Қылмыстық процестегі дәлелдемелердің маңызы

Қылмыстық сот ісін жүргізудің басты мақсаты – заңдылықты қамтамасыз ету, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жолын кесу және әрбір істің әділ шешілуіне қол жеткізу. Осы міндеттерді жүзеге асыруда дәлелдемелер институтының алатын орны ерекше. Себебі соттың кез келген шешімі жорамалға немесе болжамға емес, заң талаптарына сәйкес алынған, жан-жақты зерттелген және тиісті құқықтық баға берілген дәлелдемелерге негізделуге тиіс.

Дәлелдемелер – қылмыстық істің нақты мән-жайларын анықтауға мүмкіндік беретін негізгі құқықтық құрал. Олардың көмегімен қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болған-болмағаны, оны кімнің жасағаны, адамның кінәлілігі немесе кінәсіздігі, келтірілген залалдың сипаты мен мөлшері, сондай-ақ істің дұрыс шешілуіне ықпал ететін өзге де мән-жайлар айқындалады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 111-бабына сәйкес, қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер болып заңды түрде алынған нақты деректер танылады. Мұндай деректер күдіктінің, айыпталушының, жәбірленушінің және куәнің айғақтарымен, сарапшы мен маманның қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен, процестік әрекеттердің хаттамаларымен және өзге де құжаттармен белгіленеді.

Бұл ретте дәлелдеменің болуы ғана емес, оның заңды жолмен алынуы да аса маңызды. Өйткені заң талаптарын бұза отырып алынған мәліметтер сот шешімінің негізіне жатқызылмауға тиіс. ҚПК-нің 112-бабында дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол берілмейтін нақты деректердің құқықтық негіздері айқындалған.

Аталған норма қылмыстық процестің адам құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды кепілдіктерінің бірі болып табылады. Яғни қандай да бір мәлімет істің мән-жайын ашуға көмектескенімен, егер ол заңда белгіленген процестік тәртіпті бұза отырып алынған болса, оны дәлелдеме ретінде пайдалануға жол берілмейді. Бұл талап тергеу органдарының да, прокурордың да, соттың да қызметінде заңдылық қағидатын сақтаудың маңызын көрсетеді.

Дәлелдеу процесі бірнеше өзара байланысты кезеңнен тұрады. Олар – дәлелдемелерді жинау, бекіту, зерттеу және бағалау. Әр кезеңнің өзіндік құқықтық маңызы бар. Мәселен, дәлелдемелерді жинау барысында қылмыстық іс үшін маңызы бар мәліметтер анықталып, заңда көзделген тәртіппен алынады. Одан кейін олар тиісті процестік құжаттарда бекітіледі. Ал сот талқылауы кезінде тараптардың қатысуымен зерттеліп, олардың қатыстылығы, жол берілетіндігі, анықтығы және жеткіліктілігі тұрғысынан бағаланады.

Осы орайда дәлелдемелерді бағалау мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Бір ғана куә айғағы немесе жекелеген құжат әрдайым адамның кінәлілігін толық дәлелдей алмайды. Сондықтан сот әрбір дәлелдемені жеке алып қана қоймай, олардың жиынтығын өзара салыстырып, бір-бірімен байланысын және істің нақты жағдайларына сәйкестігін анықтауға міндетті.

Сонымен қатар қылмыстық процесте айыптаушы тараптың міндеті тек адамның кінәлілігін дәлелдеумен шектелмейді. Қылмыстық-процестік заңнамаға сәйкес, күдіктіні немесе айыпталушыны әшкерелейтін де, ақтайтын да, сондай-ақ оның жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар да толық анықталуға тиіс.

Бұл – әділ сот төрелігінің негізгі талаптарының бірі. Өйткені қылмыстық процестің мақсаты қандай жолмен болса да айыптау үкімін шығару емес, істің шынайы мән-жайларын анықтап, заңды шешім қабылдау болып табылады.

Қазіргі кезеңде дәлелдемелердің жаңа түрлерінің, соның ішінде бейнежазбалардың, аудиожазбалардың, электрондық құжаттардың, цифрлық ақпараттардың және өзге де электрондық деректердің маңызы артып келеді. Ақпараттық технологиялардың дамуы қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау мен дәлелдеу мүмкіндіктерін кеңейткенімен, мұндай мәліметтерді алу, сақтау, тіркеу және зерттеу кезінде заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігін де алға тартады.

Әсіресе цифрлық дәлелдемелердің түпнұсқалығы, өзгертілмегендігі, алынған көзі мен заңдылығы мұқият тексерілуі қажет. Себебі ақпараттың сыртқы көрінісі оның шынайылығына толық кепіл бола алмайды.

Соттың басты міндеті – ұсынылған дәлелдемелердің әрқайсысына объективті баға беріп, тараптардың уәждерін тыңдап, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету. Бұл ретте айыптау тарапы мен қорғау тарапының процестік теңдігі сақталуы, әрбір тарапқа өз ұстанымын негіздеуге мүмкіндік берілуі тиіс.

Дәлелдемелер қылмыстық процестің негізгі тірегі, ал оларды заң талаптарына сәйкес жинау мен бағалау әділ сот төрелігінің маңызды шарты болып табылады. Заңды әрі негізді сот шешімі тек жан-жақты зерттелген және өзара үйлесімді дәлелдемелер негізінде ғана қабылданады.

Сондықтан қылмыстық процестің әрбір қатысушысы дәлелдемелермен жұмыс істеуде заңдылықты, объективтілікті және жауапкершілікті басшылыққа алуы қажет. Өйткені бір ғана дәлелдемеге берілген дұрыс немесе бұрыс құқықтық баға адамның тағдырына тікелей әсер етуі мүмкін.

Бағдат Төребекұлы, Тараз қаласының №2 сотының судьясы

Язык судебного процеса как гарантия защиты прав участников судопроизводства

Язык судебного процесса является неотъемлемым элементом правосудия, непосредственно связанным...

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНДА ТМД ЕЛДЕРІ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ ФОРУМЫ АЛҒАШ РЕТ ӨТТІ

2026 жылғы 29 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан...

Президент Жолдауы және ел болашағы: Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың METU студенттерімен тағылымды кездесуі

         Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде (METU) студенттердің Қазақстан Республикасы Ұлттық...

Көкшетауда «Тайталас» кітабы таныстырылды: туындының кейіпкері де тұсаукесерге қатысты

Көкшетауда Мәлік Ғабдуллин музейі ұйымдастыруымен белгілі журналист Байқал Байәділдің...

Кәмелетке толмаған баламен кездесу тәртібін анықтау

Кәмелетке толмаған баламен кездесу тәртібін анықтау мәселесі ерлі-зайыптылардың некесі...