Әр минут маңызды: интервенциялық кардиология жүректі қалай сақтайды

16 қыркүйекте бүкіл әлемде Халықаралық интервенциялық кардиология күні атап өтіледі. Заманауи аз инвазивті технологиялар дәрігерлерге жүрек пен қан тамырлары ауруларын үлкен ашық ота жасамай-ақ диагностикалауға және емдеуге мүмкіндік береді. Ал инфаркт кезінде қан айналымын барынша қысқа мерзімде қалпына келтіріп, жүрек бұлшықетін сақтап қалуға жағдай жасайды.

Мұндай әдістердің қалай жұмыс істейтіні, қандай жағдайда стенттеу қажет болатыны және кеуде тұсы ауырғанда неліктен уақыт жоғалтпау керектігі туралы ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің кардиоваскулярлық бөлімшесінің меңгерушісі Данияр Маханов айтып берді.

Интервенциялық кардиология жүрек пен қан тамырлары ауруларын қан тамырына жасалған шағын пункция арқылы енгізілетін катетерлердің көмегімен диагностикалау және емдеу бағыты. Көбіне қан тамырына білезік немесе шап аймағы арқылы кіреді. Рентгенологиялық бақылаумен дәрігер катетерді қажетті тамыр бөлігіне жеткізіп, оның жағдайын бағалап қана қоймай, қажет болған жағдайда бірден емдік шара жүргізе алады.

Негізгі әдістердің бірі коронарография. Ол жүрек қан тамырларында тарылу немесе бітелу бар-жоғын, оның қаншалықты айқын екенін және қандай емдеу тактикасы қажет екенін анықтауға мүмкіндік береді.

Егер айқын тарылу анықталса, дәрігер ангиопластика жасап, арнайы баллонның көмегімен қан тамырын кеңейтеді, ал қажет болған жағдайда стент орнатады. Стент — қан тамырының ішінде қалып, оның саңылауын ашық күйде ұстап тұруға көмектесетін шағын металл құрылым.

Мұндай технологиялардың миокард инфаркті кезінде маңызы ерекше.

 Жедел инфаркт кезінде жүректі қанмен қамтамасыз ететін тамырлардың бірі күрт тарылуы немесе толық бітеліп қалуы мүмкін. Соның салдарынан жүрек бұлшықетінің бір бөлігіне оттегі жетпей қалады. Қан ағымы неғұрлым ұзақ уақыт қалпына келмесе, жүрек жасушалары соғұрлым көп зақымданады. Сондықтан мұндай жағдайда әр минуттың маңызы зор, — дейді дәрігер.

Қан айналымы неғұрлым тез қалпына келтірілсе, жүрек бұлшықетін сақтап қалу және ауыр асқынулардың қаупін төмендету мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

Инфаркттің негізгі белгісі 15-20 минуттан ұзақ уақытқа созылатын төс артындағы қатты қысып, күйдіріп немесе жаншып ауыратын ауырсыну болуы мүмкін. Ауырсыну сол қолға немесе екі қолға бірдей, иыққа, арқаға, мойынға немесе төменгі жақ сүйекке таралуы ықтимал. Сонымен қатар ентігу, суық тер, қатты әлсіздік, бас айналу, жүрек айну немесе кенеттен пайда болатын қатты мазасыздық сезімі байқалуы мүмкін.

Мұндай жағдайда ауырсыну өздігінен өтіп кетеді деп күтуге болмайды. Мүмкіндігінше тез арада жедел медициналық жәрдем шақыру қажет.

Инфаркт кезінде стенттеу жиі жүргізіледі, әсіресе оның себебі коронарлық артерияның айқын немесе толық бітелуі болса. Алайда стент әр науқасқа қажет бола бермейді. Шешім тексеру мен коронарография нәтижесінен кейін, қай қан тамырының зақымданғаны, оның қаншалықты бітелгені және қандай емдеу тәсілі тиімді болатыны ескеріле отырып қабылданады.

Стент орнатылғаннан кейін науқастардың көпшілігі біртіндеп қалыпты өмір салтына қайта орала алады. Алайда негізгі ауруды емдеуді жалғастырып, дәрігердің ұсынымдарын қатаң сақтау маңызды.

