Абай облысының қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жүрген сотталғандар арасында онлайн форматта шахмат турнирі өткізілді.
Зияткерлік сайыс сотталғандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, логикалық ойлау қабілетін, төзімділігін және салмақты шешім қабылдау дағдыларын дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Онлайн турнирге өңірдегі мекемелерде жазасын өтеп жүрген сотталғандар қатысты.
Турнирге қатысушылардың бірі – мекемеде аспаз болып жұмыс істейтін сотталған Ж. Ол өзіне жүктелген еңбек міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, жұмыстан бос уақытында шахмат ойнап, шеберлігін жетілдіріп келеді.
Сотталған азамат үшін отбасының орны ерекше. Бостандықта оның жұбайы мен үш баласы бар. Мекемеде еңбек етіп, жалақы алатын азаматтың табысынан балаларын асырауға арналған алименттік міндеттемелері бойынша тиісті төлемдер жүргізіледі.
Осындай іс-шараларды өткізу – сотталғандармен жүргізілетін тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Зияткерлік сайыстар өзін-өзі тәртіпке келтіруге, шыдамдылыққа және қабылданған шешімдердің салдарын саралай білуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, еңбекпен қамту және мәдени, спорттық әрі зияткерлік іс-шараларға қатыстыру сотталғандарды қоғамға қайта бейімдеуге және болашағына жауапкершілікпен қарауға бағытталған.
Шахмат әрбір келесі қадамды алдын ала ойлауға және асығыс шешім қабылдамауға үйретеді. Мұндай қасиеттер шахмат тақтасында ғана емес, күнделікті өмірде де маңызды.


