Сапалы білім-елдің интеллектуалдық дамуының негізі

Қазіргі әлемде мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі табиғи ресурстарымен ғана емес, ең алдымен адами капиталының сапасымен өлшенеді. Білімді, кәсіби білікті, жаңашыл ойлайтын ұрпақ қалыптастыру қоғамның тұрақты дамуына тікелей ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің білім беру мен ғылымды ұштастыруға бағытталған қызметі Тұрақты даму мақсаттарының 4-бағыты «Сапалы білім» қағидаттарымен сабақтасып жатыр.Бүгінгі жоғары білім беру жүйесінің алдында студентке белгілі бір мамандық бойынша білім берумен шектелмей, оның зерттеушілік қабілетін, сыни ойлауын, шығармашылық ізденісін және кәсіби жауапкершілігін қалыптастыру міндеті тұр. Сондықтан білім беру үдерісінде теория мен тәжірибенің үйлесімділігі ерекше маңызға ие. Дәріс барысында алынған білім ғылыми ізденіспен, практикалық жұмыстармен және нақты кәсіби міндеттерді шешумен толыққанда ғана болашақ маман еңбек нарығының талаптарына бейімделе алады.

    Университеттегі заманауи білім беру ортасы осы міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізу, электрондық білім беру ресурстарын пайдалану, ғылыми деректер базасына қолжетімділікті кеңейту студенттердің ақпаратпен жұмыс істеу мүмкіндігін арттырды. Бүгінде білім алушы дайын ақпаратты қабылдаушы ғана емес, оны сараптайтын, салыстыратын, зерттейтін және өз тұжырымын ұсына алатын тұлға болуы қажет. Аталған тәсіл сапалы білімнің негізгі өлшемдерінің біріне айналып отыр.Ғылым мен білімнің өзара байланысы да ерекше мәнге ие. Білім алушылардың  ғылыми жобаларға араласуы, зерттеу жұмыстарын жүргізуі, конференциялар мен ғылыми пікірталастарға қатысуы олардың кәсіби көзқарасын қалыптастырады. Ғылыми ортада студент мәселені жан-жақты қарастыруға, дәлел келтіруге, дерекпен жұмыс істеуге және өз ұстанымын негіздеуге үйренеді. Зерттеу мәдениетінің қалыптасуы болашақ маманның университет қабырғасынан кейін де үздіксіз білім алуына негіз қалайды.

     Сапалы білімнің маңызды бағыттарының бірі тәжірибеге бағдарланған оқыту. Бұл талап құқық саласында айрықша өзекті. Құқықтық білім алушы үшін заң нормаларын меңгерумен қатар, оларды нақты жағдайда қолдану, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тетіктерін түсіну маңызды. Осы мақсатта құқықтық клиникалар, тәжірибелік сабақтар, мемлекеттік органдар мен заң саласындағы ұйымдарда тағылымдамадан өту, кәсіби мамандармен пікірталастар ұйымдастыру студенттің теориялық білімін тәжірибемен толықтыруға мүмкіндік береді.Құқықтық ағарту жұмыстары да білім беру үдерісінің қоғамдық маңызын арттырады. Жастар арасында заңға құрметті қалыптастыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеру, құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне арналған дәрістер мен пікірталастар болашақ заңгерлердің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтеді.

    Қазіргі білім беру кеңістігін халықаралық ынтымақтастықсыз елестету қиын. Академиялық ұтқырлық, шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен бағдарламалар, ғылыми тағылымдамалар мен халықаралық зерттеу жобалары білім алушының кәсіби көкжиегін кеңейтеді. Өзге елдердің ғылыми және академиялық тәжірибесімен танысу жастарға түрлі білім беру модельдерін салыстыруға, жаңа әдістерді меңгеруге және жаһандық еңбек нарығына бейімделуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай байланыстар отандық жоғары білімнің халықаралық ғылыми кеңістікпен ықпалдасуына ықпал етеді.Тұрақты даму мақсаттарының «Сапалы білім» бағыты білімнің қолжетімді болуымен қатар, оның мазмұны мен нәтижесіне де жоғары талап қояды. Сондықтан студент үшін қауіпсіз, қолайлы және инклюзивті академиялық орта қалыптастыру маңызды. Жастардың қоғамдық, мәдени, шығармашылық және спорттық бастамаларға қатысуына жағдай жасау олардың тұлғалық дамуын толықтырады. Университет қабырғасында қалыптасқан орта студенттің маман ретінде ғана емес, жауапкершілігі жоғары азамат ретінде жетілуіне ықпал етеді.Бұл үдерісте профессорлық-оқытушылар құрамының орны айрықша. Ұстаз білім беруші ғана емес, жас маманның ғылыми ізденісіне бағыт көрсететін, кәсіби көзқарасының қалыптасуына ықпал ететін тәлімгер. Заманауи оқыту әдістерін қолдану, студенттің дербес пікіріне құрметпен қарау және оның зерттеушілік бастамаларын қолдау білім сапасын арттырудың маңызды алғышарты саналады.Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қалыптасқан академиялық дәстүр мен заманауи білім беру тәсілдерінің сабақтастығы білікті маман даярлауға бағытталған. Сапалы білім, ғылым, тәжірибе және халықаралық ынтымақтастықтың бір арнаға тоғысуы жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік береді.Білімге салынған инвестиция елдің болашағына салынған инвестиция. Ал университет қабырғасынан терең біліммен, кәсіби дағдымен және азаматтық жауапкершілікпен шыққан әрбір түлек жоғары білім беру жүйесінің нақты нәтижесін көрсетеді. Сондықтан сапалы білім беру қағидатын жүйелі дамыту- бір оқу орнының ғана емес, тұтас қоғамның интеллектуалдық әлеуетін нығайтатын стратегиялық міндет.

Оспанова Джамиля Азизхановна, з.ғ.к.,қауымдастырылған профессор

Орынханова Қарақат Асқарбекқызы, 2курс магистранты

В учреждении №74 состоялись соревнования по национальной игре «Арқан тарту»

В рамках спортивных мероприятий среди осужденных, посвященных VI Всемирным...

«Шекарасыз оқу» жобасы аясында тәрбие жұмыстары өткізілді

«Шекарасыз оқу» жобасы аясында сотталғандар арасында тәрбиелік мәні бар...

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ҚОҒАМНЫҢ ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Тіл – халықтың рухани болмысын, тарихи жадын және ұлттық...

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттеріне арналған құқықтық сағат

Ақмола облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Ш....

Правовой час для студентов Кокшетауского университета имени Ш. Уалиханова

Представителем Уполномоченного по правам человека по Акмолинской области проведен...