«Биссмила» деп бастадым сөздің басын,
Мұсылманның ұрпағы біз болғасын.
«Дін –ұлттың діңгегі» деп ұрандаған,
Ұрпақтармыз көлдеткен көздің жасын.
Ұлт тірегі – исламдай дініміміз бар,
Хақ тағала – Алладай Иеміз бар.
Қасиетті Құрандай – киеміз бар.
Мекке мен Мәдинедей жеріміз бар» –
Қайдан оқығаным есімде жоқ, осындай жыр шумақтары жадымызда жатталып қалыпты. Бұл шумақтар – имандылыққа жетектейді, дәстүрлі дін мен ұлттық құндылықтардың сабақтастығын дәріптейді. Әлмисақтан мұсылман қазақ халқы өзінің барша тарихында ислам мен ұлттық салт-дәстүрлерін жымдастырып қатар ұстайды.
Дін енді ғана егемендігін алған Қазақстанның іле-шала жариялаған тәуелсіздігін қорғауға, ұлтаралық, дінаралық келісімнің орнығуына, өзіндік ислами жолын таңдауына, мұсылман жамағатының сұраныстарына орай қызмет етуге тиіс болды. Осындай қиын-қыстау шақта дінді де, саясатты да білгірлікпен ұштастырып жүзеге асыратын мамандар яғни діни кадрлар қажет еді. Сондай кадрлар туралы сөз етсек, олардың алдыңғы қатарында Асылхан қажы Аманқұловтың есімі еске түседі.
Ол өзі бір тағдыршешті кезең еді ғой. Құдайсыздық кезеңінен шыққан ел енді жапа-тармағай тура жолға деп, діни фанатизмге ойысып кетуі де әбден мүмкін болатын. Бірақ мүфтият халықты бір қиырдан екінші қиырға ұрындырмай орта жолда жүруді үлгі етті. Құранның «Бақара» сүресінің 143-аятында: «Міне, осылайша, сендерді орта жолды ұстанушы үммет еттік…» дейді ғой. Сондай-ақ Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) те: «Істердің ең қайырлысы, орта жолдан шықпағаны» деп насихат етеді. Діни басқарма халықты әсіредіншілдіктен сақтап Қазақстан мұсылмандары үшін ислам дінінің сунниттік Әбу-Ханифа жолын таңдады. Ратбек қажының дін мен дәстүрді қабыстыра ұстауға мүмкіндік беретін бұл бағыты Қазақстан үшін ең тиімдісі, ең дұрысы болып шықты.
Тап осы кезде Бұхарадағы Мир Араб медресесінде оқыған Асылхан ҚМДБ қармағына келді. Келді де өзінің біліктілігімен, іскерлігімен аз уақытта мүфти-хазірет Ратбек қажының оң қолына айналды. Құран оқудағы өзіндік әсем қырағатымен, көркем де жұғымды мінезі, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленді. Орталық мешіттің имамы, кейін наиб-мүфти сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқарды.
Асылхан биыл тура 65-те. Ол Қазығұрт тауының етегінде дүниеге келген. Мектепті бітірген соң ауылдас досы Бауыржан Ибрагимовпен бірге Өнер институтына қабылданып тұрған жерінен әкесінің тілегін орындап Бұхарадағы діни оқуға аттанады. Бірнеше жыл түсе алмай Ташкентте «Хаст имам» мешітінде молдалардан білім алады. Ақыры Бұхарадағы «Мири Араб» медресіне түсіп үздік шәкірттердің бірі болды. Әрі қазақ студентінің шақырған азан дауысы бүкіл бұхаралықтарды таң қалдыратын.
1990 жылы Қазақстанда Орта Азия мұсылмандары діни басқармасынан бөлініп Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылған кезде Бұхарадағы оқулары аяқталып елге оралған бірнеше жігіт жаңа мүфтият үшін дайын кадрлар болып шықты. Оның ішінде Асылхан да бар еді. Өзінің терең білімімен, көркем мінезімен, қырағаты керемет дауысымен ол бірден ерекшеленді.
