Қазақ халқының рухани тарихында өшпес із қалдырған ұлы тұлғалардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол – қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ағартушы, ақын, ғалым және ұлт болашағы үшін күрескен көрнекті қоғам қайраткері. Оның бүкіл саналы ғұмыры ана тілін сақтау, халықтың сауатын ашу және ұлттық сананы ояту жолындағы қызметімен тығыз байланысты.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің ғылым ретінде қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Ол қазақ әліпбиін жетілдіріп, тіл білімінің негізгі ұғымдарын қалыптастыруға атсалысты. «Тіл-құрал» еңбегі арқылы қазақ тілінің құрылымын жүйелеп, ұрпаққа баға жетпес ғылыми мұра қалдырды. Ал «Қазақ» газетінің бас редакторы ретінде халықты білімге, бірлікке және елдік мүддені қорғауға үндеді.
Ұлт ұстазының өмір жолы бізге бір маңызды ақиқатты ұғындырады: тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ол – халықтың жаны, тарихы мен болашағы. Ана тілін құрметтеу арқылы біз ұлттық құндылықтарымызды сақтап, келер ұрпаққа аманат етеміз.
Бүгінде мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту, оны қоғамдық өмірде және мемлекеттік органдар қызметінде кеңінен қолдану – баршамызға ортақ міндет. Әсіресе мемлекеттік қызметте қазақ тілінде сауатты құжат әзірлеу, құқықтық ақпаратты түсінікті жеткізу және іс жүргізу мәдениетін жетілдіру тілге деген құрметтің нақты көрінісі болып табылады.
Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы – өткеннің естелігі ғана емес, бүгінгі күннің де бағдаршамы. Оның тіл мен ұлт туралы ұстанымдары әрбір азаматты ана тілінің қадірін түсінуге, оны дамытуға және күнделікті өмірде қолдануға шақырады.
Ұлт ұстазының аманатына адал болу – қазақ тілінің мәртебесін сөзбен емес, іспен көтеру. Тілімізді құрметтеу – тарихымызды құрметтеу, ал оны дамыту – болашағымызға қызмет ету.
Ақтөбе қаласының әкімшілік құқық
бұзушылықтар жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық
сотының бас маман –
сот отырысының хатшысы Л.Беккулакова


