Танымдық бағдарлама баланың қабілет-қарымын ұштайды

Баланың жас ерекшелігіне қарай білімі мен қабілет-қарымын дамытатын, ойына қозғау салатын танымдық бағдарламалар дайындау қай кезде де өзекті. Кітап дүкендеріне барғанда түрлі-түсті боялған, бала тұрмақ ересектердің қызығушылығын арттыратын кітапшалардан көз тұнады. Солардың көпшілігі суреттерді дұрыс бояуға, түстерді дәл анықтауға үйретеді.

Ертегілерді ұсыну əдісі да ерекше. Бірінде ертегі тек суретпен бейнеленсе, екіншісінде мəтін беріліп, баланың сол мəтінге қарай өзі сурет салуына мүмкіндік қарастырылған. Ертегілерді екі тілде ұсынып, соңында баланың өз бетінше мəтіндер құрастыруына көмектесетін кітапшалар да бар. Өкініштісі, балаларға арналған осындай сансыз көп оқулық, кітапшалардың барлығы өзге тілде. Арасынан бірді-екілі қазақша ертегіні көріп қалсақ қуанамыз. Сонда қазақ балалары кітап оқымай ма, əлде ертегіге қызықпай ма? Жоқ, əрине! Тек бізде əдебиеттің осы саласы əлі толық игерілмей, мəн берілмей жатыр. Жазушы Зияш Телеуованы да балалар детективіне əкелген осы қажеттілік еді. «Бірде кітап дүкеніне бардым. Шүпірлеген қара домалақтар Агата Кристидің детектив кітаптарын қарап қызығып тұр екен. «Бізде неге осындай детектив жазатындар жоқ?» деп қояды бір-біріне. Кітап дүкенінен шыққан соң ойға қалдым. Шынында балалардың ойлау, сараптау қабілетін дамытатын, қиялдауына, армандауына жол ашатын детектив шығармалар неге бізде жоқ? Қазақ жазушылары детектив жаза алмай ма? Балаларды қызықтыратындай шытырман шығарма жазуға қазақ жазушыларының қабілеті жетпей ме? Осы сұрақтарға жауап іздеп біраз уақыт ой үстінде жүрдім. Сосын танымал детектившілердің бала танымына жақын шығармаларын аударуды бастадым. Бірақ оны кітап етіп шығару үшін авторлық құқыққа байланысты көптеген мəселе туындайды екен. Ақыры алғашында отандық тергеушілер қараған істерді негізге алып қазақша детектив жазуды бастадым. Осылайша алғашқы туындыларым жазылып, кейіннен оны кітап етіп басып шығардым. Дүкен сөрелеріне түсісімен аз таралыммен шыққан кітаптарым бірден сатылып кетіп жатты. Бұл менің келесі кітапты жазуға деген құлшынысымды оятты. Осының өзі қазақ балаларының кітапқа құштар екенін көрсетсе керек», – деген еді. Міне, осы сияқты кітаптар көбейсе телефонға телміріп уақытын текке өткізетін бүлдіршіндер қатары азаяры даусыз. Əрине, интернеттегі ақпараттың барлығы зиянды, қажетсіз деуден аулақпыз. Дегенмен, кітапқа жинақталып берілген ақпарат баланың есінде көбірек сақталатынын дəлелдеу артық. Балалар əдебиетін былай қойғанда, балалар басылымдарының өзі қазір өте аз таралыммен шығады. Баспасөзге жазылу мəдениеті жыл өткен сайын ұмытылып барады. Баланың таңдау еркіндігін ескерген дұрыс шығар, десек те мектеп қабырғасында əр оқушының бір балалар басылымын жаздырып алып оқуын міндеттеген артықтық етпейді. Үйіне уақытылы келіп тұратын басылым баланың бірте-бірте кітап оқуға, өз бетінше ізденуге деген түсінігін орнықтырады. Тіпті басылымға жазылуға жағдайы келмейтін отбасыларға мемлекеттен арнайы қаржы бөліп, демеушілер тауып жақсы істі ұйымдастырған ұтымды болар еді. Əрине, бағасы қымбат ұялы телефон, ноутбук алуға қаржы тапқан ата-ананың газет-журналды жаздыруға жағдайы келмейді десек қисынға келмес. Дұрысы бүгінгі қоғам басылымдардың қажеттілігін, маңызын түсіне бермейді. Телеарналардың да балаларға арналған бағдарламалары жұтаң. Арнайы «Балапан» арнасы жұмыс істеп тұрғанымен, ұдайы қайталанатын дүниелер балаларды мезі етеді. Сондықтан бұл телеарнаға да ізденіс, жаңа дүниелер керек. «Балапанға» кішкентай көрермендерін экран алдынан алыстатпайтын тартымды туындылар, көшірме емес, отандық кейіпкерлер керек. Біздің бүлдіршіндер қазақ халқының өзіндік табиғатын, болмыс-бітімін дəріптейтін мультфильм кейіпкерлеріне зəру. Алыстағы Американы айтпағанда, жанымыздағы Ресейдің мамандарын алайықшы. Қазақ балаларының интернеттен іздейтіні де сол көрші елде дайындалған – «Маша мен аю», «Балапанның» аударып ұсынатыны да – «Маша мен аю». Алыста жатып-ақ қазақ баласына танымал болған Маша мен аю бүгінде барлық сауда орталықтары мен базар сөрелерін жаулап алған. Ертегі мен мультфильм кейіпкерлерін балалардың сүйіктісіне айналдыра білген туынды авторлары қазір ойыншық индустриясына да батыл араласып, табыстарын еселеп отыр. Міне, бізге де осы бағытта жұмыс жүргізу керек. Кішкентай бүлдіршіндеріміз Машаны құшақтап, аюды аялап жүргеннен гөрі, өзіміздің төл кейіпкерлерімізді жанына серік етсе қандай жақсы.

Түймегүл ИБАШЕВА, «Заң газеті»

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – ортақ міндет

Қоғамның дамуы мен мемлекеттің тұрақтылығы ең алдымен заңның үстемдігіне,...

Тау кластері: Алматының жаңа туристік бренді

Алматы – табиғаты мен заманауи қалалық инфрақұрылымы үйлескен бірегей...

Объемы услуг почтовой и курьерской деятельности выросли на 1,1%

За январь-август 2026 года в Казахстане объем оказанных услуг...

ӘРПК-нің ерекшеліктері

Қазіргі таңда мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынаста заңдылық пен...

Almaty Superski: Алматыдағы тау туризмін дамытудың жаңа кезеңі

Алматының таулы аймақтары туризмді дамытудың стратегиялық бағыттарының бірі ретінде...