15 қыркүйектен бастап Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация басталды. Екпе 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы эпидемиялық маусымға дайындық аясында жүргізіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Вакцинация ең алдымен тұмауды жұқтыру немесе аурудың асқыну қаупі жоғары азаматтарды қамтиды. Екпе медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін жасалады.
Кімдерге тұмауға қарсы вакцина тегін салынады?
Мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша, тегін вакцинациялауға:
- медицина қызметкерлері;
- созылмалы ауруларға байланысты диспансерлік есепте тұрған адамдар;
- жас балалар;
- оқушылар;
- жүкті әйелдер;
- егде жастағы адамдар;
- жабық типтегі мекемелерде тұратын азаматтар;
- арнаулы әлеуметтік қызметтер мекемелеріндегі адамдар жатады.
Вакцинация ақпараттандырылған келісім алынғаннан кейін жүргізіледі. Сонымен қатар эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша инфекция жұқтыру қаупі жоғары адамдарға да екпе салынуы мүмкін.
Вакцинаны қайдан алуға болады?
Астана тұрғындары тұмауға қарсы екпені тіркелген жері бойынша емханадан ала алады. Вакцинаның бар-жоғын, вакцинацияға жазылу және екпе алу тәртібін медициналық ұйымнан нақтылау қажет.
Тәуекел тобына кірмейтін азаматтар да тұмауға қарсы вакцинациядан өте алады. Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, бұл жағдайда екпе ақылы негізде жасалады.
Вакцина салынатын орындар мен препараттың бар-жоғын тіркелген емханадан немесе өңірлік денсаулық сақтау басқармасынан білуге болады.
Елордалық емханаларда ЖРВИ белгілері бар науқастарға арналған сүзгі-кабинеттер мен жедел жәрдем кабинеттері жұмыс істейді. Олар жұмыс күндері 08:00-ден 20:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 08:00-ден 18:00-ге дейін қабылдайды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында үйге барып қызмет көрсететін мобильді бригадалар да жұмыс істейді. Жүкті әйелдерге, сонымен қатар ЖРВИ немесе тұмау белгілері бар және асқыну қаупі жоғары бір жасқа дейінгі балаларға ерекше назар аударылады.
Ауруханаларда да науқастар санының ықтимал өсуіне дайындық жүргізілуде. Қосымша инфекциялық төсек-орындар әзірленіп, дәрі-дәрмек қоры қалыптастырылған. Төсек қорының жүктемесі тұрақты бақылауда болады.
Тұмаудың алғашқы белгілері байқалса
Дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақтың ауыруы, мұрыннан су ағуы немесе әлсіздік байқалса, тұрғылықты жердегі емханаға немесе сүзгі-кабинетіне жүгіну ұсынылады.
Мамандар қолды жиі жуып, үй-жайларды желдетуге және маусымдық аурулар көбейген кезде адам көп жиналатын орындарға баруды шектеуге кеңес береді.


