Заңнама талаптарының сақталуы туралы түсіндірме жұмыстары

Мемлекеттік қызмет – қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды институттардың бірі. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің кәсіби білімі мен біліктілігімен қатар, оның әдептілігі, жауапкершілігі және мінсіз беделі де ерекше маңызға ие.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа «Мемлекеттік қызмет туралы» заң, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдептілігі мен мінсіз беделіне қойылатын талаптарды күшейтті. Заң талаптарына сәйкес, мемлекеттік қызметші қызметтік әдеп нормаларын сақтауға, өзінің мінсіз беделін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерге жол бермеуге міндетті.

Мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқы мен қоғам алдындағы жауапкершілігі оның жеке басына ғана емес, халықтың мемлекеттік қызметшінің кәсіби бейнесіне деген сенімін қалыптастыруға ықпал етеді.

Мемлекеттік қызметшілер үшін белгіленген талаптардың бірі – заңда көзделген шектеулерді сақтау. Соның ішінде құмар ойындар мен бәс тігуге қатысты талаптар да күшейтілген. «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 14-бабы 8-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметші лауазымға кіріскен күннен бастап 30 күн ішінде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын заңда белгіленген тәртіппен өз бетінше шектеуге міндетті.

Сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда мемлекеттік қызметшілер үшін, құмар ойындар мен бәс тігу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер бекітілген. Бұл талаптарды қабылдамау немесе сақтамау мемлекеттік қызметшіні мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға немесе қызметтен босатуға негіз болады.

Осы талаптардың барлығы мемлекеттік қызметшінің жеке тәртібін ғана емес, мемлекеттік қызметтің беделі мен оған деген қоғамдық сенімді қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптармен қатар, олардың еңбек және қызметтік құқықтарының сақталуы да мемлекеттік қызмет жүйесіндегі маңызды мәселелердің бірі.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы мемлекеттік қызметшілердің құқықтарының сақталуына бақылау жүргізеді.

Басқарманың жұмысы бірнеше негізгі бағыттан тұрады:

  1. мемлекеттік қызметшілерге сыйақы беру тәртібі,
  2. еңбек демалысын ұсыну,
  3. іссапарға жіберу,
  4. мемлекеттік органдардағы тәртіптік практика және жұмыс уақыты режимінің сақталу тәртібі.
  5. Талдау нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданады.
  6. Жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі.
  7. Агенттік Төрағасының бұйрығымен бекітілген тәртіпке сәйкес, мемлекеттік органдарда жұмыс уақыты режимінің сақталуына мониторинг жүргізіледі.

Мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау аясында азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің өтініштері қаралады. Егер тексеру нәтижесінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарының бұзылғаны анықталса, тексерілген мемлекеттік органға, уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыну енгізеді. Ұсынымда көрсетілген бұзушылықтарды жою шаралары қабылдануы тиіс. Заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес, мұндай ұсыну күнтізбелік 30 күн ішінде қаралады. Осы арқылы заң бұзушылықтардың салдарын жоюға және мемлекеттік қызметшілердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік беріледі.

Қазіргі цифрлық технологиялар дәуірінде, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметшілердің қызметіне қоғамдық бақылау күшейіп келеді. Азаматтар өз пікірін бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және басқа да ақпараттық алаңдар арқылы еркін білдіре алады. Осыған байланысты Департамент бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мемлекеттік қызметшілерге қатысты жағымсыз материалдарға тұрақты мониторинг жүргізеді. Мысалы, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларына қайшы келетін сөздері немесе мінез-құлқы, жанжалдарға қатысуы және басқа да келеңсіз әрекеттері туралы мақалалар мен бейнематериалдар әлеуметтік желілерде жариялануы мүмкін. Егер жарияланған мәліметтер өз растауын тапса, кінәлі тұлғаларды заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қабылданады. Бұл бағыттың негізгі мәні – мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтауын қамтамасыз ету ғана емес, мемлекеттік қызметтің беделін қорғау және қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту болып табылады.

Департаментке мемлекеттік қызметшілердің немесе мемлекеттік органдардың әрекеттеріне қатысты түрлі өтініштер келіп түседі. Мұндай өтініштер мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың сақталуын бағалауға, орын алған мәселелердің себептерін анықтауға және қажет болған жағдайда оларды шешуге мүмкіндік береді. Азаматтардың кері байланысы мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігін бағалаудың маңызды көрсеткіштерінің бірі. Себебі мемлекеттік қызметтің сапасы ең алдымен халықтың күнделікті өмірінде байқалады.

Мемлекеттік қызметшінің әрбір әрекеті оның жеке беделіне ғана емес, мемлекеттік қызметтің абыройына да әсер етеді. Сондықтан заң талаптарын сақтау, қызметтік әдепті ұстану, азаматтардың құқықтарына құрметпен қарау және өз міндеттерін адал орындау – мемлекеттік қызметшіге қойылатын негізгі талаптардың қатарында. Ал мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау, заң бұзушылықтарды анықтау және оларды жою, азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттік қызмет пен қоғам арасындағы сенім өзара жауапкершілікке негізделеді. Мемлекеттік қызметші үшін – заң мен әдеп нормаларын сақтау, ал азаматтар үшін – өз құқықтарын білу және қажет болған жағдайда оларды заңды қорғаныш ретінде пайдалану маңызды.

Осы бағыттағы жүйелі жұмыс мемлекеттік қызметтің беделін арттырып қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Жайырова Динара

Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының жетекші маманы

Гулбану Абенова: НЕ ТОЛЬКО ЛЬГОТЫ. О ЧЁМ ГОВОРИТ СОЦИАЛЬНАЯ ПОЛИТИКА ГОСУДАРСТВА

Послушала выступление президента о социальной поддержке со стороны государства. Социальные...

ТҮРКІСТАН ПОЛИЦИЯСЫ ШЕТЕЛДІК ТУРИСТІҢ ЖОҒАЛҒАН ТЕЛЕФОНЫН ТАПТЫ

Түркістан қаласына отбасымен саяхаттап келген БАӘ азаматы Desai Dev...

«ПОЛИЦИЯНЫҢ БІР КҮНІ»: ІЗ КЕСКЕН КРИМИНАЛИСТ

Оқиға орнындағы әрбір із бен заттай дәлелдемені дер кезінде...

КӨШІ-ҚОН ҚЫЗМЕТІ ИНСПЕКТОРЫНЫҢ БІР КҮНІ

Көші-қон қызметі инспекторының бір күні – азаматтардың құқықтарын қорғауға,...

Ержан Жаубай: Кітап оқудың пайдасы…

Мемлекет басшысы «Кітап оқитын ұлт» бағдарламасын жариялағалы бері бұл...