Азаматтардың құқығы бұзылса, қайда жүгіну керек?

Өз құқығыңды білу – өзіңді қорғаудың алғашқы қадамы. Әрбір адам өмірінде түрлі жағдайларға тап болуы мүмкін. Біреу еңбек ақысын уақытында ала алмайды, енді біреу сапасыз тауарға немесе көрсетілмеген қызметке ақы төлейді. Кейбір азаматтар мемлекеттік органның шешімімен келіспейді, ал басқалары отбасылық, мүліктік немесе өзге де құқықтық дауларға кезігеді. Осындай сәттерде көпшілікті бір сұрақ мазалайды: құқығым бұзылса, қайда жүгінуім керек және өз мүддемді қалай қорғайаламын?
            Бұл сұрақтың жауабы әрбір азамат үшін маңызды. Себебі құқықтық сауаттылық – тек заңдарды білу емес, сонымен қатар қиын жағдайдан заңды жолмен шығудың дұрыс шешімін таба білу. Өз құқығын білетін адам мәселеге бейжай қарамайды, заңсыздыққа үнсіз көнбейді және өз мүддесін қорғаудың заңда көзделген мүмкіндіктерін пайдаланады.
            Қазақстан Республикасында адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға конституциялық кепілдік берілген. Әркім өз құқықтары мен заңды мүдделерінің сот арқылы қорғалуына құқылы.  Бұл – азаматтың әділдікке қол жеткізуіне мүмкіндік беретін маңызды құқықтық кепілдіктердің бірі.
          Алайда құқық бұзылған жағдайда бірден қайда жүгіну керектігін білу қажет. Өйткені әрбір даудың өзіндік ерекшелігі бар және оны шешудің тәртібі де әртүрлі болуы мүмкін.
Егер мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның шешімімен келіспесеңіз, олардың әрекеті немесе әрекетсіздігі құқықтарыңызға нұқсан келтірді деп есептесеңіз, тиісті жоғары тұрған органға, уәкілетті мекемеге немесе заңда белгіленген тәртіппен әкімшілік сотқа жүгінуге болады. Мұндай жағдайда мәселенің мән-жайын нақты баяндап, өз ұстанымыңызды растайтын құжаттарды ұсыну маңызды.
            Еңбек қатынастары саласында да азаматтардың құқықтарын қорғаудың заңды тетіктері бар. Егер жұмыс беруші жалақыны уақытында төлемесе, еңбек шартының талаптарын бұзса немесе жұмыскердің заңды мүдделеріне нұқсан келтірсе, еңбек инспекциясына, даудың сипатына қарай келісу комиссиясына немесе сотқа жүгінуге болады. Еңбек шарты, жұмыс берушінің бұйрықтары, төлемдер туралы мәліметтер және басқа да дәлелдемелер мәселені қарау барысында маңызды болуы мүмкін.
          Тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда да заң азаматтарға өз мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді. Сатып алынған тауар сапасыз болса немесе көрсетілген қызмет тиісті талаптарға сәйкес келмесе, алдымен сатушыға не қызмет көрсетушіге жазбаша талап қоюға болады. Егер мәселе шешімін таппаса, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті органға немесе заңда көзделген тәртіппен сотқа жүгінуге мүмкіндік бар. Бұл ретте төлем түбіртектері, шарттар, хат алмасулар және өзге де дәлелдемелерді сақтау қажет.
            Отбасылық және азаматтық-құқықтық қатынастарда туындайтын даулар да заң аясында шешіледі. Неке бұзу, алимент өндіру, қарызды қайтару, мүлікті бөлу, келтірілген зиянды өтеу немесе шарттық міндеттемелерді орындау мәселелері бойынша сотқа жүгіну қажеттілігі туындауы мүмкін. Әрбір жағдайда даудың сипатын, тиісті соттылықты, қажетті құжаттарды және заңда белгіленген мерзімдерді алдын ала анықтаған жөн. Ал егер азамат алаяқтықтың, ұрлықтың, қорқытудың немесе өзге де ықтимал қылмыстық құқық бұзушылықтың құрбаны болса, полицияға немесе прокуратураға тиісті тәртіппен жүгінуге құқылы. Адамның өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнген жағдайда жедел қызметтерге дереу хабарласуқажет.
          Құқықты қорғаудың маңызды жолдарының бірі – сотқа жүгіну. Сот азаматтардың бұзылған немесе даулы құқықтары мен заңды мүдделерін заңда белгіленген тәртіппен қорғауды жүзеге асырады. Дегенмен сотқа жүгіну кезінде белгілі бір процестік талаптарды сақтау қажет. Талап қоюдың негіздерін нақты көрсету, қажетті құжаттарды қоса тіркеу, даудың мән-жайын түсінікті баяндау және заңда белгіленген мерзімдерді сақтау істің дұрыс қаралуы үшін маңызды.
