Істің көзін тапқан, қисықтың тезін тапқан мамандар ғана халық игілігіне жұмыс істеп, елдің шынайы алғысына бөленеді. Сот қызметін сапалы ұйымдастыру бағытында еселі еңбек етіп жүрген Сот әкімшілігінің құрылымдарына артылар жауаптылық та жоғары, жүктелер міндет те ауқымды.
Ел Президентінің 2023 жылғы 19 қаңтардағы №106 Жарлығымен Жоғарғы Сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Сот әкімшілігі болып қайта құрылғаны белгілі. Міне, осы Сот әкімшісінің аумақтық органдары соттардың қызметін ұйымдастырушылық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және материалдық-техникалық жақтан қамтамасыз етуде кешенді іс-шараларды қолға алуда. Мұнда негізгі басымдық сот әкімшілігіне талапты, ізденімпаз, білікті мамандарды шоғырландыруға бағытталған. Себебі «Іс тетігін кадр шешеді» демекші, алдыға қойылған мақсат-межелердің дұрыс орындалып, оң нәтиже беруі мамандардың білімі мен еңбекқорлығына тікелей байланысты. Сондықтан, кадрларды іріктегенде кәсіби білімге ғана емес, мамандыққа деген сүйіспеншілікке, өз ісіне қаншалықты жауаптылықпен қарайтынына назар аударылады.
Сот қызметкерлерінің білімін жетілдіріп, тәжірибесін шыңдау, кәсіби шеберлігін арттыру бағытындағы жұмыстар да бір сәт назардан тыс қалған емес. Сот мамандарының біліктілігін көтеруге жағдай жасап қоймай, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, азаматтармен сенімді қарым-қатынас орнықтыру, жаңа технология жетістіктерін қолдану, сот отырыстарының хаттамаларын сауатты толтыру секілді көптеген маңызды тақырыптарда семинар, дәрістер тұрақты өткізілуде. Сот қызметкерлерінің лауазымдық міндеттермен қоса, қоғамдық, мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүруі де маңызды. Өйткені, кез келген сот қызметкері қоғамнан тыс өмір сүре алмайды. Осыған орай сот қызметкерлері арасында түрлі викториналық сұрақ-жауаптар ұйымдастыру, білім, өнер сайыстарын өткізу, спорттық додаларды қолға алу – күнделікті күн тәртібінде тұрған мәселе.
Мұндай шаралар сот қызметкерлерін азаматтық белсенділігі жоғары тұлға ретінде дамытады. Сонымен қатар, түрлі сайыстар мен додалар командалық рух қалыптастырып, ұжым ішіндегі ынтымақ пен ұйымшылдықты нығайтады.
Судьялардың сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі қызметін ұйымдастыруды қамтамасыз ету де сот әкімшілігі қызметкерлерінің басты міндеті. Сот қызметкерлері сот отырыстарына қатысушылардың қауіпсіздігіне кепіл болып қоймай, мемлекеттік құпия мен ақпараттық қауіпсіздікті қорғау жөніндегі жұмысты қамтамасыз етеді. Сот приставтарының қызметін үйлестіріп, әрбір сот процесінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімде өтуін қадағалайды.
Әсіресе сот әкімшісінің сот процесін ұйымдастыруға жауапты маманына жүктелген міндеттер ауқымды. Сот мамандары – сот процесін дайындау мен ұйымдастыруға бағытталған судьяның заңды тапсырмаларын орындайтын мемлекеттік қызметші. Ол істі тиісті рәсімдеп қоймай, процестік құжаттардың жобаларын дайындайды. Әрбір сот ісінің өз мезгілінде, ешбір кедергісіз өтуі сот маманының кәсібилігіне байланысты. Сот отырысының хатшысы сотқа қатысушылардың уақытылы процеске келіп, сот тәртібін сақтауын қамтамасыз етіп қоймай, сот хаттамасының сауатты, сапалы әзірленуіне жауап береді. Ал сот приставына сот ғимаратындағы және отырыс залындағы тәртіпті, судьялар мен процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктелген.
Уақыт алға жылжыған сайын сот қызметін ұйымдастыруға ғана емес, сол қызметкерлерінің өзіне қатысты қойылатын талап пен міндет өсіп келеді. Бүгінгі сот қызметкерлері цифрлық жүйелерді жетік меңгеріп, жасанды интеллект жаңашылдықтарынан хабардар болуы тиіс. Мұндай өзгерістер сот отырыстарын ұйымдастырудағы қиындықтарды жеңілдетуге, істерді оңтайландыруға көмегін тигізіп отыр. Сот процестерін онлайн-трансляциялау және электрондық форматта құжаттарды қабылдау сот төрелігінің ашықтығын арттыратын негізгі индикаторлардың бірі болып табылады. Сондықтан сот жұмысын ұйымдастыруға жауапты тұлғалардың жаңа технологиядан да жан-жақты хабары болғаны, тәжірибеде қолдана білгені абзал. Яғни сот қызметкерлерінің кәсібилігі – бұл сот төрелігінің тиімділігін қамтамасыз ететін алғышарт.
Жасұлан Тасыров,
Алматы қаласы
Медеу аудандық соты әкімшісінің басшысы


