Қазіргі қоғамның дамуы ақпараттық технологиялардың қарқынды таралуымен, цифрлық қызметтердің күнделікті өмірге енуімен және адамдар арасындағы коммуникацияның жаңа нысандарының қалыптасуымен тығыз байланысты. Бұл өзгерістер азаматтардың өмірін едәуір жеңілдеткенімен, құқық бұзушылықтардың жаңа түрлерінің пайда болуына және бұрыннан белгілі құқыққа қайшы әрекеттердің жасалу тәсілдерінің өзгеруіне де алып келуде.
Бүгінде құқық қорғау және сот органдары дәстүрлі құқық бұзушылықтармен қатар, цифрлық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын интернет-алаяқтық, дропперлік, сондай-ақ адамның жеке өміріне қол сұғатын сталкинг сияқты жаңа сипаттағы құқық бұзушылықтарға да ерекше назар аударуы қажет.
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы Цифрлық кодексінде цифрлық ортадағы адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, цифрлық технологияларды қолдану кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және цифрлық сауаттылықты арттыру мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі ретінде белгіленген.
Интернет-алаяқтық – цифрлық дәуірдің өзекті мәселесі
Қазіргі кезде кең таралған құқық бұзушылықтардың бірі – интернет-алаяқтық. Оның ерекшелігі – құқық бұзушылардың заманауи технологияларды пайдалана отырып, жәбірленушілердің сеніміне кіруінің жаңа тәсілдерін үнемі ойлап табуында.
Алаяқтар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы қызметкері, мемлекеттік орган өкілі немесе белгілі бір ұйымның маманы ретінде таныстырып, азаматтарды жаңылыстыруы мүмкін. Сондай-ақ жалған интернет-дүкендер, әлеуметтік желілердегі жалған парақшалар, күмәнді инвестициялық ұсыныстар және әртүрлі хабарландырулар арқылы азаматтардың ақшасын иемдену фактілері кездеседі.
Мұндай құқық бұзушылықтардың қауіптілігі – жәбірленуші қылмыскермен тікелей кездеспейді және кейде оның кім екенін де білмейді. Сондықтан интернет-алаяқтықтың алдын алуда азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттырудың маңызы ерекше.
Азаматтар банк картасының деректерін, құпия кодтарды және өзге де жеке ақпаратты бөгде адамдарға бермеудің маңызын түсінуі тиіс. Күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз қосымшаларды орнатпау және қаржылық операцияларды жүзеге асыру кезінде ақпараттың дұрыстығын тексеру де қарапайым, бірақ тиімді сақтық шаралары болып табылады.
Бұл ретте құқық бұзушылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының міндеті ретінде қаралмауы тиіс. Мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, қаржы ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдары және азаматтық қоғам бірлесіп әрекет еткен жағдайда ғана профилактикалық жұмыстың нәтижесі жоғары болады.
Соңғы уақытта ерекше назар аударуды қажет ететін құбылыстардың бірі – дропперлік. Дропперлер өздерінің банк шоттарын, карталарын немесе өзге де төлем құралдарын үшінші тұлғалардың ақша аударымдары үшін пайдалануға беретін адамдар ретінде көрінеді.
Бұл мәселенің әлеуметтік қауіптілігі – кейбір азаматтардың өз әрекеттерінің құқықтық салдарын толық түсінбеуі. Әсіресе жастар арасында «картаңды уақытша беріп, ақша тап» немесе «ақша қабылдап, басқа шотқа аударып бер» деген ұсыныстардың заңсыз қаржы операцияларымен байланысты болуы мүмкін екенін түсіндіру маңызды.
Дропперлікпен күресте жауапкершілік шараларымен қатар, алдын алу жұмыстарының да маңызы зор. Азаматтарға өз банк шотын немесе төлем құралдарын бөгде адамның пайдалануына берудің ықтимал құқықтық салдары нақты әрі түсінікті түрде жеткізілуі қажет.
Құқық бұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – оның салдары туралы адам құқық бұзушылық жасамай тұрып білуі. Осы себепті құқықтық ағарту жұмыстарын тек құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен шектемей, білім беру ұйымдарында, еңбек ұжымдарында және ақпараттық кеңістікте тұрақты түрде жүргізу қажет.
