Тіл – ұлттың рухани қазынасы, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен тарихын сақтайтын баға жетпес құндылық. Ана тілі арқылы әр халық өзінің салт-дәстүрін, дүниетанымын, ұлттық болмысын ұрпақтан ұрпаққа жеткізеді.
Қазақ халқы үшін ана тілі – ел тәуелсіздігімен, ұлттық санамен және рухани бірлікпен тығыз байланысты. Қазақ тілі – халқымыздың тарихын, әдебиетін, өнерін, салт-дәстүрін бойына сіңірген қасиетті тіл.
Тілдің дамуы – тек мемлекеттің немесе белгілі бір мекеменің міндеті емес. Бұл – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Ана тілін құрметтеу отбасынан басталады. Бала ең алдымен ата-анасынан туған тілінің қадірін үйренеді. Үйде қазақша сөйлеп, кітап оқып, ұлттық мәдениетті дәріптеген отбасы елдің тілдік болашағына үлкен үлес қосады.
Қазіргі таңда қазақ тілінің қолданылу аясы кеңейіп келеді. Мемлекеттік тіл білім беру, ғылым, мәдениет, бұқаралық ақпарат құралдары және қоғамдық өмірдің көптеген саласында қолданылуда. Дегенмен тілдің шын мәнінде өміршең болуы үшін оның тек ресми ортада ғана емес, күнделікті қарым-қатынаста да кең қолданылуы маңызды. Тілді сақтау – оны білу ғана емес, оны құрметтеп, тұрақты түрде қолдану.
Ұлттың болашағы – жас ұрпақтың қолында. Сондықтан жастардың қазақ тілін еркін меңгеруі оны заманауи ғылымда, технологияда, шығармашылықта және күнделікті өмірде қолдануы аса маңызды. Қазақ тілі заманауи әрі бәсекеге қабілетті тілге айналуы үшін әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымық керек.
Қорыта айтқанда, тіл – халықтың жүрегі мен жаны. Тілі бар халықтың рухы да, тарихы да, ұлттық болмысы да сақталады. Ана тілімізді ардақтау – өткенімізді құрметтеу ғана емес, болашағымызды қорғау. Сондықтан қазақ тілін сақтау, дамыту және оның мәртебесін көтеру – баршамызға ортақ міндет.
Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты әкімшісінің басшысы Айгүл Сулейменова


