Құқықтық мемлекет құру тек заңдарды қабылдаумен шектелмейді. Оның басты көрсеткіштерінің бірі – әр азаматтың өз құқықтары мен міндеттерін білуі, заң талаптарын құрметтеуі және туындаған жағдайда өз құқықтарын заңды жолмен қорғай алуы.
Сондықтан құқықтық мәдениет – қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың мемлекетке деген сенімін қалыптастыратын маңызды факторлардың бірі.
Құқықтық мәдениет дегеніміз – заңды білу ғана емес. Бұл – өз құқығыңды білу, өз міндетіңді түсіну, мемлекеттік органдарға белгіленген тәртіппен жүгіну, электрондық сервистерді пайдалана білу және өз мәселеңді құқықтық жолмен шешуге ұмтылу.
Осы бағытта Әділет органдарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Біздің міндетіміз – заңнаманы азаматқа түсінікті тілде жеткізу, құқықтық ақпаратты барынша қолжетімді ету және адамның өз құқығын іс жүзінде жүзеге асыруына мүмкіндік жасау.
Абай облысының Әділет департаментінде құқықтық түсіндіру жұмысы жүйелі және тұрақты негізде жүргізіледі. Бұл жұмыс тек мемлекеттік мекеме қабырғасында өткізілетін іс-шаралармен шектелмейді. Азаматтардың күнделікті өмірінде туындайтын өзекті мәселелерді ескере отырып, халықпен тікелей байланыс орнатуға басымдық берілуде.
Осы мақсатта Департамент тарапынан «Әділет кеңес береді», «Халық заңгері», «Ашық есік күні» сияқты әлеуметтік-құқықтық акциялар тұрақты түрде ұйымдастырылып, азаматтарға құқықтық мәселелері бойынша түсіндірулер мен консультациялар беріледі. Мұндай форматтың ерекшелігі – тұрғынның өз мәселесін маманға тікелей жеткізіп, заңнамада көзделген құқықтық шешу жолдарын сол жерде білу мүмкіндігі.
Аталған акциялардың негізгі мақсаты да – халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, азаматтарға білікті заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Мұндай іс-шараларға әділет органдарының қызметкерлерімен қатар адвокаттар, нотариустар, заң консультанттары, жеке сот орындаушылары және басқа да құқық саласының мамандары тартылады.
Құқықтық мәдениетті қалыптастырудың тағы бір маңызды бағыты – азаматтарды жеке қабылдау.
Департаментте азаматтарды күнделікті қабылдау жүргізіледі. Сонымен бірге басшылық тарапынан да жеке қабылдаулар тұрақты ұйымдастырылады. Бұл азаматтардың өз мәселесін тікелей жауапты тұлғаға жеткізуіне, көтерілген мәселенің мән-жайын жан-жақты қарауға және қолданыстағы заңнама шеңберінде түсіндіру алуға мүмкіндік береді.
Құқықтық түсіндіру жұмысы халықтың әртүрлі санаттарын қамтиды. Департамент мамандары жоғары және арнаулы оқу орындарында студенттермен, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қызметкерлерімен, әлеуметтік мекемелерде, халық көп жиналатын орындарда кездесулер өткізіп, заңнамадағы өзгерістерді түсіндіреді.
Қазіргі уақытта құқықтық түсіндіру жұмысының дәстүрлі форматтарымен қатар онлайн форматтарға да басымдық берілуде. Азаматтардың уақытын үнемдеу және құқықтық ақпаратты кең аудиторияға жеткізу мақсатында әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарда тікелей эфирлер ұйымдастырылып, Департамент қызметінің өзекті бағыттары бойынша түсіндірмелер беріледі.
Мұндай тікелей эфирлерде азаматтар өздерін қызықтырған сұрақтарды тікелей жолдап, мамандардан жауап ала алады. Бұл әсіресе белгілі бір заңнамалық өзгеріс қоғамда үлкен қызығушылық тудырған кезде тиімді.
Сонымен бірге құқықтық сауаттылықты арттырудың маңызды бағыты – азаматтарға тек құқықтарын түсіндіру емес, олардың міндеттерін де түсіндіру.
Құқық пен міндет – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Әр азамат өз құқығын талап ете отырып, басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге, заң талаптарын сақтауға міндетті. Қоғамдағы заң мен тәртіп те осы өзара жауапкершілік қағидатына негізделеді.
Біздің қағидамыз қарапайым: заң баршаға ортақ, ал құқықтық ақпарат баршаға қолжетімді болуы тиіс.
Заңды білетін, өз құқығы мен міндетін түсінетін азамат – құқықтық мемлекеттің берік негізі.
Ал құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда заңға деген құрмет қалыптасып, азаматтардың өз мәселелерін өркениетті және заңды жолмен шешуге деген ұмтылысы артады. Бұл өз кезегінде қоғамдағы тұрақтылықты нығайтып, мемлекет пен азамат арасындағы өзара сенімді арттырады.
Сондықтан құқықтық мәдениетті қалыптастыру – тек Әділет органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Абай облысы Әділет департаментінің
басшысы М.О. Едрисов