Қоғамдық қатынастардың өзгеруі нәтижесінде адамның жеке өміріне қол сұғудың жаңа нысандары да пайда болуда. Солардың бірі – сталкинг.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2025 жылы 115-1-бап енгізіліп, сталкинг үшін қылмыстық жауаптылық белгіленді. Заңда сталкинг адамның еркіне қайшы онымен байланыс орнатуға және (немесе) оны аңдуға бағытталған, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын және елеулі зиян келтірген заңсыз қудалау ретінде айқындалған.
Бұл норманың енгізілуі адамның жеке өмірі мен қауіпсіздігін қорғауды күшейтудегі маңызды қадам болды. Себебі кейбір жағдайларда адамның еркіне қарсы тұрақты түрде байланыс орнату әрекеттері қоғамда «жай ғана көңіл бөлу» немесе «табандылық» ретінде қабылдануы мүмкін. Алайда мұндай әрекеттер жәбірленушінің жеке шекарасын бұзып, оған елеулі психологиялық және әлеуметтік зиян келтіруі ықтимал.
Сталкингтің заманауи нысандары әлеуметтік желілермен де байланысты болуы мүмкін. Қайта-қайта қоңырау шалу, қажетсіз хабарламалар жіберу, әлеуметтік желілер арқылы бақылауға тырысу немесе адамның еркіне қарсы байланыс орнату әрекеттері құқықтық тұрғыдан бағалауды талап етеді.
Сталкингке қарсы күрестің маңызды бағыты – құқық бұзушылықты ерте кезеңде анықтау. Азаматтар өздерінің жеке шекаралары бұзылған жағдайда мәселені елемей қоймай, заңда көзделген тәртіппен құқық қорғау органдарына жүгінудің маңызын білуі тиіс.
Құқық бұзушылықпен күресті тек қылмыс жасалғаннан кейін жауаптылық қолданумен шектеуге болмайды. Құқық бұзушылықтың алдын алу – одан әлдеқайда ерте басталатын кешенді процесс.
Ол құқықтық сауаттылықты арттырудан, азаматтардың цифрлық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастырудан, жастармен профилактикалық жұмыстар жүргізуден, отбасындағы және білім беру ортасындағы құқықтық тәрбиені күшейтуден басталады.
Әсіресе жаңа технологиялармен бірге пайда болған құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін заңнаманың қоғамдағы өзгерістерге сай дамуы маңызды. 2025 жылы сталкинг үшін жеке қылмыстық жауаптылықтың енгізілуі осы қажеттіліктің нақты мысалы болып табылады.
Бүгінгі таңда құқықтық мәдениет дегеніміз тек заңды білу емес. Ол – өз әрекетінің басқа адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне әсерін түсіну, цифрлық кеңістіктегі жауапкершілікті сезіну және заң талаптарын күнделікті өмірде сақтау.
Қоғам дамыған сайын құқық бұзушылықтардың нысандары мен оларды жасау тәсілдері де өзгеріп отырады. Интернет-алаяқтық, дропперлік және сталкинг сияқты құқық бұзушылықтар осы өзгерістердің нақты көрінісі болып табылады.
Оларға қарсы тиімді күрес тек жазалау шараларын күшейтумен шектелмеуі тиіс. Ең бастысы – құқық бұзушылықтың себептері мен оған ықпал ететін факторларды ерте анықтап, азаматтардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру.
Бұл бағытта мемлекеттік органдардың, соттардың, құқық қорғау органдарының, білім беру ұйымдарының және жалпы қоғамның бірлескен жұмысы қажет.
Заң талаптарын сақтау – тек жауапкершіліктен қорғану емес, қоғамның қауіпсіздігі мен әр адамның құқықтарын құрметтеудің негізгі белгісі.
Құқықтық мемлекет құрудың маңызды шарттарының бірі де осында: азамат заңды тек жазадан қорыққандықтан емес, өзінің және өзгенің құқықтарын құрметтегендіктен сақтауы тиіс.
Анара Якупқызы Ахметова, Орал қаласының №2 соты әкімшісінің бас маманы