         Сотқа жүгінер алдында азамат өзінің талабын қандай мән-жайларға негіздейтінін анықтап, оны растайтын дәлелдемелерді жинақтағаны жөн. Өйткені құқықтық дауды шешу барысында тек пікір мен болжамға емес, нақты мән-жайлар мен заңды дәлелдемелерге сүйену қажет. Қажет болған жағдайда заңгерден немесе адвокаттан кеңес алуға болады. Заңда көзделген жағдайларда азаматтар мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу мүмкіндігін де пайдалана алады.
          Қазіргі таңда құқықтық мәселелер бойынша ақпарат алу және мемлекеттік органдарға өтініш жолдау үшін электрондық сервистерді пайдалануға болады. Қазақстан Республикасының электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметтер туралы мәліметтер алуға және қолжетімді сервистерді пайдалануға мүмкіндік бар. Сонымен қатар сот қызметіне қатысты ақпаратты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ресми сайтынан, ал нормативтік құқықтық актілердің мәтіндерін «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінен қарауға болады.
Алайда электрондық өтініш жолдау өздігінен мәселенің оң шешілуіне кепілдік бермейді. Әрбір өтініш қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралады.   Сондықтан өтініштің мазмұнын дұрыс рәсімдеу, қажетті мәліметтерді толық көрсету және оны тиісті органға жолдау маңызды.
Құқықтарыңызды қорғау үшін алдымен мәселенің мән-жайын анықтап, қолда бар құжаттарды жинақтаңыз. Қандай құқықтың бұзылғанын және қандай шешім күтетініңізді нақты белгілеңіз. Өтінішіңізді немесе шағымыңызды сауатты жазып, оның тіркелгенін растайтын мәліметтерді сақтаңыз. Сонымен қатар жауап беру және шағымдану мерзімдерін қадағалаңыз. Егер құқықтық мәселе күрделі болса, маманның көмегіне жүгінген дұрыс.
            Құқықтық сауаттылық – адамның өзіне деген сенімділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы заңдылық пен әділдіктің нығаюына ықпал ететін маңызды құндылық. Өз құқығын білетін азамат өз мүддесін заңды жолмен қорғауға ұмтылады, өзгенің құқықтары мен бостандықтарын құрметтейді және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінеді.
              Әділдікке ұмтылу – заңды құрметтеуден басталады. Құқық бұзылған жағдайда мәселені өз бетінше шешуге тырысып, заңсыз әрекеттерге барудың орнына, заңда белгіленген тәртіппен тиісті органдарға жүгіну қажет. Себебі құқықты қорғаудың тиімді жолы – сауатты әрекет ету, нақты дәлелдерге сүйену және заң талаптарын сақтау.
Құқықтарыңыз бұзылса, үнсіз қалмаңыз. Өз құқығыңызды біліңіз, заңды мүмкіндіктеріңізді пайдаланыңыз және қажет болған жағдайда кәсіби құқықтық көмекке жүгініңіз. Әрбір азаматтың өз құқығын білуі мен оны заң аясында қорғауға ұмтылуы – құқықтық мәдениеті қалыптасқан қоғамның негізі.
              Өз құқығыңды білу – күш. Оны заңды жолмен қорғау – мәдениет. Ал заңды құрметтеу – әрбір азаматтың жауапкершілігі!

                                          Орал қаласының №2 сотының жетекші маманы Дана Ғариппулақызы Дәулетиярова

Таяу Шығыс: Сирияда миллиондаған адам үйлеріне оралды

Сирияда ұзақ жылдарға созылған қақтығыстардан кейін ел тұрғындарының бір...

АҚШ, Қытай және Ресей басшылары маңызды кездесу өткізуге дайындалуда

2026 жылғы 17 қарашадағы маңызды халықаралық жаңалықтардың бірі —...

Сот-заңнамалық реформалар тәуелсіздікті арттырады

Сот төрелігін, сондай-ақ, заңдарды жетілдіру заман талабы. Өйткені, бұлар...

Кәсіби этика сыбайлас жемқорлыққа жол бермейді

Ел Конституциясы адамға бағдарланған мемлекет қағидатына негізделген, сондықтан, мемлекеттік...

Впервые разработан законопроект с помощью ИИ-платформы AI-Quryltai

Проект нового закона «О цифровой и информационной безопасности детей»...