Рафаэль Уразбахтин Алматының «Қайрат» футбол клубының бас бапкері қызметінен өз еркімен кетті. Клуб басшылығы маманның қызметтен кету туралы өтінішін қабылдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Рафаэль Уразбахтин 2024 жылғы қыркүйекте «Қайраттың» негізгі командасын жаттықтыра бастады. Оның жетекшілігімен алматылық клуб алғашқы маусымының қорытындысы бойынша Қазақстан чемпионы болды.
2025 жылы команда Қазақстан Суперкубогын жеңіп алып, ел чемпионатындағы титулын сақтап қалды. Сонымен қатар клуб тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды.
2026 жылғы маусымда «Қайрат» УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіне шықты. Қазақстан чемпионатында команда екінші орын алып, күміс жүлдегер болды.
Клуб басшылығы Рафаэль Уразбахтинге атқарған жұмысы, кәсіпқойлығы және команданың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Енді бас бапкердің міндетін бұған дейін «Қайрат-Жастар» командасын жаттықтырған Жора Арутюнян атқарады. Ол команданы «Алтайға» қарсы алдағы матчқа дайындайды.


