«АҢШЫЛЫҚ МƏДЕНИЕТIН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТҚАН ЖАН»

Батыржан СЕЙДОМАР, Аңшылар мен балықшылардың «Аяла» ұлттық палатасының атқарушы директоры:

– Аңшы десе алдынан кезіккен аңды оңды-солды ата беретін, жан-жануарларға мейірімсіз, қатігез адам елестейді. Олар үшін аңшы аң атуға рұқсаты бар адам да, броконьер рұқсатсыз аң аулайтын адам. Бұл шынында да солай ма?
– Атқан аңы мен құсын айыра алмайтындар аңшы емес, броконьерлер. Адамдар көбінесе қолына мылтық ұстағанның бəрін аңшы дейді. Бұл дұрыс емес. Олардың ішінде броконьерлер көп. Мұндайлар балықшылар арасында да бар. Аңшылықтың өз маусымы болады. Көктемдегі аңшылық маусымы 15 күндік. Ең үлкені күзгі маусымда болады. Аңшылар тек рұқсат берілген құс пен аңға шығады. Қызыл кітапқа енген құстарға ешқашан тиіспейді. Ал кез келген құс пен аңды талғамай ата беретіндер аңшы емес.
– Броконьерлікке қарсы заңның қатайтылуын аңшылар қалай қабылдады? Өйткені ұшу бағыты мен тіршілігін анықтау мақсатында зерттеушілер тарапынан сақина салынған құстарды атып алу жағдайы кездесуі де мүмкін ғой?


