Жеке сот орындаушыларының іс –әрекетін даулау

Талап қоюды беру тәртібі мен мерзімі

Сот орындаушыларының әрекетін (әрекетсіздігін) даулау әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібінде қаралады.

Мемлекеттік сот орындаушысының әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағым ол қызмет көрсететін аумақтық учаскесі бойынша, ал жеке сот орындаушысының әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) шағым жеке сот орындаушысының тіркелген жері бойынша сотқа беріледі. Елді мекеннің аумағында бірнеше жалпы юрисдикция соттары болған кезде шағым атқарушылық әрекеттер жасалған жер бойынша беріледі.

Сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттерін (әрекетсіздігіне) немесе осындай әрекеттер жасаудан бас тартуды даулау атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық органының не оның бөлімінің немесе жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының не жеке сот орындаушысының шешімі алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі. Яғни аталған санаттағы істер бойынша дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі көзделген. Бұл тәртіптің сақталмауы талап қоюдың қайтарылуына әкелуі мүмкін.

Жеке және заңды тұлғалар сот орындаушыларының әрекеттерiне шағымдар бергені үшін мемлекеттік баж төлеуден босатылған.

Көп жағдайда, сотта дауланатын алимент бойынша берешекті анықтау, жеке сот орындаушыларының қызметіне төленетін ақыны бекіту тәрізді сұрақтар бойынша даулы әрекетті реттейтін заң нормаларына қатысты түсінік беріледі.

Алимент бойынша берешекті анықтау.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 99 — бабына сәйкес алимент төлемдерін жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы өндіріп алу мүмкін болмаған жағдайда сот орындаушысы берешекті айқындау туралы қаулы шығарады.

      Алимент бойынша берешекті сот орындаушысы тоқсан сайын айқындайды. 

Егер борышкер жұмыс жасайтын болса, онда алименттер бойынша берешек борышкер алатын нақты жалақыны (кірісті) негізге ала отырып, шешім орындалатын жерде белгілейді. Ал борышкер жұмыссыз болса, яғни кірісі болмаса, берешек Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшері негізінде айқындалады.

      Мүгедектігі бар адамдар болып табылатын борышкерлер үшін алименттер бойынша ай сайынғы төлемдер немесе берешек – олардың ай сайынғы жалақысынан және өзге де кірісінен, ал олар жұмыс істемейтін жағдайда, бюджет қаражатынан және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін ай сайынғы жәрдемақылардан және (немесе) әлеуметтік төлемдерден айқындалады.

Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерін айқындау.

Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуде оның қызметін өзін-өзі қаржыландыру қажеттігі ескерілуі тиіс. Өз қызметі үшін төлем ретінде алған ақшадан кеңсені сатып алу (жалдау), оны күтіп-ұстау, жабдықтау, жөндеу және күзету бойынша, жұмыс орындарын ашу және қызметкерлерге жалақы төлеу, кеңсе жұмысы үшін қажетті жабдықтар сатып алу, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру, салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу, кеңсе мұрағатының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шығыстарды, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жарналарды төлеу жөніндегі, жеке атқарушылық қызметті дамытудың нысаналы бағдарламаларына арналған міндетті төлемдерді төлейді, сондай-ақ өз қызметін ұйымдық-шаруашылық жағынан, көлікпен және техникалық қамтамасыз етуге байланысты басқа да шығыстарды өтейді.

Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық іс жүргізу шеңберінде борышкердің қаражаты есебінен жүргізіледі.

Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі. Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысына оның қызмет ақысының өндіріп алынған сомаға немесе мүлік құнына пропорционалды бір бөлігі ғана төленеді.

Егер атқарушылық құжаттың талаптары оны мәжбүрлеп орындатуға, яғни сот орындаушысына бергенге дейін орындалса, онда жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу өндіріп алынбайды.

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы № 416 бұйрығымен жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлері бекітілген. Атқарушылық іс жүргізу шеңберінде істің санатына байланысты төленетін жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасы мынадай мөлшерде белгіленеді: 1) мүліктік (ақшалай) сипаттағы атқарушылық құжаттар үшін мынадай сомалар бойынша:  60 АЕК-ке дейін болса — өндіріп алу сомасының 25 пайызы мөлшерінде;  60 АЕК-тен 300 АЕК-ке дейін болса — өндіріп алу сомасының 20 пайызы мөлшерінде;  300 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін болса — өндіріп алу сомасының 15 пайызы мөлшерінде; 1 000 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін болса — өндіріп алу сомасының 10 пайызы мөлшерінде; 5 000 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке дейін болса — өндіріп алу сомасының 8 пайызы мөлшерінде; 10 000 АЕК-тен 20 000 АЕК-ке дейін болса — өндіріп алу сомасының 5 пайызы мөлшерінде; 20 000 АЕК-тен жоғары болса — өндіріп алу сомасының 3 пайызы мөлшерінде;

      2) мүліктік емес (ақшалай емес) сипаттағы атқарушылық құжаттар үшін:  шығару және (немесе) үйге орналастыру, борышкерді белгілі бір әрекеттер жасауға және (немесе) оларды жасаудан тартынуға міндеттеу туралы атқарушылық құжаттар бойынша — жеке тұлғалардан 50 АЕК, заңды тұлғалардан 100 АЕК; талап қоюды қамтамасыз ету, мүлікті тыйым салудан босату және өзге атқарушылық құжаттар бойынша – жеке тұлғалардан 10 АЕК, заңды тұлғалардан 20 АЕК; баламен қарым-қатынас жасау тәртібі туралы – жеке тұлғалардан ай сайын 20 АЕК мөлшерінде;

      3) мерзімді төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар үшін:  алименттерді өндіріп алу және жарақаттанудан немесе денсаулықты өзге де зақымдаудан келтірілген зиянды өтеу туралы, өндіріп алу сомасының 1 АЕК мөлшерінде тоқсан сайын.

Жеке сот орындаушысына өзінің қызмет ақысы сомаларының белгіленген мөлшерін өзгертуге тыйым салынады.

     Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданарылық сотының судьясы А.Ж.Абилгазина

Қазақстан мен Франция театр өнері, музей және архив ісі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Парижде Франциядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында ҚР Мәдениет және...

 Алматы – жүрегіміздің төріндегі қала

Қала күніне орай №196 жалпы білім беретін мектепте мерекелік...

Француз филологиясы: халықаралық білімге бастар жол

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде 2026-2027 жаңа оқу жылында...

Своевременное и востребованное издание

РАЗВИТИЕ АДМИНИСТРАТИВНОЙ ЮСТИЦИИ В РЕСПУБЛИКЕ КАЗАХСТАН ОБУСЛОВИЛО ПОТРЕБНОСТЬ НЕ...

Брачный договор – до сих пор звучит непривычно 

НЕСМОТРЯ НА ТО, ЧТО БРАЧНЫЙ ДОГОВОР СУЩЕСТВУЕТ В КАЗАХСТАНСКОМ...