2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заңның қолданысқа енгеніне биыл 15 жыл толып отыр. Бұл заң тараптар арасындағы дауларды өзара келісіммен шешуге мүмкіндік беруімен құнды. Алғашқы жылдары медиациялық мәмілеге келетіндер көп болмағанымен, заңның маңызы мен артықшылығын түсіндіріп, кәсіби медиаторлар шоғыры қалыптасқаннан кейін көрсеткіштер біртіндеп жақсара түсті. Бүгінде медиация арқылы бітімге келетіндер қатары артқан. Ал партисипативтік рәсім – екі тараптың адвокаттарының немесе заң консультанттарының қатысуымен жүргізілетін бірегей келісім түрі. Оның тәртібі Азаматтық процестік кодексте жан-жақты дәйектелген.
Партисипативтік рәсім барысында адвокаттар судьяның қатысуынсыз тараптар арасында келіссөздер жүргізіп, дауды бітіммен бітіруге күш салады. Алайда соңғы статистикалық деректерден байқағанымыздай Қазақстанда татуластыру рәсімдерінің ішінде партисипативтік рәсім аз қолданылады. 2026 жылдың бірінші тоқсанының ресми қорытындысы бойынша елімізде медиация тәртібімен 60 029 азаматтық іс, татуласу яғни бітімгершілік келісімімен 5 573 іс реттелген. Ал осы аралықта партисипативтік рәсім тәртібімен аяқталған азаматтық істер саны бар болғаны 70 істі құрап отыр. Неге бұл рәсім аз қолданылады? Мұның бірнеше себебін даралап көрсеткен артық болмас.
Біріншіден, азаматтар әлі күнге дейін партисипативтік рәсім дегеннің не екенін, оның қандай артықшылығы бар екенін білмейді.
Екіншіден, тараптар жаңа тәсілмен дауды шешкеннен гөрі, өздеріне етене таныс жолмен жүргенді қалайды. Содан да көпшілігі қанша уақыты мен қаржысы кетіп жатса да істің сот алаңында қаралуына басымдық береді.
Үшіншіден, адвокаттар мен заң консультанттары да даудың партисипативтік рәсім арқылы шешілуіне құлықты емес. Қорғаушылар арасында азаматтарды татуластырғаннан гөрі, қаламақысының көлемін ойлайтындар аз емес.
Негізі партисипативтік рәсімнің пайдасы орасан. Бұл заңды пайдалану азаматтардың уақытын үнемдеуге, қаржысын сақтауға, өзара сыйластыққа сына түсірмеуге оң әсер етеді. Өкінішке қарай, тиімді тетікті азаматтардың көпшілігі әлі жетік біле бермейді. Осыған орай алдағы уақытта партисипативтік рәсімдердің санын көбейту және оны танымал ету үшін заңнамалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық шараларды ұдайы ұйымдастыру қажет. Сондай-ақ, партисипативтік келісіммен аяқтаған адвокаттардың гонорарын қайта қарап, ынталандыру тетіктерін енгізген дұрыс. Сонымен қатар, адвокаттардың келіссөз жүргізу дағдыларын дамыту бойынша да жүйелі іс-шараларды қолға алу кезек күттірмейді. Адвокатура мен заң кеңесшілері палаталарының базасында кәсіби медиация, конфликтология және тиімді келіссөздер жүргізу бойынша міндетті оқыту курстарын енгізудің тиімділігі зор болары анық.
Бұдан бөлек адвокаттардың келісімімен татуласқан тараптар ісі туралы жан-жақты жазып, көпшілікке көрсету керек. Сонда ғана халық партисипативтік рәсімнің не екенін іс жүзінде біліп, құқықтық сауатын көтереді. Әрі өз тәжірибесінде де еркін қолдануға тырысады.
Рустам Измайлов, Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотының судьясы


