ЕСІРТКІНІ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЕМЕС МАҚСАТТА ТҰТЫНУ – ҚОҒАМҒА ТӨНГЕН ҚАУІП

Есірткі құралдарын медициналық емес мақсатта тұтыну – бүгінгі қоғамның ең күрделі әлеуметтік мәселелерінің бірі. Есірткіге тәуелділік жеке адамның денсаулығына ғана зиян келтіретін құбылыс емес. Оның салдары отбасыға, еңбек ұжымына, балалардың тәрбиесіне, қоғамдық қауіпсіздікке және тұтастай алғанда мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығына әсер етеді.

Есірткі тұтынатын адамның мәселесі көп жағдайда оның жеке басының шеңберінен шығып, жақындары мен айналасындағы адамдардың өміріне әсер етеді. Адамның мінез-құлқы өзгеріп, денсаулығы нашарлап, әлеуметтік байланыстары әлсірейді, отбасындағы түсініспеушілік пен жанжалдар көбейеді. Уақыт өте келе бұрынғы өмір салты, еңбекке деген жауапкершілік және қоғам алдындағы міндеттер екінші орынға ығысуы мүмкін.

Тәуелділікке шалдыққан адамның мінез-құлқындағы өзгерістер отбасы мүшелеріне психологиялық және материалдық қиындықтар әкелуі мүмкін. Отбасылық қаражат есірткі сатып алуға жұмсалуы, қарыздардың пайда болуы, сенімнің жоғалуы және тұрақты жанжалдардың туындауы отбасының әлеуметтік жағдайын нашарлатады.

Әсіресе балалардың жағдайы алаңдатады. Ата-анасының есірткі тұтынуы баланың қалыпты тәрбиесі мен қауіпсіз ортада өсуіне кері әсер етуі ықтимал. Бала отбасындағы тұрақсыздықтың куәсі болып, психологиялық тұрғыдан зардап шегуі мүмкін. Осылайша бір адамның зиянды әдеті бірнеше адамның тағдырына әсер етеді.

Есірткіні медициналық емес мақсатта тұтыну қоғамдық қауіпсіздік мәселесімен де тікелей байланысты.  Есірткі қолданған адамның психикалық және физикалық жағдайы өзгеруі мүмкін. Мұндай жағдайда жол-көлік оқиғаларының, тұрмыстық жанжалдардың және басқа да құқық бұзушылықтардың орын алуы артады.

Есірткі тұтынудың тағы бір маңызды салдары – еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі.

Есірткіге тәуелді адам өзінің кәсіби міндеттерін толық орындаудан қалып, еңбек тәртібін бұзуы немесе жұмысынан айырылуы мүмкін. Бұл тек оның жеке табысына емес, отбасының материалдық жағдайына да әсер етеді.

Ал еңбекке қабілетті адамның әлеуметтік жүйеден шығуы мемлекет үшін де қосымша жүктеме туғызады. Медициналық көмек көрсету, оңалту, әлеуметтік қолдау және құқық қорғау органдарының жұмысы белгілі бір материалдық ресурстарды талап етеді.

Демек, есірткіні медициналық емес мақсатта тұтынудың салдары жеке адамның денсаулығына келетін зиянмен шектелмейді. Оның әлеуметтік және экономикалық зардабы да бар.

Осы қоғамдық қауіптерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында есірткіні медициналық емес мақсатта тұтынғаны үшін жауаптылық көзделген.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-1-бабында есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтынғаны үшін, егер әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, әкімшілік жауаптылық белгіленген.

Заңның бұл нормасы қоғамдағы есірткіні тұтынудың алдын алуға және мұндай әрекеттерге құқықтық баға беруге бағытталған.

Бұл ретте әрбір істі қарау кезінде адамның кінәсі заңда белгіленген тәртіппен дәлелденуі, дәлелдемелер жан-жақты және объективті бағалануы, сондай-ақ әкімшілік және қылмыстық жауаптылықтың ара-жігі нақты ажыратылуы тиіс.

Есірткі мәселесін тек жазалау арқылы шешу мүмкін емес. Құқықтық жауаптылықпен қатар профилактикалық жұмыстардың маңызы зор.

Ата-ана баласының кіммен араласатынына, бос уақытын қалай өткізетініне және мінез-құлқындағы өзгерістерге мұқият қарау қажет. Мектептер мен жоғары оқу орындарында есірткінің зияны туралы формалды түсіндірумен шектелмей, жастарға нақты өмірлік мысалдар арқылы ақпарат беру маңызды.

Есірткіні тұтыну кейде адамның жеке таңдауы ретінде қабылданады. Алайда оның салдары жеке адамның шеңберінде қалмайды.

Бір адамның тәуелділігі – отбасының күйзелісіне, балалардың тағдырына, еңбек ұжымындағы қиындықтарға, қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қатерге және мемлекетке түсетін әлеуметтік жүктемеге айналуы мүмкін.

Сондықтан есірткінің алдын алу – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл –ортақ жауапкершілік.

Есірткісіз қоғам қалыптастыру үшін ең маңыздысы – құқық бұзушылық орын алғаннан кейін ғана әрекет ету емес, оның алдын алу. Жастарға дұрыс бағыт беру, отбасындағы қолдауды күшейту, тәуелді адамдарға уақтылы медициналық және әлеуметтік көмек көрсету және заң талаптарын сақтау – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетіктері.

Айман Азмуханова, Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы 

Таяу Шығыс: Сирияда миллиондаған адам үйлеріне оралды

Сирияда ұзақ жылдарға созылған қақтығыстардан кейін ел тұрғындарының бір...

АҚШ, Қытай және Ресей басшылары маңызды кездесу өткізуге дайындалуда

2026 жылғы 17 қарашадағы маңызды халықаралық жаңалықтардың бірі —...

Сот-заңнамалық реформалар тәуелсіздікті арттырады

Сот төрелігін, сондай-ақ, заңдарды жетілдіру заман талабы. Өйткені, бұлар...

Кәсіби этика сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді

Ел Конституциясы адамға бағдарланған мемлекет қағидатына негізделген, сондықтан, мемлекеттік...

Впервые разработан законопроект с помощью ИИ-платформы AI-Quryltai

Проект нового закона «О цифровой и информационной безопасности детей»...