Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттігіне 7 жыл толған кезеңде Қазақстанның халықаралық аренадағы позициясы неғұрлым берік экономикалық негізге ие болды. Президент жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
2019 жылдан бері елдің номиналды ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) 181,7 млрд доллардан 306 млрд долларға дейін, ал жан басына шаққандағы ІЖӨ шамамен 9,8 мың доллардан 15 006 долларға дейін өсті. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап отыр. Халықаралық серіктестер үшін бұл нарық ауқымының кеңейіп, экономикалық ынтымақтастық мүмкіндіктерінің артқанын білдіреді. Сонымен қатар доллармен есептелетін ІЖӨ-ге баға өзгерістері мен валюта бағамы әсер ететінін ескеру қажет. Сондықтан оның өсуін азаматтардың нақты табысының артуымен тікелей теңестіруге болмайды», деп жазды Айдар Құрмашев.
Оның айтуынша, сыртқы сауданың кеңеюі елдің халықаралық экономикалық салмағындағы өзгерістерді нақтырақ бағалауға мүмкіндік береді.
«2019 жылдан бері Қазақстанның тауар айналымы шамамен 97,8 млрд доллардан 143,9 млрд долларға дейін, яғни 47%-ға өсті. Экспорт көлемі 58,1 млрд доллардан 79 млрд долларға дейін немесе 36%-ға артты. Бұл – номиналды өсім, алайда ол пандемиядан кейінгі кезеңде және халықаралық жағдай өзгерген тұста елдің сыртқы экономикалық байланыстарының елеулі көлемін сақтап қалғанын көрсетеді. Экспорт географиясы да көпвекторлы саясаттың практикалық мазмұнын айқындайды: 2025 жылы Қазақстан экспортының 19,8%-ы Италияға, 19,2%-ы Қытайға, 10,3%-ы Ресейге тиесілі болды. Әртүрлі нарықтармен жұмыс істеу экономикалық тұрақтылықтың маңызды шарты болып қала береді», деді ол.
Айдар Құрмашев желідегі жазбасында экспорт құрылымы қол жеткізілген нәтижелердің шектеулерін де көрсететінін айтты. Оның айтуынша, өткен жылы шикі мұнай мен мұнайдан алынған шикі өнімдер экспорттық түсімнің 50,5%-ын құрады. Ал экспорттың жалпы көлемі бір жылда 3,2%-ға қысқарды, дегенмен тауар айналымы өсті. Сондықтан сыртқы сауданың өсуі әзірге шикізатқа тәуелділіктің еңсерілгенін білдірмейді. Қазақстанның халықаралық позициясын нығайтудың келесі кезеңі мұнай нарығындағы ахуалға тәуелділігі төмен өңделген өнімдер мен қызметтер экспортын арттырумен байланысты.
«Орталық Азияның экономикалық ықпалдастығындағы Қазақстанның рөлі де ерекше маңызға ие. Еуразиялық даму банкінің бағалауынша, өткен жылы Қазақстан аймақ мемлекеттері арасындағы тауар жеткізілімдерінің жалпы көлемінің 54%-ын немесе 6,6 млрд долларын қамтамасыз еткен. Өңірішілік сауданың жалпы көлемі 12,3 млрд долларға жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өсті. Қазақстанның көрші мемлекеттерге жеткізетін тауарларының арасында астық өнімдері, қара металдар және күнбағыс майы елеулі орын алады. Бұл құрылым өңірлік ынтымақтастықтың нақты салалардағы өнімге сұраныс қалыптастыратынын көрсетеді. Көрші елдер экономикасының дамуы Қазақстан үшін өткізу нарығының кеңеюін білдіреді. Сондықтан өңірлік көшбасшылықты ортақ экономикалық өсімге деген өзара мүдделілік тұрғысынан қарастырған жөн», деді Айдар Құрмашев.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан қол жеткізген маңызды нәтижелердің бірі – көлік бағыттарының баламаларын дамыту.
«Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Транскаспий халықаралық көлік бағытымен тасымалданған жүк көлемі 2020 жылғы шамамен 0,8 млн тоннадан 2025 жылы 4,1 млн тоннаға дейін өсті. Соңғы көрсеткіш 2024 жылғы деңгейден төмен болғанымен, қарастырылып отырған кезеңде маршруттың ауқымы айтарлықтай кеңейді. Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның бірлескен оператор құруы тарифтерді, декларациялау рәсімдерін және цифрлық шешімдерді үйлестіруге мүмкіндік берді. Дүниежүзілік мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ ел үшін қосымша көлік бағыттары жеткізу тәсілдерін таңдау мүмкіндігін кеңейтіп, жекелеген бағыттардағы үзілістерге осалдықты азайтады. Дипломатиялық келісімдердің нақты экономикалық маңызы дәл осы тұста көрінеді. Қаржылық тұрақтылыққа берілген халықаралық баға да өзгерістердің көрінісіне айналды. 2024 жылғы қыркүйекте Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингін Baa1 деңгейіне дейін көтерді. Бұл агенттік шкаласы бойынша ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болды. 2026 жылғы қыркүйекте рейтинг тұрақты болжаммен расталды. Рейтингті қолдайтын факторлар қатарында мемлекеттік борыштың төмен деңгейі мен елеулі халықаралық резервтер аталды. Сыртқы экономикалық саясат үшін бұл маңызды ресурс, өйткені мемлекеттің кредиттік қабілеті капитал тарту шарттарына әсер етеді. Дегенмен кредиттік рейтинг қарыз міндеттемелерін орындау қабілетін бағалайды және бәсекелестік ортаны, инвесторлардың құқықтарын қорғауды немесе реттеу сапасын бағалаудың орнын баспайды», деді ол.
Жазба авторы тұрғын үй құрылысы экономиканың ішкі әлеуетін және елдің халықаралық позициялары сүйенетін мүмкіндіктерді сипаттайтынын айтты.
«2019 жылы Қазақстанда 13,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 20 млн шаршы метрден асты. Осылайша, жылдық құрылыс көлемі шамамен бір жарым есеге артты. Салыстыру үшін, Өзбекстанның ресми статистикасы бойынша, 2025 жылы елде 15,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Қазақстанның нәтижесі құрылыс нарығының және онымен байланысты өндіріс салаларының ауқымын көрсетеді. Бұған қоса, Ұлттық статистика бюросының өткен жылға қатысты жарияланған мәліметтеріне сәйкес, пайдалануға берілген тұрғын үйдің шамамен 90%-ын жеке құрылыс салушылар салған. Бұл – экономиканың көптеген қатысушыларының жұмысының нәтижесі. Алайда өсімнің әлеуметтік тиімділігін тұрғын үй сатып алу мен жалдау қолжетімділігі, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу және қалалық ортаның сапасы арқылы да бағалау қажет. Мектеп құрылысының халықаралық бәсекеге қабілеттілікпен байланысы ұзақ мерзімді сипатқа ие. Үкіметтің бағалауынша, жеті жыл ішінде 1 300-ден астам жаңа мектеп салынған. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, «Келешек мектептері» жобасы аясында 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп ашылған. Үш ауысымды мектептердің саны мен оқушы орындарының тапшылығы төрт есе азайған. Бұл нәтижелер білім беру инфрақұрылымына қолжетімділіктің кеңейгенін білдіреді. Ендігі міндет – осы өзгерістерді оқушылардың білім деңгейінің жақсаруымен ұштастыру. PISA-2025 деректеріне сәйкес, Қазақстандағы зерттеуге қатысушылардың 36%-ы оқу сауаттылығы бойынша ең төменгі деңгейге жеткен. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдеріндегі орташа көрсеткіш – 69%. Технологиялық өндірістерді тарту және отандық бизнесті дамыту үшін болашақ мамандардың білім сапасы шешуші маңызға ие болады», деді Айдар Құрмашев.
Оның пікірінше, цифрлық мемлекеттік басқару саласында Қазақстанның халықаралық деңгейдегі ілгерілеуі салыстырмалы көрсеткіштерден де байқалады. Біріккен Ұлттар Ұйымының электрондық үкіметті дамыту рейтингінде Қазақстан 2018 жылғы 39-орыннан 2024 жылғы зерттеу нәтижесінде 193 мемлекет арасында 24-орынға көтерілді. Бұл нәтиже елдің басқару және технологиялық шешімдер алмасу жөніндегі халықаралық ынтымақтастыққа қатысу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен бірге ол ел ішіндегі талаптарды да арттырады: цифрлық қызметтерді дамыту олардың қолжетімділігімен, сенімділігімен және пайдаланушылар деректерінің қорғалуымен қатар жүруі керек.
«Дипломатия саласындағы нақты жетістіктердің бірі – Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру. 2019 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бастама өткен жылы институционалдық деңгейде рәсімделді. Тиісті қарар 152 мемлекеттің тең авторлығымен консенсус негізінде қабылданып, тамыз айында орталықты орналастыру жөнінде Қазақстан мен БҰҰ арасында келісімге қол қойылды. Бұл – ұлттық бастаманың тұрақты халықаралық тетікке айналу жолынан өткенінің нақты мысалы. Қазақстан өңірлік басымдықтарды, халықаралық сараптаманы және даму бағдарламаларын өзара ұштастыру үшін қосымша мүмкіндіктерге ие болады. Алайда бұл бастаманың практикалық құндылығы бірлескен жобалар мен өңір елдері үшін қол жеткізілген нақты нәтижелерге байланысты болады», деді А. Құрмашев.



ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗЖИ және ЖЖ