Стенттің ішінде тромб түзілуінің алдын алатын дәрілік препараттардың маңызы ерекше. Оларды дәрігер белгілеген сызба бойынша қатаң қабылдау және өзін жақсы сезінгеннің өзінде өз бетінше тоқтатпау қажет. Сонымен қатар артериялық қысымды, қандағы холестерин мен қант деңгейін бақылау, темекі шегуден бас тарту, дұрыс тамақтану, қалыпты дене салмағын сақтау және дене белсенділігіне біртіндеп оралу маңызды.

ҚР ПІБ Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінде жыл сайын шамамен 1000 интервенциялық процедура, оның ішінде коронарография, ангиопластика және коронарлық артерияларды стенттеу жүргізіледі. Жылына шамамен 400 науқасқа стент орнатылады.

Бөлімшенің мүмкіндіктері қан тамырлары күрделі зақымданған жағдайда, соның ішінде созылмалы бітелу мен бірнеше қан тамыры қатар зақымданған кезде де интервенциялық ем жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ мамандар жүректің жекелеген құрылымдық ақаулары, перифериялық және бүйрек артерияларының патологиялары кезінде эндоваскулярлық араласуларды, сондай-ақ стент-графт орнату арқылы қолқаға жасалатын емшара  орындайды.

Жүрек ырғағының бұзылыстарын емдеу үшін радиожиілікті абляция мен криоабляция қолданылады, сондай-ақ әртүрлі антиаритмиялық құрылғылар имплантацияланады.

Коронарлық қан тамырларының ауыр әрі кең таралған зақымдануы қант диабеті және созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі секілді қатар жүретін аурулармен ұштасқан жағдайлар ең күрделі болып саналады. Мұндай науқастарда қан тамырлары бір мезгілде бірнеше бөлікте зақымдануы мүмкін, ал асқыну қаупі жоғары болады. Сондықтан әр жағдайда емдеу тактикасы жеке таңдалады.

 Ең басты кеңес күтпеу және ауырсынуға төзбеу. Егер кеудеде қысып немесе күйдіріп ауырсыну, ентігу, суық тер, кенеттен әлсіздік пайда болса немесе ауырсыну қолға, арқаға не жақ сүйекке таралса, жедел жәрдемді мүмкіндігінше тез шақыру қажет. Инфаркт кезінде әр минут маңызды: қан ағымы неғұрлым ерте қалпына келтірілсе, жүрек бұлшықетінің соғұрлым көп бөлігін сақтап қалуға болады, — деп атап өтті маман.

Ұлттық госпиталь мамандары инфаркт қаупін төмендету үшін артериялық қысымды, қандағы холестерин мен қант деңгейін тұрақты бақылау, темекі шегуден бас тарту, дұрыс тамақтану және дене белсенділігін сақтау маңызды екенін атап өтті.

Ұлттық госпитальға кеңес алу және тексеруден өту үшін Алматы қаласының және Қазақстанның өзге өңірлерінің кез келген тұрғыны жүгіне алады.

Кардиоваскулярлық бөлімше мамандарының қабылдауына жазылу телефондары:

8 776 338 43 10 — мобильді;

8 727 261 97 87 — қалалық.

ҚР ПІБ Медициналық орталығы Ұлттық госпиталінің баспасөз қызметі

Когда счет идет на минуты: как интервенционная кардиология спасает сердце

16 сентября во всем мире отмечается Международный день интервенционной...

СЕКРЕТАРЬ СУДЕБНОГО ЗАСЕДАНИЯ — ВАЖНАЯ СОСТАВЛЯЮЩАЯ ОБЕСПЕЧЕНИЯ ПРАВОСУДИЯ

Судебный процесс — это сложная и ответственная деятельность, в...

ТҮРКІСТАН ПОЛИЦИЯСЫНДА ЗАҢДЫЛЫҚ ПЕН АДАЛДЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысы Полиция департаментінде қызметтік тәртіпті нығайту, заңдылықты сақтау...

Жер – өңірдің басты байлығының бірі: оны ұтымды әрі тиімді пайдалану – ортақ міндет

Жер – мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік және стратегиялық дамуының негізгі...

Қазақ – бақытты әрі жасампаз ұлт

«Біз ешкімнен кем емеспіз. Көршілерімізбен де, басқа мемлекеттермен де...