Мемлекеттік тіл – елдігіміздің айғағы, бірлігіміздің бастауы. Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани өзегі, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен дүниетанымының айнасы. Ана тілі арқылы ұлттың тарихы сақталып, салт-дәстүрі сабақтасып, ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жетеді. Сондықтан тілді құрметтеу – өткенге тағзым ету ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілікті сезіну.
Қазақ халқы үшін ана тілі – ата-бабадан қалған баға жетпес мұра, ұлттық болмысымыздың басты белгісі. Тіліміздің байлығы мен көркемдігі халқымыздың даналығынан, шешендік өнерінен, жыр-дастандары мен мақал-мәтелдерінен айқын көрінеді. Ғасырлар бойы елдің бірлігі мен ынтымағын сақтауға қызмет еткен қазақ тілі бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілі ретінде ерекше маңызға ие.
Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген тағылымды сөзі тілдің ұлт өміріндегі орнын терең аңғартады. Шынында да, тілін сақтаған халық қана өзінің тарихи жадын, ұлттық ерекшелігін және рухани тұтастығын сақтай алады. Демек, ана тілімізді ардақтау – әрбір азаматтың азаматтық парызы.
Мемлекеттік тіл – құқықтық мемлекеттің маңызды құндылығы. Қазақ тілінің қоғам өміріндегі қолданыс аясын кеңейту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Әсіресе, мемлекеттік органдардың қызметінде қазақ тілінің кеңінен қолданылуы оның мәртебесін нақты іспен нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте сот жүйесінің атқаратын рөлі айрықша.
Сот – заң үстемдігі қамтамасыз етілетін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалатын маңызды мемлекеттік институт. Сондықтан сот қызметінде мемлекеттік тілді дамыту тек тіл саясатының міндеті ғана емес, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың да маңызды құрамдас бөлігі болып саналады.
Сот төрелігін жүзеге асыру барысында әрбір азаматтың өз ойын еркін жеткізуіне, өтініштері мен уәждерінің дұрыс түсінілуіне, іс материалдарымен танысуына және өз құқықтарын қорғауына қажетті жағдай жасалуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, сот ісін жүргізуде қазақ тілінің қолданылуы азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, сот пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Сонымен қатар сот ісін жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік, Қылмыстық-процестік және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстерімен, сондай-ақ өзге де заңнамалық актілермен реттеледі. Заң талаптарын сақтау, іске қатысушылардың процестік құқықтарын қамтамасыз ету және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – сот жүйесі қызметінің өзара сабақтас бағыттары.
Сот саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – ортақ міндет. Бүгінде сот жүйесінде мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Сот актілерін, ресми хаттарды және қызметтік құжаттарды мемлекеттік тілде әзірлеу, құжат айналымында қазақ тілін кеңінен пайдалану, қызметкерлердің тілдік сауаттылығын арттыру – осы бағыттағы маңызды шаралар.
Мемлекеттік тілді дамыту тек құжаттарды қазақша рәсімдеумен шектелмеуі керек. Ол – заң терминдерін дұрыс қолдану, құқықтық ұғымдарды нақты жеткізу, ресми мәтіннің сауаттылығы мен түсініктілігін қамтамасыз ету, азаматтармен қарым-қатынаста тіл мәдениетін сақтау деген сөз.
Искалиева Айғаным Камидуловна, Батыс Қазақстан облыстық мамандандырылған
ауданаралық экономикалық соты
әкімшісінің орынбасары