Асылхан келген бойда Алматы қаласындағы Ислам институтының жұмысына атсалысты. Сол жерде дәріс берді. Орталық мешіттің құрылысына атсалысты, оның барысын толықтай көз алдынан өткізді. Жеті мың адамдық Орталық мешіт құрылысы 1993 жылы басталды. Оның сәулеттік жобасын жасаған Сұлтан Баймағамбетов пен Жаңабай Шарапиев және Қазыбек Жарылғапов деген сәулетшілер болатын. Құрылыс жеті жылға созылды. Оның жұмысына Малайзия елінен келген Хамза деген бизнесмен жігіт 500 мың доллар көлемінде қаражатпен қайырымдылық көмек жасады. Жалпы діни мекеме құрылысына қаланың сол кездегі әкімі Шалбай Құлмаханов, әкім орынбасары Болат Сауранбаев, «Алматы-құрылыс» холдингінің президенті Аманкелді Ермегияев, сол кездегі «Игілік» банктің төрағасы Талғат Әбжәркенов, «Қазақтелекомның» бастығы Әдебиет Сәтеков, Президенттің Күзет қызметінің бастығы Амангелді Шабдарбаев, Алматы қаласының 1992-1994 жылдардағы әкімі Заманбек Нұрқаділов елеулі үлес қосты. Асылхан осы азаматтардың бәрімен араласты, солардың демеушілік көмегін ұйымдастырды.
Асылхан елімізде мәдени, рухани білім беретін қазіргі «Нұр-Мүбарак» университетінің қалай пайда болғанына да куәгер. Сол оқиғалардың ортасында болды. 1993 жылы Қазақстан Президентінің Египет Араб Республикасына сапар кезінде Бас мүфти Ратбек қажы Мысыр президенті Хосни Мүбаракқа «Әл Азһар» университетінің Қазақстанда филиалын ашып беру туралы өтініш жасайды. Осыдан төрт айдан кейін Египет дін істер министрі Мұхаммед әл-Махжубпен арада университет салу туралы келісімге қол қойылды. «Енді оқу орнына жер таңдау мәселесі туындағанда қала әкімі Заманбек Нұрқаділовтың көмегімен, Ратбек қажының қалауымен әл-Фараби даңғылы бойынан ҚазҰУ-ге жақын жерден ауқымды жер телімі бөлінді. Сол университет 2001 жылы тамыз айында өз жұмысын бастады. Міне ширек ғасырдан бері оқу орны 2 мыңнан астам діни маман даярлап шықты» дейді Асекең сол оқиғаларды еске алып.
Асылхан Өмірзақұлы Аманқұлов 1991 жылы 13 желтоқсанда Талдықорған қаласының бас имамы Ибрагим Машанло бастап «Уақытша комитет» құрып, өздерін тіркелмеген «Алаш» партиясынанбыз деген топ мүфтиятқа басып кіріп, бас мүфти Ратбек қажының қолын сындырған, Қазақстан мүфтиятын қайтадан САДУМ-ға қосқысы келген әрекеттерінің ортасында болды. Өзі де таяқ жеді. Қайта мұндай «бүйректен-сирақ» шығарғысы келген топ әрекеттеріне тез арада тосқауыл қойылды.
Асекең Қазақстандағы елеулі діни оқиғалардың үнемі ортасында болды. Бүкіл еліміз бойынша ондаған жаңа мешіттердің ашылуына қатысты. Талай шәкірттер даярлады. Намазхан жандардың бес парыздың бірі – қажылық сапарларын ұйымдастыруға да үлкен еңбек етті. Үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлап, өзіне тартып баурап алатын. Қарапайым халық арасында беделі зор болды.
