10 қыркүйек — Дүниежүзілік суицидтің алдын алу күні. Осы атаулы күнге орай Абай облысы бойынша ҚАЖ жүйесінің барынша қауіпсіз мекемесінде мекеме психологтары сотталғандар арасында профилактикалық іс-шара өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты — сотталғандардың психологиялық сауаттылығын арттыру, өмірге деген оң көзқарасын қалыптастыру, эмоционалдық қиындықтарды еңсеру дағдыларын дамыту және дағдарыстық жағдайлардың алдын алу.
Іс-шара барысында мекеме психологтары эмоционалдық тұрақтылықты нығайтуға, өзін-өзі қолдау және өзара көмек көрсету дағдыларын дамытуға бағытталған тақырыптық әңгіме жүргізді. Сотталғандарға психологиялық көмекке дер кезінде жүгінудің, сенімді қарым-қатынас орнатудың және айналасындағы адамдардың эмоционалдық жағдайына мұқият қараудың маңыздылығы түсіндірілді.
Сонымен қатар психологиялық денсаулықты сақтау, жанжал жағдайларын конструктивті түрде шешу және өмірлік мақсаттарды қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Іс-шараға қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерді ашық талқылап, мамандардан қажетті ұсыныстар алды.
— Мұндай кездесулер өзіңнің басыңнан өтіп жатқан жағдайларға басқаша көзқараспен қарауға және өмірде қиындықтар кездескен кезде өз-өзіңе тұйықталып қалмау керектігін түсінуге көмектеседі. Өз мәселелерің туралы сөйлесе білу және қажет болған жағдайда көмекке жүгіну маңызды. Мен үшін мамандар мен басқа да қатысушылардың пікірін тыңдау пайдалы болды, — деп атап өтті сотталғандардың бірі.
— Адамның өмірі мен психологиялық денсаулығын сақтау — тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыстың негізгі бағыттарының бірі. Біздің міндетіміз — эмоционалдық қолайсыздықтың белгілерін дер кезінде анықтау, қажетті қолдау көрсету және сотталғанның білікті психологиялық көмек алуына жағдай жасау. Мұндай іс-шаралар мамандарға деген сенім деңгейін арттыруға, сондай-ақ адамның өзінің психологиялық жағдайына және айналасындағы адамдардың көңіл күйіне жауапкершілікпен қарау қажеттілігіне назар аударуға мүмкіндік береді, — деді сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Ермек Рхимов.