Ана тіліміздің жанашыры А.Байтұрсынұлының: «Қазақ тілі – ең жетілген, ең үйлесімді тіл» деген сөзі есімізде.
Қазақ тілі – ең бай тіл. Қазақтың дана сөзінде айтылғандай: «Тілден артық қазына жоқ, тілден артық қасиет жоқ».
Тіл байлығын игеру – ана тілін қадірлейтін, тіл мәдениетінің шыңына қол созатын адамның әрекеті.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралатын істер көбіне орыс тілінде болып жатады. Себебі әкімшілік іс бойынша құқықтық көмек беретін адвокаттар мен заңгерлер талап арыздарды орыс тілінде әзірлейді. Осы тұрғыда сотқа келген қазақ тілді арыз беруші сот процесі кезінде орыс тілінде ойын еркін жеткізе алмай жататын кездері әлі де кездесіп жатады. Сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту құқығы бар екенін түсіндірсе де, көп жағдайда азаматтар өздерінің бұл құқықтарын қолдана бермейді. Сондықтан, кәсіби құқықтық көмек көрсетуші заңгерлер сотқа берілетін арызды талап қоюшының өзі жетік меңгерген тілде әзірлесе деген әлде де тілек бар.
Әкімшілік сотында адвокаттар мен заңгерлердің қатысуымен «Әкімшілік сот ісін жүргізудегі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту» тақырыбында дөңгелек үстелдер өткізіліп келеді, алайда әкімшілік сотына адвокаттармен, заңгерлермен талап қоюды қазақ тілінде берілу аясы әлі де кеңеймей отыр. Осы тұрғыда, адвокаттар мен заңгерлер қауымына әкімшілік сот ісін жүргізудегі мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуде өз үлестерін қосса деген үміт бар.
Әкімшілік соты мемлекеттік тілдің дамуына өз үлесін қосып келеді, тілге қатысты шараларға қатысып отырады. Мәселен, жуырда Абай Құнанбайұлының 181 жылдығына орай, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткізілген мәдени-ағартушылық шараға судья С.Қ.Табанов пен сот мамандары қатысты. Сонымен қатар «Қазақ әдебиетіндегі таңдаулы 100 кітап» жобасы аясында Қазақстанның халық жазушысы, драматург, мемлекеттік сыйлықтың иегері Тахауи Ахтановтың «Шырағын сөнбесін» романына арналған әдеби кешке қатысты.
Алдағы уақытта әкімшілік соты қазақ тілінің дамуын жоғарылата береді.
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маман – сот отырысының
хатшысы Анар Шекенова


