Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде 2026-2027 жаңа оқу жылында «Француз филологиясы» бағыты бойынша жүзеге асырылатын қос дипломдық білім беру бағдарламасына 12 студент қабылданды. Бұл – қазақстандық және француздық жоғары білім беру кеңістігін байланыстыратын, студенттерге халықаралық деңгейде білім алуға мүмкіндік беретін маңызды академиялық бастама.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – француз тілін еркін меңгерген, француз филологиясы мен мәдениетін терең білетін, халықаралық ортада кәсіби қызмет атқара алатын бәсекеге қабілетті мамандар даярлау.
Қос дипломдық бағдарлама аясында студенттер Қазақстанда алған білімдерін Францияның ГренобльАльпы университетінің жоғары білім беру жүйесімен ұштастырып, француз тілінің теориясы мен практикасын, француз әдебиеті мен мәдениетін, лингвистика және мәдениетаралық коммуникация бағыттарын терең меңгереді.
Бағдарламаның халықаралық құрамдас бөлігі студенттердің академиялық мобильдігін дамытуға, француз тілдік және мәдени ортасына енуіне, шетелдік оқытушылармен және студенттермен кәсіби қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік береді. Осылайша студент тек шет тілін үйреніп қана қоймай, оны кәсіби және академиялық ортада қолдану тәжірибесіне ие болады.
12 студенттің бағдарламаға қабылдануы – француз тілі мен француз филологиясына деген жастар қызығушылығының артып келе жатқанының айқын көрсеткіші. Әр студент үшін бұл бағдарлама – сапалы білім алудың ғана емес, жаңа мәдениетпен танысудың, халықаралық тәжірибе жинақтаудың және болашақ кәсіби жолын кеңейтудің бірегей мүмкіндігі.
Қазақстан мен Франция арасындағы білім беру байланыстарын нығайтуға бағытталған бұл жобаның іске асуына айрықша еңбек еткен университет,факультет басшылығына, әсіресе Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі Аймагамбетова Малика Мұратқызына алғысымыз шексіз.
Бұл бағдарлама -халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытудың және жаңа буын филологтарын даярлаудың маңызды қадамы.
Жаңа оқу жылында қос дипломдық бағдарламаның алғашқы қадамдарын жасап отырған 12 студентімізге сәттілік, табыс және үлкен академиялық жетістіктер тілейміз!
Bienvenue dans le monde de la langue et de la culture françaises!
Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының француз тілі пәнінің оқытушылары
Айтжанова Гүлнара Досхожақызы, Мақатаева Шолпан Мұқағалиқызы