– Заң қатайтылған соң ең бастысы бəрінде қорқу басталды. Аңшылар да сақинасы бар құс атқан жағдайда айыппұл мен жазадан қорқады. Палатаның ұсынысы бойынша Қазақстан аңшылары мен балықшыларының манифесін енгіздік. Бұл аңшының кодексі. Өкінішке қарай біздегі аңшылық мəдениеті 1990 жылдары жоғалды. Біз соны қайта жаңғыртып жатырмыз. Қазір киік, жабайы өзге де жануарларды аулауда түрлі мəселе бар. Бұрынғы бабаларымыз табиғат санитары болды деуге болады. Орта ғасыда көктем мезгілінде үйдің малы жайлауға кеткенде бабалар күзге дейін аң аулаған.
– Кəсіби аңшы деген кім?
– Бізде жалпы кəсіби аңшылық деген жоқ. Кеңес дəуірінде өнеркəсіптік аулау деген болды. Оған 1980 жылдардың ортасында заң қабылдау арқылы тыйым салынып, тоқтатылды. Заңмен тыйым салынған соң 1990 жылдары броконьерлік көбейді. Бізде өнеркəсіптік аңшылық жоқ. Оны кезінде киікті аулау үшін ғана енгізген. Алайда бір қызығы заң өзгергенмен, киік өсудің орнына азайды. Тек соңғы жылдары ғана оның басы қайта өсуде. Əйтсе де, қазіргі киік аулауды сұмдық жағдай деуге болады. Өйткені жүйе жоқ. Сол себепті біз құзырлы министрлікпен, заң шығарушы билік органымен осы мəселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Экология министрлігінде саны өскен киікті реттеу үшін оны қалай аулау керек дегенге нақты жүйе ойластырылмаған. Мысалы, əлеуметтік желіден аңшылықтан кейін далада шашылып жатқан киікті көреміз. Ол дұрыс емес қой. Бір жыл бұрын киік атуға қатысты Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің келісімі болды. Біріншіден, киікті денесінен, санынан атуға болмайды. Киікті тек аяғынан не мойнынан ғана атады. Екіншіден, киіктің етінің сасық болуы оны артынан қуып, торға қамап ұстап, содан кейін ғана бауыздайды. Өзіңіз білесіз ешбір қазақ жылқыны да бəйге, көкпардан кейін ешқашан сойып жемеген. Киік аулау мəдениеті деген – өзінше бір үлкен жүйе. Оның тəртібі енді өзгереді деп отырмыз. Министрлік те бірнеше шарттармен бізбен келісіп жатыр. Болашақта оны аңшылыққа шығаратын шығармыз.
– Аңшылар мен балықшылардың «Аяла» ұлттық палатасында қанша мүше бар?
– Қазақстан бойынша мыңнан асады. Ішінде аңшы да, балықшы да бар. «Балықшы – соңына дейін жетпеген аңшы» деген қағытпа сөзді де естіген шығарсыз. Аң болсын, балық болсын əрқайсысының өзінің аулау мəдениеті бар. Қазіргі заманда балық аулау көбінесе спорт түрі ретінде қарастырылатын болып кетті. Əрине аңшылық пен балықшылықты басқа жағынан да дамыту қажет. Оған ешкім қарсы болмайды.
– Аңшылық шаруашылықтарының жұмысы туралы да айта кетсеңіз.
– Бізде 10-нан аса аңшылық шаруашылықтары бар. Ол жақта мониторинг, броконьерлікке қарсы түрлі шараларды өткізіп жүрміз. Қазір «Арлан» атты қорықшылар қызметінің еріктілер жасағын ашайық деп жатырмыз. Мақсатымыз аңшы болсын, басқа болсын əр облыста 30-50 адамнан тұратын еріктілер жасағын құру. Броконьерлік маусым басталғанда олар Ішкі істер министрлігі қызметкерлерімен жəне қорықшылармен бірге жұмыс істейді. Содан кейін уақытында құстарды санау, аңдардың көші-қоны кезінде ерекше қорғалатын табиғи аймақтарда инспекторлармен бірге олардың жолында броконерлер болмасын деп қауіпсіздікті күшейтуге атсалысады. Бұдан бөлек еріктілер өрт қаупі туындаған кезде де сенімді көмекшілер болады.
– Броконьерлер туралы ел арасында алыпқашты əңгіме көп…
– Оныңыз рас. Қазір бұрынғымен салыстырғанда броконьерлік айтарлықтай азайды. Оның толық жойылмауына өзіңіз меңзеп отырғандай кейбір инспекторлардың қатысы бар. Яғни, олардың арасында да жан-жануарларды қорғаумен емес, оны қосымша табыс көзіне айналдырушылар кездесіп қалады. Өйткені, олардың еңбекақысы əлі аз. Егер айлығы жақсы болса, олар өз жұмысын дұрыс атқарар еді. Сосын жұрттың көбі мылтық ұстағанның бəрін броконьер дейді. Ол да дұрыс емес. Əлемдегі ерекше қорғалатын
табиғи аймақтардағы инспекторлар, рейнджерлер ең бірінші аңшылар болған. Мысалы АҚШ-тағы Йеллоустоу ұлттық паркін геологтар құрды. Еуропа, Америка, Африкада қалған қорық, резерват, ұлттық парктің бəрін аңшылар жасады. Ондағы табиғатты броконьерлерліктен қорғаған ең бірінші инспекторлар аңшылар болды. Джон деген рейнджер танысым болған фейсбук арқылы сөйлесетін Роки-Маунтин ұлттық паркінде істеген. Сол қаншама аю, бұланды 6 күн бойы броконьерліктен сақтаймын, бірақ демалыс күндері досымның аңшылық шаруашылығына барып, осы аңдарды атам деп айтады. Олар рұқсат алған. Қатонқарағай немесе Іле Алатауы жанында аңшылық шаруашылықтар бар. Олар лимиттер береді.
– Бізде Тəңіртау (ТяньШань) аюы Қызыл кітапқа кірген. Оны атуға болмайды. Бірақ Шығыс Қазақстанда аюдың басқа түрі бар. Қатонқарағайда оны атуға болады. Бұл қалай?
– Аңшылық бойынша көтеретін мəселе көп. Дүниежүзінде Қызыл кітап деген ат жоқ. Ол тек бізде ғана. Əр аңның «жойылып бара жатыр, сирек кездеседі» деген өз статусы бар. Ал əлемдегі жүйенің артықшылығы сирек кездесетін аңдарды көбейту үшін қосымша грант алуға болады. Мысалы, бізде арқар Қызыл кітапта тұр. Ерекше қорғалатын табиғи аймақтардың инспекторлары оны ауырып жатса да санитарлық атуға рұқсат жоқ. Соны қазір біз өзгертіп жатырмыз. Аң ауру болса, инспекторлар оны ату керек. Өйткені, кəрі арқар жас ешкілерді жинап алғанымен, олар көбеймей қалады. Ал Америка мен Еуропа елдерінде қартайған аңдарды инспекторлар өздері атып, жастарына жол ашады. Егер арқарларды салыстырсақ бізде 5 жылда оның саны 12 пайызға өссе, Америка мен Еуропада бұл өсім 30-40 пайызды құрайды екен. Сондықтан біз аңдарды санитарлық жəне селекциялық атуды ұсынып жатырмыз. Сол сияқты бізде ең оңайы балықшылық. Жолдама алдың ба? Болды бар да аулай бер. Америка мен Еуропада олай емес. Оларда балықты ұстасаң бірінші өлшейсің. Яғни, зерттеп, мониторинг жасайсың. Бізде ол жоқ.
– Сұхбатыңызға рақмет

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Шикізат жеткізумен ғана шектелмейді: Тоқаев Германияға жаңа серіктестік ұсынды

Қазақстан Еуропа экономикасында стратегиялық мәнге ие 34 шикізат түрінің...

ТҰРҒЫН ҮЙДЕН ШЫҒАРУ: ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ ЖӘНЕ АТҚАРУШЫЛЫҚ ТӘРТІП

Тұрғын үй – әрбір азаматтың өміріндегі маңызды әлеуметтік құндылықтардың...

АУМАҚТАН ТЫС СОТТЫЛЫҚ: СОТ ТӨРЕЛІГІН ҰЙЫМДАСТЫРУДАҒЫ ЖАҢА ТӘСІЛ

Сот жүйесінің тиімді жұмыс істеуі азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігімен...

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАР – ҚҰҚЫҚТЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ НЕГІЗІ

Қазіргі таңда мемлекеттер арасындағы өзара байланыс экономикалық, саяси және...

ЕНУ впервые стал координатором проекта Erasmus+ CBHE

Евразийский национальный университет им. Л. Н. Гумилева впервые выступил...