамытуға қаншалықты көңіл бөлінген?
– Бүгінде ақпараттық ашықтық заманауи білім беру ұйымы қызметінің маңызды құрамдас бөлігі əрі оның қызметіне деген сенімді қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі болып табылады. Бұл бағытта Академия Кеңеспен бірлесіп ауқымды жұмыс атқарды. Мақалалар мен сұхбаттар жарияланып, теледидар жəне радио хабарлары ұйымдастырылды, оқытушылар мен білім алушылардың қатысуымен тікелей эфирлер өткізілді. Алғаш рет Академия қызметінің нəтижелері Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында таныстырылды. Бұл Академия қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, оның ақпараттық кеңістіктегі ауқымын кеңейту жəне қоғамның сенімін нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Алдағы уақытта бұл бағытты жүйелі түрде дамыту қажет. Академия – судьялыққа кандидаттар, қызметтегі судьялар, заңгерлік қоғамдастық өкілдері мен ғылыми орта үшін ашық əрі танымал кəсіби орталыққа айналуға тиіс. Осыған байланысты білім беру жəне кəсіби медиаконтентті одан əрі дамыту, заңгерлік, сарапшылық жəне академиялық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен ашық дəрістер, кəсіби кездесулер, пікірталастар жəне басқа да іс-шаралар өткізу көзделіп отыр. Бұл ретте ақпараттық жұмыс тек Академияның қызметін жариялаумен ғана шектелмеуге тиіс. Оның ақпараттық ресурстары сот төрелігінің, сот практикасының, заңнаманың өзекті мəселелерін жəне сот білімін дамытудың жай-күйін кəсіби тұрғыдан талқылауға арналған алаңға айналуы маңызды.
– Орта мерзімді перспектива туралы айтатын болсақ, алдағы жылдары Сот төрелігі академиясын қандай деңгейде көргіңіз келеді?
– Академия судьялар корпусын даяр лау, олардың кəсіби дамуын қамтамасыз ету жəне ғылыми тұрғыдан сүйемелдеу жөніндегі толыққанды ұлттық орталыққа айналуға тиіс. Бұл бірнеше бағытты біртұтас жүйеге біріктіруді білдіреді. Атап айтқанда, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, референдиат, қызметтегі судьялардың біліктілігін арттыру, ғылыми зерттеу, цифрлық білім беру, халықаралық ынтымақтастық, кəсіби қоғамдастықты дамыту бағыттары өзара сабақтастықта жүзеге асырылуға тиіс. Бұл ретте Академия қызметінің тиімділігін бағалаудың басты өлшемі өткізілген іс-шаралардың саны емес, олардың судья кадрларының кəсіби құзыреттерін дамытуға тигізетін ықпалы болуға тиіс. Сондықтан Академия қызметін 2027 жылға дейін жетілдіру туралы мен бекіткен жоспарды іске асыру Кеңес тарапынан институционалдық дамудың жүйелі үдерісі ретінде қарастырылады.
– Жүргізіліп жатқан жұмыстың түпкі мақсаты не?
– Басты мақсат – кəсіби білікті, тəуелсіз əрі жауапты судьялар корпусын қалыптастыру. Академия қызметінің барлық бағыттары дəл осы мақсатқа қол жеткізуге бағытталуға тиіс. Сапалы іріктеу – сапалы даярлықпен ұштасуға тиіс. Даярлық – үздіксіз кəсіби дамумен сабақтасуы қажет. Білім беру – ғылыммен жəне сот практикасымен үйлесуі керек. Ұлттық тəжірибе – халықаралық кəсіби тəжірибе алмасумен ұштасуы тиіс. Ал заманауи технологиялар – судья ның тəуелсіздігі, бейтараптығы мен жауапкершілігі сияқты іргелі қағидаттармен үйлесім табуы қажет. Жоғары Сот Кеңесі үшін бұл – ұзақ мерзімді əрі жүйелі міндет. Сондықтан Сот төрелігі академиясын дамыту тек сот білім беру жүйесі үшін ғана маңызды емес. Судья кадрларын даярлауға жəне олардың кəсіби дамуына инвестиция салу – бұл, түптеп келгенде, сот төрелігінің сапасын арттыруға, заң үстемдігін нығайтуға жəне құқықтық мемлекетті одан əрі дамытуға қосылған үлес. Сот төрелігі академиясының стратегиялық маңызы да осында – судьяның кəсіби қалыптасуын қамтамасыз ететін заманауи, үздіксіз жəне практикалық қызметке бағдарланған жүйені қалыптастыруда.
Түймегүл ИБАШЕВА, «Заң газеті»


