Кәмелетке толмаған баламен кездесу тәртібін анықтау мәселесі ерлі-зайыптылардың некесі бұзылып, екеуі екі бөлек жерде тұрған кезде туындайтыны белгілі. Ал кәмелетке толмаған баламен кездесу тәртібін анықтау бойынша туындаған дауды шешу сот құзыретіне кіреді.
Қазақстан Республикасы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 68-бабына сәйкес ата-аналардың өз балаларына қатысты тең құқықтары және тең міндеттері (ата-ана құқықтары) болады. Сондай-ақ, осы Кодекстің 61-бабына сәйкес, баланың ата-анасының екеуімен де, аталарымен, әжелерімен, аға-інілерімен, апа-сіңлілерімен (қарындастарымен) және басқа да туыстарымен араласуға құқығы бар. Ата-аналары некесінің (ерлі-зайыптылығының) бұзылуына, оның жарамсыз деп танылуы немесе ата-аналарының бөлек тұруы құқығына әсер етпеуі тиіс. Ата-аналары бөлек тұрған жағдайда баланың олардың әрқайсысымен араласуға құқығы бар.
Осы Кодекстің 73-бабының 2-бөлігіне сәйкескелiсiм болмаған кезде ата-аналардың арасындағы дау баланың мүдделерiн негiзге алып және оның пiкiрiн ескере отырып, ата-аналардың талап етуі бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның қатысуымен медиация тәртібімен шешіледі немесе оны сот шешедi. Бұл ретте сот баланың ата-аналардың әрқайсысына, аға-iнiлерiне және апа-сiңлiлерiне (қарындастарына) үйiрлiгiн, баланың жасын, ата-аналардың адамгершiлiк және өзге де жеке қасиеттерiн, ата-аналардың әрқайсысы мен баланың арасындағы қарым-қатынастарды, баланың дамуы және тәрбиесі үшiн жағдайлар жасау мүмкiндiгiн (ата-аналар қызметiнiң түрiн, жұмысының режимін, ата-аналардың материалдық және отбасылық жағдайын және басқа да осындай жағдайларды) ескередi.
Ата-аналар баладан бөлек тұратын ата-ананың ата-ана құқықтарын жүзеге асыру тәртiбi туралы жазбаша нысанда келiсiм жасасуға құқысы бар.
Алайда, ата-аналар келісімге келе алмаған жағдайда, дауды қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындаған тәртіппен шешеді, ал оның шешімімен келіспеген жағдайда – дау қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның және баланың ата-аналарының қатысуымен медиация тәртібімен шешіледі немесе оны сот шешеді.
Аталған санаттағы дауларды сотпен қарау кезіндегі басты мәселе – ата-аналардың бірінің мүддесі емес, ең бастысы баланың құқықтары мен заңды мүдделерін барынша қамтамасыз ету болып табылады.
Сотпен ата-ананың баламен араласу тәртібін айқындау кезінде оның жасы, денсаулық жағдайы, ата-ананың әрқайсысына үйірлігі және баланың тән саулығы мен психикалық денсаулығына, оның рухани дамуына әсер ететін басқа да мән-жайлар назарға алынады.
Бөлек тұратын ата-анамен араласу балаға зиян келтіруі мүмкін, ерекше жағдайларда сот баланың тән саулығы мен психикалық денсаулығының және оның рухани дамуына зиян келтірмеу үшін ата-ана құқықтарын жүзеге асыруға жол бермейтін Кодекстің 73-бабының 1-тармағын негізге алып, қабылданған шешімнің уәждерін баяндай келе, осы ата-ананың бала тәрбиесіне қатысу тәртібін айқындау туралы талап қоюды сот қанағаттандырудан бас тартуы мүмкін.
Баламен кездесу уақытын белгілеу барысында бірінші кезекте кәмелетке толмаған баланың мүддесі мен құқықтары басшылыққа алынуы міндетті болып табылады, тиісінше, сот тек ғана ата-аналардың, ата-әжесінің талаптарын негізге ала алмайды.
Ата-ананың баламен кездесу құқығы заңмен қорғалғанымен, бұл құқықты жүзеге асыру кезінде баланың жасы, қалауы, денсаулығы, психологиялық жағдайы және жалпы мүддесі бірінші кезекте ескеріледі. Ал сот өз тарапынан әрбіро істің нақты жағдайларын зерттеп, бала үшін неғұрлым ең қолайлы әрі қауіпсіз тәртіпті белгілейді.
Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін міндетті түрде орындалуға жатады. Егер, кездесу тәртібі жүйелі түрде бұзылатын болса, ол тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін назарға алу қажет.
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маман сот отырысының хатшысы Ырыскелді Мәлік