Бір мысал. Осыдан үш жыл бұрын, 2023 жылғы 18 мамырда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жасарал Қуанышалин аяқ астынан дүние салды да айналасындағы жігіттер маған хабарласты. Жаназа шығару, жер алу сияқты мәселелер алдан шыққан. Көмектесуді сұрайды, мен дереу бұрыннан танитын Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевқа хабарласып, жазбаша түрде өтініш жіберіп, Кеңсайдан жер бергізу мәселесін біржақты еттім де, одан соң Асылхан қажыға қоңырау шалдым. Осылай да осылай, «марқұм Жасарал бауырымыздың Алматыда бас көтерер туыстары жоқ, жұбайы Айсұлу Қадырбаева омыртқасынан мертігіп ауруханада жатыр. Қол ұшын берейік. Сол марқұмның жаназасын Алланың разылығы үшін Сіз шығарып берсеңіз?!» деп өтіндім. Асекең сөзге келген жоқ, бірден келісті. «Оппозиция» деп шошымай діни рәсімді атқарып берді. Арнайы рұқсат алып Жасарал досымыздың жаназасын Орталық мешіттен шығарып, Кеңсайдың төріне жерлеп қайттық. Өз басым сол жолы Асекеңнің батылдығына, адамгершілігіне, иманды әрекетіне қатты разы болдым.
Асылхан қажы жалпы өтініш жасаған ешкімнің көңілін қалдырып көрген емес. Оны биікке жетелеген үш нәрсесі еді. Бірінші – қырағаты, екінші – білімі, үшінші – кішіпейіл, осы қарапайымдылығы болатын. Сол қалпымен ол өзіне көптеген жанашыр, тілектес тапты. Жұма күндерде Орталық мешіттің дыбыс күшейткішінен Асылхан қажының дауысы магниттей тартып тұратын. Тыңдаған жұрт: «Айналайын өзіміздің Асекең ғой!» дейтін өзімсініп. Теледидардан берілген хабарларда Асылхан қажының байсалды қалпын бұзбастан қандай өткір сұрақ болса да білгірлікпен жауап беретіні тамсандыратын. Асекеңнің тағы бір ерекше қасиеті жады мықты болды. Бір көрген адамын ұмытпайды. Қартайған үлкен кісілерге шейін аты-жөнін біліп, айтқан әңгімелерін қаперінде ұстап жүретін. Сол үшін де қарт кісілер Асылханды өз баласындай жақсы көретін.
Өмір болған соң жұрт перзентті болса азан шақыртып Асылханға ат қойдыртқысы, жақыны дүниеден өтсе жаназасын Асылханға шығартқысы келеді. Ол сондайда жұрттың жағдайын, ауа райының өзгерістерін назарда ұстайды. Жаназа немесе жерлеу рәсімдері кезінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Араларыңнан кім адамдарға намаз оқытса, қысқа оқытсын. Өйткені олардың арасында халі нашар, сырқат, жасы ұлғайған қариялар бар. Жеке оқығанда қалағанша ұзақ оқуына болады» деген хадисін есте ұстайды. Жаз кезінде шыжыған ыстықта жұрттың басынан күн өтпеуін, қақаған қыста суық өтпеуін ойлап тұрады. «Ағайын, аяқтарыңыздың тамыры варрикоздан жарылатындай боп ауырып тұрса түрегеп тұрсаңыздар да болады», «қарға отырып астарыңыздан суық өткізіп алмаңыздар» деп қамқорлық тілегін төгілтіп тұрғанына талай рет куә болдық.
Асекең ұзақ жылдар Алматының іргесіндегі Бақыткелді мешітінде, Абай ауылдық мешітінде, Әл-Хамид мешітінде бас имам болды. Өзінің туған ауылында ауылдастарының көмегімен әйдік мешіт салды. Таяуда ғибадатхана жамағаты мешітке «Өмірзақ Ата» атын беру туралы қаулы қабылдады.
Марат БАЙДІЛДАҰЛЫ,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстанның Құрметті жазушысы,
академик, профессор


