Сот шешімдерін орындау азаматтық сот ісін жүргізудің маңызды кезендерінің бірі болып табылады. Өйткені дәл осы кезеңде азаматтардың, ұйымдардың және мемлекеттің сот арқылы қорғалған құқықтары мен заңды мүдделерінің нақты жүзеге асырылуы қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңды күшіне енген сот актілері еліміздің барлық аумағында міндетті түрде орындалуға жатады. Бұл талап заңдылықты, құқықтық тәртіпті және сот билігінің беделін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сот шешімін орындау мәселелері Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі — ҚР АПК) 241 – бабымен реттеледі. Аталған бапқа сәйкес, сот шешімі дереу орындалуға жататын жағдайларды қоспағанда, заңды күшіне енгеннен кейін орындауға жіберіледі.
Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін бірінші сатыдағы сот атқару парағын рәсімдейді. Бұл атқарушылық іс жүргізуді қозғауға және сот актісінің орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған тиісті шараларды қабылдауға негіз болып табылатын құжат.
ҚР АПК-нің 241 бабына сәйкес, атқару парағын бірінші сатыдағы сот шешім заңды күшіне енген күннен бастап немесе істің жоғары тұрған сот сатысынан қайтарылған күннен бастап бес жұмыс күн ішінде дайындайды.
Атқару парағында сот туралы, істің нөмірі, шешімнің шығарылған күні, сот актісінің қарар бөлігі, өндіріп алушы мен борышкер туралы және заңда көзделген өзге де қажетті мәліметтер көрсетілуі тиіс.
Күнделікті қызмет барысында сот қызметкерлері сот шешімдерінің орындалуын ұйымдастырушылық тұрғыдан қамтамасыз етуге тікелей қатысады. Бұл кезеңдегі сот қызметкерлерінің негізгі міндеттеріне:
сот шешімінің заңды күшіне енгенін тексеру;
атқару парағын уақтылы дайындау;
атқару құжатында көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын тексеру;
атқару парағын сот шешімінің қарар бөлігіне сәйкестігін қамтамасыз ету;
атқару парағын өндіріп алушыға беру немесе заңда белгіленген тәртіппен орындауға жолдау;
іс жүргізу құжаттарының тиісті түрде рәсімделуін және белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз ету жатады.
Атқару құжаттардың дұрыс рәсімдеуге ерекше назар аударылады. Тараптардың жеке деректеріндегі, өндіріп алу сомасындағы немесе сот шешімінің қарар бөлігіндегі болмашы қателіктердің өзі атқару құжатының кері қайтарылуына және сот шешімінің орындалу процесінің созылуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан сот қызметкерлері өз жұмысында мұқияттылықы, жауапкершілікті танытып, белгіленген процестік мерзімдерді қатаң сақтауы қажет.
Атқарушы құжат берілгеннен немесе орындауға жіберілгеннен кейін сот шешімін мәжбүрлеп орындату одан әрі Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Заңына сәйкес сот орындаушылары арқылы жүзеге асырылады. Сот орындаушылары атқару құжатында көрсетілген талаптарды орындау үшін заңда көзделеген шараларды қабылдайды. ҚР АПК-нің 241-бабына сәйкес, сот орындаушысы атқару құжаты орындалғаны туралы мәліметті, шешім шығарған сотқа он жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті. Ал белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, орындамау себептері туралы ақпарат ұсынуы тиіс. Осылайша, соттар мен атқарушылық іс жүргізу органдары арасындағы өзара іс-қимыл сот актілерінің уақытылы әрі толық орындалуын қамтамасыз етудің маңызды шарты болып табылады.
Заңды күшіне енген сот шешімдерін орындамау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
Сот актілерінің міндетті түрде орындалуы – сот төрелігінің негізгі қағидаттарының бірі. Азаматтар да, ұйымдар да заңды күшіне енген сот шешімінде белгіленген талптарды өз бетінше елемеуге немесе орындаудан бас тартуға құқылы емес.
Сот актілерін уақытылы орындалуы азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға, қоғамның құқықтық мәдениетін арттыруға және заң үстемдігі қағидатын қамтамыз етуге ықпал етеді.
Қорытындылай келе, сот шешімдерін орындау азаматтық сот ісін жүргізудің ажырамас әрі аса маңызды бөлігі болдып табылатынын атап өткім келеді.
Сот жүйесіндегі соттың қызметі азаматтық істерді қараумен және сот шешімдерін шығарумен ғана шектелмейтінін түсінемін. Сот актілерін тиісінше рәсімдеу және оларды уақытлы орындауға жіберу де маңызды міндеттердің бірі болып табылады.
Әрбір сот қызметкері өз лауазымдық міндеттерін сапалы орындау қажет. Себебі атқару құжаттарының дұрыс әрі уақытылы рәсімделуі сот процесіне қатысушылардың құқықтарын іске асыруға тікелей әсер етеді.
Менің ойымша, сот шешімдерінің тиімді орындалуы — сот төрелігінің нәтижесін көрсететін негізгі өлшемдердің бірі. Өйткені сот шешімінің әділдігі, азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілген кезде ғана нақты мәнге ие болады.
Бурекешова Диана Амангелдиевна, Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сотының бас маманы —
сот отырысының хатшысы


